АБЗАЛ ШЫНАСЫЛ: КІНӘНІ КЕЛІСІММЕН МОЙНЫМА АЛДЫМ

0
119

Талдықорған қаласында қаралып жатқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот отырысында басты айыпталушы Абзал Шынасыл алғаш рет толық жауап беріп, өзін фото және видеоға түсіруге рұқсат етті. Бұған дейін бұл іс бойынша сотталушылардың барлығы көпшілікке бейнесін көрсетуден бас тартқан еді.

Сотта Абзал Шынасыл айыпты жартылай мойындайтынын мәлімдеді. Бұған дейін тергеу барысында ол «Шерзатты мен пышақтадым» деп істі өз еркімен мойнына алған болатын. Алайда бұл шешімді басқа сотталушылармен ақылдаса отырып қабылдағанын айтты.
– Талғарда тергеушілер «мұны бір адам істеді, бір адам мойнына алмаса, қиын болады» деді. Топ болып кетесіңдер деп айтты. Сонымен бізді Қонаев қаласына алып кететін болды. Көлік ішінде сөйлестік. Равиль Сакиев: «Бір адам мойындамаса, бәрімізге қиын болады», — деді. Менде пышақ болған соң іштей ойландым да, мойныма алайын дедім. Шерзатты мен мойныма аламын, бірақ Нұрқанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шешті, — деген шындығын мойындады.
Сонымен қатар, ол марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа үш рет пышақ сұққан адамның өзі екенін, ал Шерзат құлап жатқан кезде оны теуіп, соққы жасағанын айтты.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ