АБАЙ ӘЛЕМІ

0
173

Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында қазақ руханияты үшін маңызды әрі мазмұнды іс-шараның куәсі болдық. Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының және Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиын ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.

Семинар жұмысына елімізге танымал абайтанушы ғалымдар, Жетісу өңірінің зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары қатысты. Жиынға жиналған қауым – Абай мұрасын құр сөз жүзінде емес, шын ниетпен, терең құрметпен зерделеуге келген ұлт жанашырлары еді. Бұл олардың баяндамаларынан, көзқарастарынан, рухани толғаныстарынан анық аңғарылды.
Семинар барысында көтерілген маңызды ғылыми тұжырымдардың бірі – Абайдың рухани-материалдық мәдениетке қатысты тілдік бірліктерді қолдану ерекшелігі болды. Бұл туралы тереңірек білу мақсатында біз осы тақырып төңірегінде ой бөліскен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Сайлау Қажыбекұлымен сұхбаттастық.
– Сіз үшін «Абай әлемі» деген ұғым нені білдіреді?
«Абай әлемі» — ақынның бүкіл шығармашылық мұрасы, поэзиясының тақырыптық ауқымы, көркемдік тынысы, поэтикалық құнары. Кешегі, бүгінгі, өзіне дейінгі, кейінгі әдебиеттің алтын көпірі болған қуаты, қарасөздеріндегі ғибратты ойлары, өсиеті, «толық адам» тұжырымының адам тәрбиелеудегі маңызы, антропологиясы, пәлсапалық пайымы, ұлттық құндылығы, мәңгілік мәні.
Абай мұрасы бүгінгі жастар үшін қаншалықты өзекті деп ойлайсыз? Ғасырларға жалғасып маңызы күннен күнге артып келе жатқан ақын мұрасының жастарға берер танымдық, тәрбиелік құндылығы қай кезең жастары болсын аса өзекті рухани азық. «Бес асыл іске асық болуды, бес дұшпаннан қашық болуды» жастардың санасына жасөспірім, көкөрім шағынан құйып, «адам болам десеңіз» дейтін бағдарламалық — поэтикалық негізде тиянақтап, тұжырымдаған.
Ақын «Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақта» қайратың мен ақылыңды орынды іске жұмсап, жүректің қалауымен жүруді, білім, ғылымге ұмтылып, адал еңбек етіп, кәсіпті игеруді тағылым еткен. Нәпсінің жетегіне еріп, «бес дұшпанға» құрық беріп «пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісінен» сақтандырып, «Заман ақыр жастарының» келеңсіз кемшіліктерін сатиралық образбен бейнелеген.


Абай 40 қарасөзін: «Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар» деп, 38 қарасөзін: Ей жүрегімнің қуаты, перзентлерім»- деп бастамай ма? Сол сияқты, Абай мұрасын жастарға «Кабуснамеде» жазылғандай: Ей, перзентім, Ануширован Әділдің сөздері мен үлгі-насихаттары, міне, осылар. Бұларды оқы және ардақтай біл. Бұл сөздерден данышпандық салтанатының иісі аңқып тұр. Бұл сөз – дананың әрі патшаның сөзі. Барлық ілімді жігіттік шағында оқып білгін – дегім келеді.
Бүгінгі қоғамда Абай ойлары қалай жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз?
Алаш зиялылыры Абай мұрасының құндылығы туралы өз кезінде түгел жазды — десем артық айтқандығым емес. А.Байтұрсынұлы «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек»-деген аталы сөзді тегін айтпаған. Себебі алашты оятқан Абайдың асыл мұрасы.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Неше түрлі айла етіп.
Оянбай, қайран жұрт,
Ұялмай қал жым-жырт! – деген ақын назасы.
«Соның үшін жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі, жас әдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һәм өлген соңында мәңгі ұмытылмастай болуы – біздің бірінші ескеретін борышымыз. Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек» — деген М.Дулатұлының «Оян қазақты» жазуына тікелей әсер еткен Абай мұрасы, Абай рухы.
Сол алаш қайраткерлерінің ұлы ақынды қадір тұтып, мұрасын кейінгі ұрпаққа мирас етуінің мәні – ұлттық идеологиямыздың темірқазығы ретінде қалыптастыруға ниеттенуі ұлы мұрат еді. Біз бүгінгі күні осындай асыл мұраттың үддесінен шықпай келеміз. Абай мұрасына науқандық үгіт, насихат, пиар, шоу ретінде қарау – біздің парасаттылығымыз емес, пайымсыздығымыздың айқын көрінісі. Ақын өсиетін терең оқыту таныту тек ұстаздардың, абайтанушы ғалымдардың ғана міндеті емес.
Абайды оқу – рухани қажеттілік пе, әлде міндет пе?
Абайды оқыған сайын ақын өзі жырлағандай:
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Сондықтан, адамның жан мен тәніне ауа қандай қажет болса, рухани толысуымызға ұлылар ұлағаты сондай қажет. Хакім «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» — демей ме 19 қарасөзінде. Міндеттеу – мәжбүрлеу, ақын мұрасын әр адамның білім-білігіне, қабілет қарымына қарай шама шарқынша түсінуге талпынуы — барша қазақтың ізгі парызы. Сұлтанмахмұтша айтсақ:
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе.
Даналықты көздесең,
Жат тоқып ал көңілге.
Семинар барысында қандай жаңа ғылыми ойлар немесе пікірлер сізге ерекше әсер етті?
Бүгінгі күні әлемдік лингвистика ғылымы шығарма мәтініне, мәнмәтіндік зерттеуге ерекше ден қоюда. Абай мұрасын тілдік тұрғыдан зерттеуде отандық ғалымдар да сан алуан ізденістер мен ғылыми тұжырымдар жасауда. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынованың «Абай және Шәкәрім өлеңдеріндегі рухани, материалдық тілдік бірліктердің қолданысы: ұқсастықтар мен айырмашылықтар» тақырыбындағы баяндамасында: «Шәкәрім тілін саралау Абай, Дулат тіліндегі ауызша поэзиялық белгілерді анықтап алудан, өзге ақын-жыраулар тілімен салыстырудан басталса, Шәкәрім шығармаларының ерекшеліктерін түсіну үшін оның тілі Абай мен сол өңірден шыққан дүлдүл ақын Дулаттың тілімен ұштастырыла отырып, қатар қарастырылғаны дұрыс»-деген пікір түйіндеген. Дулат, Абай шығармаларын тілдік тұрғыдан зерттеген Қ.Жұбанов, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев тұжырымдарынан бастау алған ғалым ізденістерінің маңызын атап өткен лазым.
Жалпы, «Абай әлемі» атты облыстық семинар – ұлттық мұраны ұлықтап, жас ұрпаққа даналықтың жолын нұсқайтын тағылымы мол жиын ретінде есте қалды. Мұндай шаралар ұлы ойшылдың өсиеттері мен ұстанымдарын жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақ әдебиеті мен тіл біліміне тың серпін беріп, рухани тұтастықты нығайтуда үлкен рөл атқарады.

Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ