МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҰСЫНЫС АЙТТЫ

0
41

Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев қаржылық қиындыққа тап болған зейнеткерлердің берешегін есептен шығару және оларды қолдау үшін заңнамалық шараларды қайта қарауды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесуге бағытталған заңнамалық механизмдер, соның ішінде банктер алдындағы берешекті кешіру, соттан тыс немесе сот арқылы «банкрот» деп тану және төлем қабілетін арттыру шаралары тиімді жұмыс істемей отыр.
Бұл жүйе борышкерлерге сырттан көмекке жүгінбей-ақ, өтініш беру мүмкіндігін қарастыруы керек еді. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, 6 млн 291 мың теңгеден аспайтын қарызы бар азаматтар банкроттыққа өтініш бере алады. Алайда жолданған өтініштер қабылданбаған.
Салдарынан өмір бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан азаматтар өз зейнетақысынан айырылуда. Олардың көпшілігі банктерге берешек, ал сот орындаушылары есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қойған.
Қайрат Балабиев Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды; Республикалық деректер базасы арқылы банктерге қарызы бар зейнеткерлерді анықтауды; Құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс немесе сот арқылы «банкрот» деп тану процесін жеңілдетуді; Зейнеткерлердің қарызын кешіруді; Барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесінде зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттар ашу сияқты шараларды жүзеге асыруды ұсынды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ