ӘНМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

0
39

Ән – жүректің үні, өмірдің айнасы. Ал сол өнерге бар жан-тәнімен беріліп, қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосқан жандардың бірі – Дина Нұрғалиқызы. 85 жасқа келсе де, әлі күнге дейін әуелете ән шырқап, тыңдарманын тамсандырудан жалықпаған ардақты ана, аяулы әже, үні құлаққа жағымды  әнші. Өмірдің сан сынағынан сүрінбей өткен қайсар жанның тағдыры, өнерге деген сүйіспеншілігі – жастарға  үлгі. Жетісулықтарға ол кісіні таныстырудың қажеті шамалы. Өйткені ол -танымал тұлға.

Дина апаймен ол кісінің 85 жасына арналған концертіне барып танысқан болатынмын. Содан концерт аяқталған соң сұхбат беруін өтінген едім, сұрақтарым да дайын еді. Дина апай уақытының тығыз болуына байланысты кездесетін күнімізді белгілеп, біз екінші рет кездескенімізде әңгімеміз ресмиліктен гөрі өмір көрген жанның сенім білдірген адамына айтатын әңгіме-сыр сияқты арамызда әдемі әңгіме болды.
Өмір сынағынан өткен адамның тағдыры мен үшін ерекше көрінді. Маған ұнағаны Дина апайдың мінезіндегі өжеттілігі мен батылдығы. Оның әр сөзінен байқалатын өзіне деген сенімділігі жылтыр сөздермен емес, нақты сөздермен жеткізіліп жатады. Кейбіреу өмір сүре жүріп, өмірден алған сабағы мінезді қатайтатын сәттер болады. Бірақ байқағаным, Дина апайдың батылдығы туа біткен ерекшелік сияқты. Тіпті кейбір ер адамға берілмейтін өжеттік бар ол кісінің бойында. Мүмкін содан болар, Дина апай Басқару академиясын бітірмесе де, өмір жолында біраз мәдени мекемелерін басқарып, еңбегі еленді. Өмір тәжірибесі мол, мәдениеті жоғары басшы ретінде жүрген жерінде сыйлы бола білді.
Көксу ауданы, Еңбекші ауылында 1940 жылы 19 ақпанда дүниеге келген Дина Нұрғалиқызы бала күнінен әнге жақын өсті. Ән айтуды ерекше жақсы көргені сонша, үлкендер «Дина, ән айт!» десе, орнынан атып тұрып, әртіс секілді сахнаға шыққандай, бар ынтасымен ән шырқауға кірісетін. Ол кісі қазақтың дәстүрлі әндерін жанымен сүйіп, атақты әншілер Рахия Койшыбаева, Тұрсынхан Әбрахманова сынды өнерпаздардың орындауындағы «Жалғыз арша», «Гауһартас», «Сырымбет» секілді халық әндерін бала кезінен бері үзбей айтып келеді.
Дина Нұрғалиқызының табиғатынан қоңыр дауысы болғандықтан, ер адамдардың репертуарындағы әндерді орындауға бейімі ерекше еді. Радиодан тыңдаған әндерді бірден жадына тоқып, келесі күні еш қиындықсыз айтып жүретін. Осы талантын шыңдай келе, ол 1956 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы вокал-хор студиясына оқуға түседі. Аталған студияға бес жүзден аса талапкер қатысып, олардың арасынан Дина Нұрғалиқызы ерекше көзге түседі. Бұл студияның негізін қалаушы – Қазақстанның халық артисі Қанабек Байсейітов еді.
Бала күнінен ән әлеміне ғашық болған Дина Нұрғалиқызы үшін өнер жолында жүріп, өз орнын табу аса қиынға соққан жоқ. Оның ерекше дауысы мен әнге деген шынайы сүйіспеншілігі өнер әлеміндегі жарқын жетістіктерге жетеледі. Уақыт өте келе ол тек әнші ғана емес, басшы бола білді. Жетісу өңірінің құрметті азаматына айналды.
Әйел бақыты жар бола білу, перзент сүйіп ана бола алу, алақанына немересін салатын аяулы әже бола білу десек, осы бақыттың бәрі Дина апайға берілген Жаратушының сыйы болды.

Балалық шақтың
таусылмайтын естеліктері…

Балалық шақ – адам өміріндегі ешқашан ұмытылмайтын, жүректің түкпірінде мәңгі сақталатын ең тәтті естеліктер уақыты болса керек. Дина Нұрғалиқызы да сол бір алаңсыз, уайымсыз сәттерін сағынышпен еске алады.
– «Біз бала күнімізде ойыншық дегенді білмейтінбіз. Бірақ соған қарамастан, өзімізге қызықты дүниені тауып алатын едік. Есіктің алдындағы топырақты уыстап, шұңқыр қазып, өзімізше үй салатынбыз. Сиырдың қысқа жүнін жинап, оны тасқа орап, ұзақ уқаласақ, домалақтанып, нағыз доп секілді болатын. Сол «доппен» Қашпа доп ойнаған шақтарымыз қандай қызық еді! Бірақ сол добымыз денеңе тигенде, өкпенің түбіне дейін өтіп кететіндей қатты тиетін», — деп бастады әңгімесін.
Балалық шақтың бейқам күндерінде ойнап жүріп, кейде күтпеген оқиғаларға да тап болып жатамыз. Бірде Дина Нұрғалиқызы үйге жүгіріп кіріп, шөлін басу үшін пештің үстінде тұрған кастрөлдегі сұйықтықты сіміріп алады. Бірақ оның шай емес, керосин екенін бірден білмейді. Сол-ақ екен, лақылдап құсты. Әкесі дереу ауруханаға апарып, марганцовкамен ішін тазалаған. Содан кейін үш ай бойы тамақ іше алмай, ойнай алмай қалды. Алайда сол оқиғадан кейін иіс сезу қабілеті жойылған екен. «Мен үшін бұл таңғажайып құбылыс болды. Гүлдің, әтірдің иісін жақсы көремін, бірақ олардың хош иісін сезбеймін», — дейді Дина Нұрғалиқызы. «Қыздар «ана үйде шемішке қуырып жатыр», «мына үйде нан пісіп жатыр» дегенде, қайран қалатынмын. Олардың иісті алыстан сезетінін түсіне алмай, таңғалып сұрайтынмын».

Балалық шақтың тәттісі

Сіңлісін ерекше жақсы көрген Дина бір күні әкесімен бірге ауылдың қоймасына барады. Әкесі оларды сынамақ болып, «осы екі қызды қоймаңа жібер, қанша қант жер екен көрейін», — дейді қойма меңгерушісіне. Осылайша, екеуі үлкен дорбалардың арасынан бір қап қант тауып алады. Әуелі қолмен жеп көріп, артынша шегені тауып, қаптың аузын тесіп, астына жатып қантты тесіктен ағызып жейді. Бірақ қомағайлықтың соңы жақсылыққа апармады. Далаға шыққан соң, екеуі іштерін ұстап, құлап түседі. Әкесі абдырап, бірден ауруханаға жеткізеді. «Сол оқиғадан кейін қантқа қарай алмаймын. Шайды қантсыз ішемін, тәттіге мүлде зауқым жоқ. Ет жегенім артық», — дейді Дина Нұрғалиқызы. Бұл естеліктер — оның балалық шағының бір бөлшегі ғана. Сол бір алаңсыз, бақытты күндерді еске алып отыру әрдайым жүрекке жылулық сыйлайды. Дина Нұрғалиқызының балалық шағы қиын сәттерге толы болса да Дина үшін балалық шақ – ең қымбат, ең тәтті кезең болып қала бермек.
«Бақыттымын,
бірақ жүрегім жаралы…»

Өнер жолында биік белестерді бағындырғанымен, Дина Нұрғалиқызының тағдыры оңай болған жоқ. Ол ерте жастан ата-анасынан айырылып, өмірдің ащы-тұщысын кішкентайынан татып өсті. Алайда қайсар мінезі мен табандылығының арқасында қиындықтарға мойымай, халыққа танымал өнер иесі атанды. Бүгінде 85 жасқа келсе де, Дина апаның дауысы сол баяғыдай күмбірлеп, тыңдаушысын тәнті етуде.
Ол кісіге «Өзіңізді бақытты сезінесіз бе?» деген сұрақ қойған едім.
— «Таңертең, аман-есен оянудың өзі – бақыт. Балаларыңның амандығын көру – бақыт. Жетістікке жету, өсу және біреуден жылы сөз есту де – бақыт. Бірақ менің жүрегім жартылай жаралы. Себебі жақындарымнан айырылдым. Бұрын сыныптастарыммен жиналғанда «Менің анам келіп, қасымда бір ай жатып кетті» дегенде, жүрегімді бір нәрсе тырнағандай болатын. Өзімді шын бақытты сезінер едім, егер балаларымның саны түгел болса, жолдасым қасымда болса. Бірақ олар өмірден өткен соң, мен жарты жүрек болып қалдым. Бұл менімен бірге кететін қайғы…», — деді… де әңгімесін жалғастырды.
– «Армансыз адам болмайды. Менің ұлым болды, біз өте жақын едік. Қыз бала сияқты түнге дейін сырласатынбыз. Ана баласына әрдайым жақын ғой. Ана – бала үшін сырлас, дос, қамқоршы. Мен де балаларымды өсіріп, жеткізу үшін жолдасым екеуміз барымызды салдық. Бірақ бір ұлымнан айырылып қалдым…» – дейді Дина Нұрғалиқызы көңілі толқып.
Өмірдің талай сынағынан өткен Дина Нұрғалиқызы үшін адам бойындағы ең асыл қасиет – жомарттық. Ол әр адамның мұқтаж жандарға қол ұшын созып, мүмкіндігінше көмектескенді жөн санайды. «Қайғыны бөліссең – азаяды, қуанышты бөліссең – көбейеді» демекші, өмірде қиындыққа тап болған жандарға демеу болу керек деп есептейді.
Бірде ол ауылдағы көршісінің бірінің жағдайын көріп, көмектесуді жөн санайды. «Олар сиыр ұстайтын. Әйелінің сүт тартатын сепараторы болмады. Ол сепараторды қатты алғысы келіп армандайтын. Бір күні мен оған 50 мың теңге беріп, алып ал дедім. Ол қуанғаны сонша, мен оған машина мінгізгендей ризашылықпен алғысын айтты. Балалары да күні бүгінге дейін «қиын кезде көмектескен жан» деп ризашылықтарын білдіріп жүреді…» Осы оқиғаны еске ала отырып, әнші жомарттықтың мәңгі есте қалатынын айтады.
-Қазіргі журналистерге қандай баға берер едіңіз?- дедім мен сөз соңында.
-Мынауың жақсы сұрақ екен. Ашығын айтар болсам, бұрынғы журналистер, яғни, аға ұрпақ журналистер деуге болады,олар сендерге қарағанда жуастау болатын. Қазіргі журналистерде батылдық па жұлқарлық па сондай қасиет бар. Заманға қарай ол дұрыс та шығар – деп қысқа қайырды.
Өнер иесі, халықтың жүрегіндегі әнші Дина Нұрғалиқызының өмір жолы – талайларға үлгі. Балалық шағында ауыр сынақтардан өтсе де, ес біліп, есейген, қабырғасы қатайған шағында жақын жандарынан, өмір заңы ғой, айырылып жатса да, мойымай, алға ұмтылған қайсар ана, аяулы әже. Өмірге құштарлығы, айналасына деген жанашырлығы, әнге деген шексіз махаббаты – оның болмысын аша түсетін басты қасиеттері. Дина Нұрғалиқызының өмірі – қайсарлық пен табандылықтың, өнерге деген, өмірге деген шынайы махаббаттың айқын көрінісі.

Осы орайда, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен ардақты әншіні шын жүректен құттықтаймыз! Өнеріңіз өзіңізбен бірге жүрсін, жүрегіңіздің қуаты таусылмасын!

Әңгімелескен:
Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ