ҚАРА ЖОЛДЫҢ САПАСЫ ҚАШАН ЖАҚСАРМАҚ?

0
101

Көлік жүргізушілерінің жүйкесін жұқартқан жол мәселесі қашан аяқталады? Бір ғана мысал, күнделікті жұмысқа апарар Қабанбай батыр көшесін әр жазғы маусым қазу жұмысынан қара жолдың сапасы сын көтермейді. Ал Абай мен Қабанбай қиылысындағы жолдың бір бөлігі жыл сайын жөнделіп, шұрық-тесік болып жатады. Ал брусчатка төселген жерлері тіпті түсініксіз.

Жол – қала тұрғындарының, көлік жүргізушілерінің күретамыры дейміз. Бірақ сол өмір жолы күнде жүйкемізді жұқартып, көлігімізді қиратып, ашуымызды қоздырып жатқандай. Әсіресе Абай көшесі мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысына бір соғып өтсеңіз, мұның артық айтылмағанын түсінесіз. Әрине, брусчаткалардың төселуі уақытша жөндеудің бір түрі екені анық. Бірақ өткен жылғы жылу құбырларын ауыстыру кезінде Қабанбай батыр мен Абылай хан көшесі қиылысқан жерде үлкен шұңқыр қалып кеткен болатын. Ол жаз, күз, қыс бойы сол қалпында жөндеусіз жатқанын бәріміз көрдік. Аталған жерге күні бүгінге дейін бірнеше жеңіл көлік қатты жылдамдықпен абайсызда түсіп, дөңгелек пен амортизаторға зақым келтірді. Ыңғайсыз жол өткенде көше асфальтін қырған уақытта ғана жасалды. Соңғы бір айда редакцияға «қаладағы бұл учаскенің толық жөндеулер уақыты қашан?» дегендей біраз оқырман шағымдары келді. Аталған сұрақ бойынша төңіректегі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден шағын сауалнама алған болатынбыз. Олардың басым бөлігі жолдың сапасына көңілі толмайтынын, абайсызда апатқа түсе жаздаған оқиғаларын айтып, алаңын жеткізді.

ЖҰРТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ:
ЖӨНДЕУ БАР, НӘТИЖЕ ЖОҚ

Бауыржан, қала тұрғыны:
Жолды жылда жамайды. Көктем келсе болды – техника шығады, шұңқырлар қайта жабылады. Бірақ бір жаңбыр жауса, баяғы жартас – сол жартас. Жылтыраған судан тесікті байқамай бүгінге дейін бірнеше мәрте дөңгелектеріме зақым келді. Ал жетіп қалған уақытта байқасаң, екі жаныңда көлік болғасын, жылдам бұрып жібере алмайсың. Оның салдарынан апатқа ұшырауымыз мүмкін, – дейді.
Әлия апай, зейнеткер:
Немерем үшін қатты алаңдаймын. Бұл екі жолдың дәл жанында мектеп те, колледж да орналасқан. Жолдың сапасы да көріп тұрғаныңыздай. Онымен қоймай бағдаршамның қызыл түсін елемей жүре беретіндер де көбейіп кетті. Қала ортасында осындай жол болғаны ұят емес пе?
Айдос, жүргізуші:
Күніне 5-6 рет осы қиылыспен өтем. Дөңгелек те, амортизатор да шыдамайды. Жөндесе – дұрыстап жөндесін! Қаржы желге ұшпасын.
Бұл қиылыстан күн сайын мыңдаған көлік өтеді. Жол тек жеңіл көліктер емес, ауыр жүк машиналары мен қоғамдық транспорттар үшін де аса маңызды. Бірақ асфальт беті бір жылға да шыдамай, қайтадан қопарылып, шұңқырға айналады.
Жол сапасы неге нашар? Бір қарағанда, себеп – айқын.
– Біріншіден, жөндеуде қолданылатын материал сапасыз болуы мүмкін.
– Екіншіден, жол төсейтін компаниялар жұмысты толық әрі дұрыс орындамайды.
– Үшіншіден, асфальт астындағы жылу құбырлары мен су жүйелерінің жиі қазылуы жолға зиян келтіреді.
– Төртіншіден, мердігер компаниялар жылда бір жолды қайта-қайта жөндеп, тек бюджет қаржысын жымқыруды көздей ме деген сұрақ туындайды…
Жол сапасына кім жауапты екенін сұрасаңыз – нақты жауап алу қиын. Бірі қалалық әкімдікті көрсетеді, екіншісі – мердігер ұйымдарды, ал олар болса – «біз жобаны ғана орындадық» деп шығады. Бірақ зардапты қарапайым халық көреді.
– Бізге жауапты адамның аты-жөні емес, сапалы жол керек! – дейді такси жүргізушілері. Халықтың ашуы орынды: бір жолды жыл сайын жөндеу – ақылға сыймайтын нәрсе. Бұл қаржының желге ұшқаны ма, әлде жүйенің әлсіздігі ме?

РЕДАКЦИЯ САУАЛЫ

Талдықорған қаласы әкімдігінің назарынa!
Абай көшесі мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысы – қаланың ең маңызды жолдарының бірі. Бұл көшемен жедел жәрдем, қоғамдық көлік, мектеп автобустары, қарапайым тұрғындар күнделікті қатынайды. Соған қарамастан, жолдың сапасы жыл сайын нашарлап барады.
Осыған байланысты редакция тарапынан мынадай нақты сұрақтар қойылады:
1. Ескелді би, Қабанбай көшелері, Абай көшесімен қиылысқан аралық қандай мерзімде толық жөнделеді?
2. Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер ұйым кім? Қанша қаржы бөлінді?
3. Осы көшеге қатысты инженерлік желілер (жылу, су, кәріз) толық ауыстырылды ма? Әлде жол төселген соң қайтадан қазыла ма?
4. Жөндеу жұмыстарының сапасына кім жауапты? Тәуелсіз бақылау жүргізіле ме?
5. Қалалық әкімдік халықтың осы шағымына қандай ресми жауап береді?
Аталған сұрақтарға толық, түсінікті түрде жауап берулеріңізді сұраймыз. Төртінші билік ретінде әкімдік пен оқырман арасын байланыстырып, резонанс тудырған сұрақтың жауабын көпшілікке жеткізуді көздейміз.
Орталықтағы қара жол көзге әдемі, іске лайық болуы тиіс. Егер ол дұрыс төселіп, ұзақ уақытқа шыдаса – халық қуанады. Ал егер бір жауыннан кейін көтеріліп, қисайып жатса – салғырттық болады. Жол – жай сән емес, қоғамдық қауіпсіздік пен жайлылықтың кепілі. Оны халық үшін жасау – басты міндет.

Гүлнұр БАЙМҰХАН


ПІКІР ЖАЗУ