ӘНУАР ӘЛІМЖАНОВТЫҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Жетісу өңірінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың 95 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиет пен ғылым саласының мамандары, облыс және аудан басшылары қатысты.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған «Әлемге әйгілі Әнуар» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда қаламгердің әдеби мұрасы мен елдік жолындағы еңбегі кеңінен талқыланды. Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы құттықтау хаты оқылып, Ә.Әлімжановтың рухына тағзым ретінде бюстіне гүл шоқтары қойылды.
Арнайы жолданған Президенттің осы құттықтау хаты мен ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының құттықтауы Алакөл ауданында орналасқан Қабанбай атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды.
Іс-шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров, Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет қатысты. Конференция алдында музейлік көрме мен жазушы шығармаларынан құралған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қаламгердің өмір жолын қамтыған бейнефильм көрсетілді.
Тұлғаны ұлықтау шарасы – ұлт руханиятын дәріптеу жолындағы маңызды қадам. Әнуар Әлімжановтың өмірі мен шығармашылығы – елдік пен ерліктің, парасат пен пайымның жарқын үлгісі.
Гүлнұр БАЙМҰХАН