ӨНЕР МЕН ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰШТАСТЫРҒАН ЖАН

Бояу мен қылқалам – суретшінің сөздігі. Суретші – көркем әлемнің үнсіз сөйлер шебері. Оның туындылары – қоғамның, табиғаттың және адамның ішкі болмысының көрінісі. Біз бүгін қалам мен жүрек үндестігін өнерге айналдырған суретші туралы сөз қозғамақпыз. Оның өмірі мен еңбегі – жастарға үлгі, ал шығармашылығы – ұлттың рухани байлығы.
Қастер Болат — қылқаламын серік етіп, өнердің өрісін шәкірттерімен бөлісіп жүрген жан. Ол – тек суретші ғана емес, бала жүрегіне жол таба білген білікті ұстаз. Күнделікті сабағында оқушыларға бояу мен сызықтың ғана емес, шынайылық пен сабырдың да тілін үйретіп келеді. Оның әрбір туындысында табиғатпен үндестік, әр шәкіртімен байланысында мейірім мен талап бар. Ұлттық болмысты бейнелеу арқылы жас ұрпақтың рухын оятуды мақсат еткен суретшімен өнер, еңбек және ұстаздық жайында кеңінен әңгімелестік.
Қастер 1987 жылы қыркүйек айының 13-ші жұлдызында ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиясы, Іле қазақ облысы, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Мақала кейіпкерінің айтуынша бала кезінен өнерге, соның ішінде қолына қалам алып қиялындағы бейнені салуға әуес болған көрінеді. «Сурет салуға деген қызығушылығым, қателеспесем, 6-7 жас шамасында басталды. Табиғатқа қарап отырып бейнесін қағазға түсіруге тырысатынмын. Шабытты ең алдымен айналамнан, күнделікті өмірден, табиғаттан, адамдардың эмоциясынан аламын. Кейде бір сәттік көзқарас бүкіл картинаның идеясына айналып кететін», — дейді.
Қастер бойындағы дарынды әкесінен дарыған болар дейді. Себебі, оның әкесі ән айтуға, дәстүрлі аспаптарда ойнауға, аздап болса да бейнелеу өнеріне жуық болған көрінеді. Бірақ, суретші өз сөзінде «адам бойындағы дарын 10 пайызды құраса, қалған 90 пайыз еңбектің нәтижесінде ғана келеді» дегенді айтады.
Қастер 2002-2005 жылдары Күйтін қаласында көркемөнер факультетінің сурет сыныбына қабылданып, білмегенін үйренеді. Сол арқылы өнер деген мектептің тұңғиығына терең бойлап, шебер ретінде түрлі суреттерді салуға кіріседі.
2000 жылдардан кейін шекараның арғы бетінде қалып қалған қандастарымыз біртіндеп бері оралған уақытта 2005 жылы Қастердің отбасы да атамекеніне жер аударған.
– Бастапқыда шекара бөлінген кезде бірнеше қазақ ауылдары Қытай мемлекетінің қарамағына өтіп кетті. Ол уақытта біз кішкентаймыз. Қазіргі Қарабұлақтай ауылда кілең қазақ тұрдық. Әкем сол ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болатын. Бала болсақ та әкемнің достарымен бас қосқан кездерінде әңгімелерін құлағымыз шалып қалатын. Сонда достары баламды Пекиннен, Шанхайдан, т.б. қалалардың жоғарғы оқу орындарынан оқытамын деп жарыса сөйлесетін. Сонда жалғыз әкем ғана баламды Семейден оқытамын дейтін.
Сондағы ол кісінің бұл ойы болашақта Қытайдағы қазақ балалары өз тілін ұмытып, қазақ деген түп тамырымыздан айырылып қаламыз-ау деген қорқыныштан еліне қайтуды аңсайды екен», — дейді.
Шынында әкесінің сөзін құдай құптағандай, 2005 жылы көшпен бірге келген Қастер 2006 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтына Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2010 жылы нақты білімі бар маман ретінде қолына дипломын алады. Сол кезеңде аталған отбасының туыстары Жетісу жеріне көшіп жатқандықтан, ол кісілер де Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылына көшеді. Міне сол уақыттан бері күні бүгінге дейін Жетісу облысы білім басқармасының Ескелді ауданы бойынша білім бөліміне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясында бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасауда.
– Өнер мен ұстаздық жолында 15 жылдан астам тәжірибем бар. Қазір оқушыларға көркем өнердің қыр-сырын үйретумен айналысамын. Сонымен қатар өз шығармашылығымды да тоқтатпай, көрмелерге қатысып, жаңа жобалармен жұмыс істеп жүрмін. Алдағы уақытта Суретшілер одағының қатарына кіру мақсатында шығармашылығыма басқа да туындылар қосу үшін жұмыс жасап жатырмын, — дейді Қастер Болат
Суретші-ұстаз барлық жанрда туындылар жасап, барлық жанрға бірдей қарайтынын айтты. Бірақ соның ішінде жанына жақыны портрет жанры екен. Жалпы, оның дәл бүгінге дейін салған ірілі-ұсақты туындылары жеткілікті. Дегенмен Суретшілер одағының мүшелігіне қабылдану үшін жақсы деген 30 еңбектің 20-ға жуығы жеке шығармашылығында бар дегенді айтты. Ал қазіргі сәтте балаларға білгенін үйретумен қатар, «Бәйге» атты үлкен туындысын дайындау үстінде.
Әр суретшінің кумирі бар десек, Қастер Болат қазақтың әйгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің, Қ.Телжановтың еңбектерінен, шетел суретшілерінен, өткен ғасырлардың атақты суретшілері И.Е.Репин, И.И.Шишкин, И.И.Левитанның шығармашылығын ұнататынымен бөлісті. Олардың қарапайым әрі терең мазмұнға толы шығармалары – суретші туындыларына әрдайым үлгі.
Журналист шабытты естіген, көрген оқиға төңірегінде алар болса, суретшінің қиялына қандай күш әсер етеді деген сұраққа: «Шабыт әр адамда түрлі бағытта болады. Мысалы, менің бір суретші досым шабытты түсінде көрген бейнесінен алады. Ол қиялдан туындаған пейзажды ояна салысымен қағазға түсіреді. Кейін сонымен толық аяқталған уақытқа дейін жұмыс жасайды. Ал мен үшін сурет салуда миым мен жүрегім тыныш, тамақтанып алған, ұйқым сергек кезде ғана жұмыс жасай аламын. Бірақ ұстаздықты қатар алғанда, бір картинаның өзіне шабыт болса да уақыт жетпей жатады», — деген пікірімен бөлісті.
Сурет өнері – адамның ішкі дүниесін тәрбиелейтін құрал. Ол – оймен де, сезіммен де жұмыс істейді. Қазіргі цифрлы заманда да көркем өнер өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Алайда, бейнелеу өнердің биік бөлігі саналатынын аздап ұмытқандар қатары жоқ емес. Бұл қателікті болдырмау мақсатында ұстаз бастауыш сынып оқушыларының бойындағы қабілетін оятып, сурет салудың қарапайым жұмыс еместігін түсіндіріп келеді.
– Ел іші өнер кеніші деген жақсы сөз тіркесі бар емес пе. Ұстаздық еткен жылдарымда қарамағымда болған дарынды балалар жоқ емес бар, бірақ еңбектену, іздену, талаптану жағы жетіспейді. Әр жылдар сайынғы оқушыларымның қатарында бейнелеу өнеріне жаны жақын 5-6 оқушы кездеседі. Олармен жұмыс барысында көрнекіліктер арқылы қиялын жандандырамын. Бастапқыда түрлі түсті карандаш арқылы, кейін қол үйренгенде акварель, гуашпен сурет салуды әрқайсына үйретемін. Екі түстің қосындысынан мүлдем басқа түске қол жеткізуге болатынын да көрсетіп, үйретуден жалықпаймын, — деген жұмыстарымен бөлісті.
Қастердің пайымынша, қоғамда әрқандай өнердің өзіндік қайталанбас орны болады. Оның адамзат баласына беретін рухани тәлімі мол. Тек қазіргі сәтте сіз бен бздің арамызда олардың дәріптелу жағы көңіл көншітпейді. Оның ішінде суретшілердің жұмысын, еңбегін бағалау ақсап тұр. Мысалы, балам болашақта дәрігер, ұстаз, актер болады деген сияқты сөздердің арасынан суретші боламын дегенді есту екіталай. Айтқан күннің өзінде оның болашағы жоқ. Жұмысты қалай таппақсың дегендей сөздер айтылатыны тағы бар.
Болашақта өнерге бейімі бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдау көрсету, мектептер арасында ұлттық тақырыптағы көрме ұйымдастыру да алға қойған мақсаттарының бірі екен. Көзбен көргеннен кейін айтпасқа болмайды, мектептің бір қабырғасы тарихи тұлғаларды дәріптеуге арналыпты. Ал ол қабырғада ілінген атақты тұлғалар суретінің барлығы Қастер Болаттың қылқаламынан туындаған портреттер. Тек қана ол емес, ауыл орталығындағы үйірме ішінде де кейіпкеріміздің шығармалары кірген жанға ерекше атмосфера сыйлап тұр. Талдықорғандағы көркем галереяда да оның суреттері жеткілікті екенін де бір барлап қайттық. Тек ол емес, ұстаз қолы босаған сәттерде тапсырыспен сурет те салып тұрады.
Қастер Болатттың ұстаздық жолды таңдап, тек өнерді қуалап кетпеуінің де өзіндік тарихы бар. Әке көрген оқ жонар дегендей мектепте шәкірт тәрбиелеген әкесіне бала Қастер қызығушылықпен қараса керек. Тіпті, өскенде мұғалім болсам ғой деп те армандаған көрінеді. Бала көңілмен айтылған тілек Алланың құлағына шалынып, өнермен қатар шәкірт тәрбиелеу де орындалды. Ол «мамандық таңдаудан қателеспедім, арманыма жеттім» деп қуанатынын айтып, өзінің, оқушыларының да жетістіктерімен бөлісті.
Соның ішінде, 2021 жылы Бейсен Құранбек атындағы олимпиадасының «Жетісу – менің мекенім» атты кескіндеме байқауының жеңімпазы, сол жылы өткен облыстық «Анамның бейнесі» атты көрме-байқауда 3 орын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Сурет әлеміндегі Абай бейнесі» атты облыстық байқауда бас жүлде, 2023 жылы «Талдықорған – сүйікті қалам» тақырыбында өткен кәсіпқой суретшілердің қалалық плэнерінде т.б. байқауларда жүлделі орындар мен 150 мың, 120 мың, 30 мың қаржылай сыйлықтарға ие болған.
– Бірнеше облыстық және республикалық көрмелерге қатысып, марапаттарға ие болдым. Шәкірттерім де түрлі байқауларда жүлделі орындар алып жүр. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш. Бірақ ең үлкен жетістігім – шәкірттерімнің өнерге деген махаббаты мен сенімі, — деп мақтанышпен айтты ол.
Өнер мен ұстаздық — бір-бірінен алшақ емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын ұғым. Еңбектеніп, ізденуден жалықпаған адам ғана биікке жетеді. Бұл сөздің растығына кейіпкеріміз Қастер Болат та толықтай келіседі.
Облыс төңірегінде осындай жетістіктері мен талабы жоғары еңбек адамдары жеткілікті. Алдағы күндері олар жайлы да қалам тербеп, оқырманға өмірін еңбекке арнаған азаматтар жайлы сыр шертеміз.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ