ҮЙДЕГІ КӨҢІЛДІ — БАЗАРДАҒЫ БАҒА БҰЗАДЫ….

0
115

Қымбатшылық келгелі жасыратыны жоқ, үлкендерде көңіл-күй төмен. «Бұрын 5 мың теңгеге талай тамақ келуші еді, енді жеткізе алмай әлекпін» — деп сыбырлап жүрген апалардың әңгімесінен кейін «базардағы бағаны байқайықшы» — деген оймен базарды армансыз аралап қайттық. Байқағанымыз – базарымыз бай екен. Ассортимент — әралуан. Тауардың да түрі бар, бағаның да түрлісі бар.

Баға демекші, оның әр алуан екендігін басқасын айтпағанда, кепкен жемістерден бірден байқадық. Өзағаңдар бағаны сұранысқа сай емес, өздерінің ойына келген бағаға сатып мәз болып тұр. Бізді кешке дейін кепкен жеміс жей береді деп ойлай ма екен? Өрік-мейізі мен жаңғақтарының бағасы әр түрлі болса да қымбат. Ал алма бағасы да өзгермей тұр – алма қаңтарда да 500-800 теңгеден, мамырда да сол баға. Оған қарағанда өзіміздің Текелі мен Қарабұлақтың алмасы арзан.

Көкөніс- маңызды азық

Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары шарықтап барады. Қазіргі таңда Талдықорған қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің, атап айтқанда картоп, сәбіз, пияз, қызанақ және қияр бағалары күрт өсіп отыр. Халық күнделікті тұтынатын бұл өнімдердің қымбаттауы тұрғындардың қалтасына едәуір салмақ түсіріп отыр.
«Кешкі тамаққа не істеймін?» деп базарға шыққан кез келген ана бірінші картоп пен сәбізге қарайды. Бірақ қазір сол қарапайым көкөністердің өзі бұрынғыдай арзан емес.
Қазіргі таңда қалалық базарлар мен дүкендерде:
• Картоп бағасы 1 келі үшін 380-500 теңге аралығында;
• Сәбіз – 350 теңге, ал жуылған күйінде ұсынылатын өнімдердің бағасы одан да жоғары;
• Пияз – шамамен 350 теңге;
• Қызанақ – отандық өнімдер 400 теңге, ал Өзбекстаннан жеткізілетін қызанақ 800 теңгеге дейін жетеді;
• Қияр – 400 теңге көлемінде сатылуда.
Бағаның мұндай өсуі маусымаралық кезеңге, жанар-жағармай мен логистика шығындарының көбеюіне, сондай-ақ нарықтағы делдалдардың әсеріне байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында ел бойынша көкөніс өнімдері орта есеппен 12-15%-ға қымбаттаған.
Сатушылар да: «Қымбаттатып жатқан біз емес. Өзіміз де жоғары бағамен алып отырмыз. Халықтың ренішін түсінеміз, бірақ қолымыздан ештеңе келмейді»,- деп шағымданады.
Ал, экономистердің айтуынша, бұл үрдіс маусымдық факторлардан бөлек, ішкі нарықтағы өнім өндірушілердің азаюымен және импортқа тәуелділіктің артуымен де байланысты. Мысалы, қызанақ пен қиярдың едәуір бөлігі шетелден, әсіресе Өзбекстан мен Қырғызстаннан тасымалданады. Ал тасымал құны мен кедендік алымдар соңғы бағаға тікелей әсер етеді.
Тұрғындар бұл жағдайға алаңдаулы. Зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар үшін базардағы бағаның өсуі айтарлықтай қиындық тудырып отыр. «Бұрын әжептеуір азық-түлікке 10 мың теңге жететін болса, қазір сол сомамен тек 1аптаға ғана жететін өнім алуға болады», – дейді қала тұрғыны Айман Қасенқызы.

Қымбат жеміс – қолжетпес дәрумен

Жеміс-жидек – адам денсаулығының қайнар көзі. Әсіресе жаз мезгілінде ағзаға қажетті дәрумендерді осы жемістерден алу өте маңызды. Өйткені жазда күн ұзарып, адам ағзасы шаршап, иммунитет әлсірей бастайды. Осындай кезде ағзаға қуат беретін – жеміс-жидек. Мысалы, лимон С дәруменіне бай, ал банан – калийдің негізгі көзі. Бұл дәрумендер иммунитетті күшейтіп, денсаулықты жақсартады.
Жаз – жеміс-жидекке ең бай уақыт. Қазақстанның түрлі өңірлерінде алма, өрік, шие, құлпынай, қарақат сияқты жемістер пісіп, базар сөрелерін толтырады. Бірақ, өкінішке қарай, өнім молайғанымен, баға арзандап жатқан жоқ. Керісінше, күннен-күнге өсіп барады. Неге өз елімізде өсірілген жемістің өзі халыққа қолжетімсіз?
Жуырда базарға барып, жеміс алғым келді. Алайда бағаларды көріп, таңғалдым. Қыс мезгілінде 1 келі алма 600 теңге болса, жазда 700-850 теңге. Апельсин – 1000-1200, өрік – 950-1500, құлпынай – 1000-1500, черешня – 2000-3000, ал алмұрт – 1500 теңге. Лимон бағасы 3800 теңгеге дейін жеткен. Киви мен банан да 900-1200 теңге аралығында.
Денсаулық сақтау мамандары жеміс-жидекті күнделікті тұтынуға кеңес береді. Бірақ қымбатшылық бұл кеңесті жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр. Жемістің түрі көп, ал тұтынушы – сол баяғы қарапайым халық. Бағаның өсуі көпшілікке ауыр тиіп жатыр. Сондықтан көптеген отбасы жемісті күнде емес, анда-санда ғана сатып алады.
Жеміс – тек дәмді тағам емес, ол – табиғи дәрумен көзі. Сондықтан оның бағасы халықтың қалтасына сай болуы керек. Денсаулық – әр адамның құқығы, ал оған жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Бағаны тұрақтандыру үшін қалаларда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізіп жатады. Бұл – сатушы үшін табыс, ал тұтынушы үшін – қолжетімді, сапалы өнім.


Сонымен бірге балабақша мен мектептерде балаларға жеміс-жидек тұрақты түрде берілуі тиіс. Себебі дұрыс тамақтану – болашақ денсаулықтың кепілі. Жеміс-жидек баланың ағзасын нығайтып, ойлау қабілетін дамытады. Егер бала күнде жеміс жесе, иммунитеті де мықты болады.
Жеміс – табиғаттың берген байлығы. Бірақ оны тек қалталы адамдар ғана тұтынса, бұл – әділетсіздік. Халыққа арналған өнім халыққа қолжетімді болуы тиіс. Жеміс-жидек – сән үшін емес, күнделікті қажеттілікке айналуы керек. Егер мемлекет халықтың денсаулығын шын ойласа, алдымен пайдалы өнімдердің бағасын қолжетімді етуі қажет.
Осы орайда естіген әңгіме есімнен кетпейді. Баласы сабақтан соң келіп анасына айтады екен : — Мама, осы менің кластасым бар ғой, папасы МАИде істейтін, соның үйіне қашан кірсем да мандарин тұрады дастархандарында.Олардың үйінде күнде туған күн мен Жаңа жыл ма сонда? Қатты қысылған мамасы не десін?- Енді сенің әкең жұмыссыз, менің табысым аз – дегеннен басқа не десін… Мамасы мандаринді дастарханға тек туған күн мен Жаңа жылда қоятын болса керек.Неге десеңіз — отбасылық бюджет мандаринді жиі алуға жетпейді…

Пайдасы мол, бағасы неге қымбат?

Қазіргі уақытта дұрыс тамақтануға бет бұрған жандардың ас мәзірінен кептірілген жемістер мен түрлі жаңғақ дәндері жиі кездеседі. Олардың қатарына құрма, өрік, мейіз, інжір, жаңғақ, жүзім т.б. айта берсек түрлі жеміс кіреді. Бұл өнімдер дәруменге бай, жеңіл тасымалданады және ұзақ уақыт сақтауға қолайлы. Дегенмен, базар мен дүкен сөрелеріндегі кептірілген жемістердің бағасы қымбат, ал олардың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Бұл неліктен? Сонымен қатар кептірілген жемістің денсаулыққа шынайы пайдасы қандай?
Базар бағасын біліп, құнын салыстырған уақытта әр сатушының кептірілген өнімдерге түрлі бағаны қоятынына көзіміз жетті. Себебі, дәрумені мол деген құрманың «королевский» түрі кей дүкен сөресінде 5500 теңге болса, басқаларында 5 мың, 4500 теңгеге сатылып тұр. Ал Ираннан әкелінетін түрі 4500 және 4 мың теңгенің аралығында сатылуда. Кептірілген өрік 3 мың, 2500 теңге, жүзімнің де құны әр дүкенде 4500, 3 мың, 2500 деп бағаланған. Тұздалған жаңғақтар 1800 бен 2 мың теңгеден екен.
Миндальдің келісі 5-6 мың, фисташка – 5800, 8800, кешью – 6 мың теңгені көрсетіп тұр. Нағыз қажетті өнім бағасы күн санап қымбаттауда. Сауда сөрелеріндегі бағаларды салыстырған уақытта, көкейде бірден сұрақ туындайды. Неге сапасы бірдей құрма немесе өріктің бағасы әртүрлі? Біреуі қолжетімді болса, енді бірі неге удай қымбат?


Көпшілік тұтынушы кептірілген жемістердің бағасына қарап, оларды тек «тәтті тіскебасар» деп қабылдауы мүмкін. Бірақ оның құнына бірнеше маңызды фактор әсер етеді. Импорттық өнімдер: Қазақстандағы кептірілген жемістердің көбі – Түркия, Иран, Өзбекстан, Қытай, тіпті Чили, Аргентинадан жеткізіледі. Валюта бағамы, тасымал шығындары, кедендік салық – бәрі бағаға қосылады. Еңбек пен технология: Кептіру процесі табиғи жолмен немесе арнайы құрғату пештерімен жүреді. Бұл – уақыт пен шығынды қажет ететін жұмыс. Таза табиғи өнім болуы: кейбір кептірілген жемістер қантсыз, консервантсыз дайындалады. Бұл өнімнің табиғи әрі пайдалы екенін көрсетсе де, бағасын көтереді. Жоғары сұраныс: денсаулыққа пайдалы өнімдерге деген қызығушылық артқан сайын, баға да өседі.
Жақсы, шетелден келетін өнім дегенімізбен, бағаны неліктен сатушылар ойынан қояды. Бірдей салық, жол, жинау, дайындаудан өткен болса да қалтасын ойлаған кәсіпкерлер бағаны аспаннан алып қоятындай. Базар аралай жүре, 2-3 тұрғыннан пікір алған болатынбыз. Олар да әр дүкен бағасының біркелкі емесіне налиды.
Мысалы, Жанар есімді қала тұрғынының айтуынша: «Осы ораза уақытында қонақ шақырып, ауызашар беру үшін дастарханға азық-түлік алған болатынмын. Кептірілген жемістерді мол қойғаным дұрыс шығар, дәрумені мол, құрмасыз ауызашар жасаған болмас дедім. Жұбайыммен базарда кездескен бірінші кептірілген жемістер сататын дүкенге кіріп, барлығын қымбат болса да алдық. Енді басқа бір дүкенге көкөніс алуға кірсек, сол өнім арзан бағада тұр екен. Түсінгенім, бірінші барлық саудагерлердің бағасын зерттеген соң ғана азық-түлікті алу керек екен», — дейді.
Сандуғаш есімді қала тұрғыны да: «Қарапайым мейіз бен өріктің өзі 3-4 мың теңге аралығында, тіпті құрманың кейбір түрлері еттің бағасынан асып кеткен. 5500-ге 1 келі құрма алғанша 2 келі ет алғаным жақсы ғой. Ал бұл жемістердің көбі шетелден келеді. Шеттен келген өнімнің қымбат болуы – түсінікті. Бірақ неге бізде өзіміз өсіретін жемістерді кең көлемде кептіріп, бағасын төмендете алмаймыз?», — деген шағымын айтты.
Расымен, кептірілген жеміс сатушыларының арасынан бір қазақты кездестіру мүмкін емес. Барлығы өзге ел азаматтары. Баға неге қымбат, түсір десең өзге елден келеді, өзіміз де қымбатқа аламыз деп саудаласпайды.
Бір өнім – бірнеше бағада. Сауда орындарындағы мұндай айырмашылық бүгінгі нарықтың шындығы. Бағаның құбылуы – тек сатушы мен сауда орнына ғана емес, тасымал, маусым, тіпті сұранысқа да байланысты екені байқалды. Бұл жағдайда тұтынушы үшін ең маңыздысы – өнімнің сапасын бағалай отырып, дұрыс таңдау жасай білу. Зерттеу барысында біз бағаның бірізді еместігін ғана емес, сонымен қатар тұтынушыға жүктелген жауапкершіліктің де артқанын байқадық.
Соңында түйген ой — бағаны өз қалауынша қоятын кәсіпкерлерге сұрау салып, тұрақты құн жүйесін реттеу үшін үкімет пен кәсіпкерлер бірлесе әрекет етсе, халық та риза болар еді. Бірақ қазіргі базардың жай-күйі – «қалта көтермейтіні» шындық екеніне көзіміз жетті. Бірақ біз нарық заманында тұрып жатқанымызды естен шығармайық. Өтсе өтсін, өтпесе шіріп кетсін – деген жекеменшік иесі бағаны ұстап отыра бермек. Шіріп кеткен өнімді қоқысқа лақтырып жатқан сатушыларға бәрібір.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ