ҚАЗАҚТЫ ҚЫРҒАН ЗҰЛЫМ САЯСАТ

0
53

Зерттеушілер мен тарихшылардың деректері бойынша қазақты ашаршылық үш рет қырғынға ұшыратқан. Алғашқысы 1917-1919 жылдардың аралығында болды. Кеңес Одағы құрылуының алды-артындағы соғыс пен малының талан-таражға түсуі – көшпелі халықтың аштыққа ұшырауына себеп болған. Екіншісі – 1921-1922 жылдары, Кеңес Одағында болған құрғақшылықтан мал қырылып, қазақтар жиі қоныстанған облыстар тағы ашаршылыққа ұрынады. 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде өлгендердің саны 1 млн 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша). Үшіншісі – 1932-1933 жылдардағы Кеңес Үкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберу мақсатында ұйымдастырған ашаршылығы. Одақ басшысы Сталин бастаған орталық билік Голощёкинді Қазақстанға басшылыққа жіберіп «кіші Қазан» төңкерісін ұйымдастырды. Салықшылар халықтың қолындағы бар мал мен астықты тартып алды. 1929 жаздағы санақта тіркелген 40 млн-нан астам малдан 1933 жылы жазда 4 млн. бас қалған. Жеуге тамақ қалмай, ауыр апатқа ұшырап, миллиондаған адам өлді және босып кетті. Үкімет босқан халыққа көмек берудің орнына қырылуына жол берді, тіпті емдеуге тиым салды. Қазақ халқының 60-80 пайызы жойылып кетті.

 1897 жылы болған бүкілресейлік халық санағының мәліметі қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80%-ын қазақтар, 12%-ын славян тектес халықтар құрағанын көрсеткен. 1897-1913 жылдар аралығында мұндағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, беларусь, татар, ұйғыр, дүнген, т.б. шет жұрттықтар есебінен 1,264 млн адамға көбейген. Қазақстан аумағындағы халық санының өсу көрсеткіші мынадай: 1897 ж. — 4 333 000 адам, 1913 ж. – 5 597 000 (Уикипедия ашық энциклопедиясынан).

1924 жылы сол кездегі Қазақ КССР-і басшылығының органы «Еңбекші қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан былай деген: «1914 жылы Ресей халқының жалпы саны 161 миллион 700 мың еді. Осы кезде қазақтар қанша еді? Көкшетау уезінің халқына 1896 жылдан кейін 1907 жылы және одан он жыл өткен соң 2 рет санақ жүргізілді. Егер осы көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, қазақтардың өсу қарқыны әлемдік деңгейден жоғары. Егер әрбір 200 қазаққа орта есеппен 3 адам қосылып тұрады десек, онда 1914 жылы қазақтардың саны 6 миллион (!) 470 мыңға жеткен». 1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәліметтер бар.

КСРО мемлекеттік мұрағатында мынадай құпия дерек бар: «Из всех тюркских или турецких народов России… самым многочисленным являются казахи.. На территории в два миллиона триста тысяч кв. верст живет без малого 10 миллионов казахов». (Архив Октябрьской революции, фонд № 1318, опись № 1, Ед. Хр. № 56).

Мәскеулік тарихшы В. Кушкин өзінің «Советизация казахского аула» деген монографиясында бұл жылдары Қазақстанның тек қана солтүстік облыстарының өзінде (халқы тығыз орналасқан оңтүстігін есептемегенде) қазақтардың саны 9 миллионнан асады деп жазған.
«Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность советского союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 млн-нан астам қазақтан 2 млн адам ғана қалған. Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік!? – депті жазушы Олжас Сүлейменов 2016 жылы 27 мамырда Баянауыл аудандық «Баянтау» газетіне берген сұхбатында (№22 (10725)).

Ал 1932-1933 жылдары қазақтың санында қандай өзгеріс болды

 

Қазақ АССР халық шаруашылығы есептеу басқармасының әр түрлі жанама есеп-статистикалық құжаттарға (салық есебі, мал есебі және т.б.), сондай-ақ 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мәліметтеріне сүйенген ресми дерегі бар. Осы деректер бойынша Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміп кеткен.
1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында былай деп жазды: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамнан, яғни барлық халқының 48 процентінен айрылды». Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Қазақтардың сан жағынан өсуін қатты тежеді. Кейіннен асыра сілтеушіліктің шын мәні саяси бүркемеленгенімен бұл Ашаршылық – «қызыл қырғын», «голощёкиндік геноцид» деген тарихи атқа ие болды (Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды).
Ия, қазақты қырған зұлым саясаттың деректері осындай. Қазақтың санғасырлық тарихының осы бір нәубетіне, яғни ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш орнату жер-жерлерде жүзеге асып, тұрғындар сонда барып құрбандардың аруағына құран бағыштап жатады. (Бұл деректер Informburo.kz сайтының 2018 жылы жариялаған деректерінен алынды.) https://informburo.kz/kaz/aytu-da-estu-de-iyn-zlmat-statistikasy-men-derekter-asharshyly-nubetnen-aman-alandardy-estelkter-.html
Жетісудың қазақтары да сол нәубет жылдары аз қырылған жоқ.Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, нақты айтсақ, 1993 жылы қала басшылары Талдықорған қаласының Ленин атындағы мектептің жанынан алаңқай ашып, сол жерге ашаршылық құрбандарына арнаған ескерткіш емес, алдағы тұрғызылар ескерткіштің тасын белгі етіп сол жылдарғы қала басшылары барып, салтанатпен 31 мамырда ашылғаны есімде. Тастағы мрамор тақтада қойылған жылы мен айы, қуғын-сүргін мен 1931-33 жылдағы ашаршылық құрбандарына деп жазылған еді. Содан бері 32 жыл өтіпті. Қазіргі тақтада қойылған дата жоқ. Басқа мрамор тақта, қойылған мерзімі жазылмаған. Қара тас сол қалпында тұр. Қойылған жылдары қара тас биіктеу көрінуші еді, енді шөгіп бара жатқандай ма? Осы туралы жыл аралап болса да журналистер қауымы айтып та, жазып та көрді. Бірақ бәрі қара тас сияқты үндемеді… Төңірегіне шырша отырғызылып, кісі демалатын орындықтар қойылғанмен, кісі отыратын жер емес, шашылып жатады. Бұл бір аяқталмай қалған іс сияқты болып тұр. Ертең ескерткіштің орнында 32 жыл тұрған қара тасқа барып гүл қоямыз ба?…

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ