ЖЫРЫМЕН ЖҮРЕКТЕРДЕ ҚАЛҒАН МҰҚАҒАЛИ

0
39

Қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының бірі – Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясы – халқымыздың жүрегінен орын алған асыл қазына. Мұқағали жырларынан туған жерге, халыққа, өмірге деген сүйіспеншілік пен адалдық аңқып тұрады. Ол өзінің қысқа ғана ғұмырында қазақ әдебиетіне өшпес із қалдырып, ақындықтың асқақ үлгісін көрсетіп кетті.

Мұқағали Мақатаев Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күніне қатысты екі түрлі дерек бар. Ресми құжаттарда оның туған күні 1931 жылдың 9 ақпаны деп көрсетілген. Ақынның анасы Нағиман апа Мұқағалидың дүниеге келген уақыты басқа екенін айтқан: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз күннен кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».
Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар бұл туралы: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен», – дейді.
Осылайша, Мұқағалидың туған күні туралы екі түрлі пікір қалыптасқанымен, ресми түрде 9 ақпан оның туған күні ретінде аталып өтіледі. Бірақ қай күні дүниеге келсе де, бастысы – Мұқағали қазақ әдебиетінің рухани әлемінде өз орны бар ұлы ақын болып қалды. Оның өміршең жырлары халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек. Ақынның балалық шағы ел басына күн туған қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы әр отбасыға ауыр тиді. Мұқағали да бала кезінен тағдырдың қатал сынын көріп, ерте есейді. Бірақ соған қарамастан, өмірге деген құштарлығын, ақындық рухын жоғалтпады. Оның шығармалары да сол өмірдің шынайы бейнесін көрсете отырып, оқырман жүрегіне жол тартты.
Мұқағалидың шығармашылығы халқымыздың рухани өмірімен тығыз байланысты. Оның поэзиясы – қазақтың жаны, ұлттық болмысы. Ақын жырларында адамгершілік, махаббат, ата-анаға деген құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік айрықша көрініс табады. Әсіресе, туған жер туралы өлеңдері әр қазақтың жүрегіне жылы тиеді.


«Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң:
Анау жерде — құрбылармен алысқам,
Анау жерде — құрбы жанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.»
Бұл жолдар ақынның туған жеріне деген шексіз махаббатын айқын көрсетеді. Ол туған жерін қасиетті мекен санап, оның әр тасын, әр жусаны мен самал желін жырына қосқан. Мұқағали Мақатаевтың шығармалары тек бір дәуірмен шектелмейді, олар уақыт өткен сайын құндылығын арттыра түсуде. Ақынның поэзиясы – халықтың мұңы мен қуанышын, арманын, үмітін бейнелейтін шынайы айна. Ол махаббат, өмір, өлім, ана, бала, туған жер, табиғат секілді тақырыптарды қозғай отырып, оқырманның жүрегінен орын ала білді. Мұқағалидың ең танымал шығармаларының бірі – «Фариза, Фаризажан». Ақынның Фаризаға деген құрметі мен ағалық ізгі тілегі осы жырда көрініс тапқан. Өлең жолдары еркін, екпінді, әрі шынайы:
«Фариза!
Фаризажан, Фариза-қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден біріміз арылармыз.
Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.»
Бұл тек Фаризаға ғана емес, жалпы қазақ әйеліне арналған жыр. Мұқағалидың әйелдерге деген құрметі оның поэзиясында жиі көрініс табады. Сонымен қатар, «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін», «Үш бақытым», «Өмір-өзен», «Есіңе мені алғайсың», «Сарыжайлау», «Жапырақ жүрек жас қайың», «Күрсінбеші», «Сағыныш» сынды өлеңдері қазақ поэзиясының алтын қорына енген шығармалар. Бұл өлеңдерде ақын өмірге деген құштарлық пен махаббатты, сағыныш пен мұңды, қуаныш пен өкінішті шебер суреттейді.
Мұқағали Мақатаевтың туған күні – қазақ поэзиясы үшін ерекше күн. Осыған орай Алакөл ауданы Үшарал қаласының «Ілияс Жансүгіров» атындағы мектебінде ақынға арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Бұл кешке мектеп оқушылары, мұғалімдер және ата-аналар қатысып, ақынның шығармашылығына деген құрметтерін білдірді. Іс-шара бірнеше бөлімнен тұрды. Шараның басында мектеп директоры Эльмира Кабдолдаева сөз сөйлеп, Мұқағали Мақатаевтың қазақ әдебиетіндегі орны мен оның мәңгілік мұрасының маңыздылығын атап өтті. Ол ақынның шығармалары ұрпаққа рухани азық болып қала беретінін айтып, оқушыларды Мұқағали жырларын терең түсініп, оны дәріптеуге шақырды. Кештің алғашқы бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасалды. Ақынның әдебиетке қосқан үлесі туралы айтылып, оның ең танымал өлеңдері оқылды. «Өлеңдер сайысы» өтті. Әр сыныптың оқушылары Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқып, өзара сайысқа түсті. Кеш барысында ерекше әсерлі, шынайы оқылған өлеңдер көрерменнің жүрегіне жетті. Ақын жырларын жан-тәнімен сезініп, тебірене оқыған оқушыларға арнайы марапаттар табысталды. Әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен өнерге деген ықыласын көрсеткен Сая Кеңес, Анель Тоқтамыс, Бексұлтан Сабыржан, Айзере Серикова өздерінің шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, «Әндер шеруі» ұйымдастырылып, ақынның өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. «Сарыжайлау», «Күрсінбеші», «Жапырақ жүрек жас қайың» сынды танымал әндерді оқушылар орындап, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.


Бұдан бөлек, ақынға арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Мұқағали Мақатаевтың кітаптары, суреттері, өлеңдерінен үзінділер, ақынға арналған оқушылардың шығармашылық жұмыстары қойылды. Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған викторина өткізілді. Оқушылар ақынның өмірі мен өлеңдері туралы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.
Іс-шара барысында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Жанар Рысбекова, Арайлым Берікболқызы сөз сөйлеп, ақынның қазақ поэзиясындағы орны, оның шығармаларының тәрбиелік мәні туралы баяндады. Олар ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, Мұқағалидың жырлары тек сұлулықты суреттеу емес, өмірдің мәнін, адам жанының тереңдігін ашатын құндылық екенін атап өтті. Сонымен қатар, оқушылар ақынға арнаған шығармашылық жұмыстарын таныстырды. Бірі Мұқағалиға арнап өз өлеңін оқыса, енді бірі ақын жырларынан алған әсерімен бөлісті. Шара соңында мектеп басшылығы белсенділік танытқан оқушыларға алғыс айтып, арнайы марапаттар табыстады. Іс-шара қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, Мұқағали поэзиясының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай әдеби кеш арқылы біз Мұқағали мұрасын ұлықтап, өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз. Ақын өлеңдерін оқып түсіну – өзімізді тану, өмірді тану.
Мұқағали Мақатаев – қазақ әдебиетінің ең жарық жұлдыздарының бірі. Оның өлеңдері халықтың жүрегінде мәңгілік сақталады. Ақын жырлары арқылы біз өмірдің мәнін, табиғаттың сұлулығын, туған жердің қадірін түсінеміз. Оның әрбір өлеңі бізге рухани азық береді, болашақ ұрпаққа тәлім болады.
Сондықтан біз оның шығармаларын оқып, оны келер ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Ақынның әрбір өлеңі – жүректен шыққан сыр, өмірдің шыңдығы, адам жанының терең иірімдері. Оның жырлары уақыт өткен сайын құндылығын жоғалтпай, жаңа буын оқырманның рухани азығына айналып келеді. Мұқағали мұрасы – мәңгілік, оның жырлары әр қазақтың жүрегінде жаңғыра бермек!
Автордан: Қазақ әдебиеті – өткеннің ғана емес, бүгінгі күннің де айнасы. Алайда, қазіргі мектеп оқулықтарында Мұқағали Мақатаев, Сәкен Иманасов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Шаханов сынды ақындардың шығармалары аз қамтылғаны ойландырады? Бұл қаламгерлердің өлеңдері бүгінгі оқушылардың жан дүниесіне жақын, ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін туындылар. Олай болса, неге олардың еңбектері мектеп бағдарламасында кеңірек берілмейді?

Назерке НАБИКЕНОВА
Үшарал қаласы
Алакөл ауданы


ПІКІР ЖАЗУ