КҮНТІЗБЕДЕ ТАҒЫ АЛТЫ МЕРЕКЕ

0
109

Қазақстанда кәсіби мерекелер қатары артуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа бұйрық жобасына сәйкес, алты жаңа кәсіби атаулы күн күнтізбеге енгізілуі мүмкін. Құжат қазіргі уақытта «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Жоба тек жаңа мерекелермен шектелмей, бұған дейін белгіленген кейбір ресми күндерге өзгеріс енгізілуі ықтимал.

Мемлекеттік деңгейде кәсіби мерекелердің бекітілуі – бұл жай ғана бір күнді белгілеу емес. Бұл – елдегі еңбек адамының рөліне берілген нақты баға. Әсіресе, бұған дейін көлеңкеде қалып келген кейбір салалардың мамандары үшін бұл бастама әлеуметтік мәртебені арттыру мен кәсіби өзектіліктін мойындалуы.
«Әскери қызметкер ретінде қоғамдағы еңбектің барлық түріне құрметпен қараймын. Мейлі қолөнершілер, санитар немес кәсіпкер – бәрі де мемлекет үшін маңызды. Егер олардың еңбегі ресми деңгейде мойындалса, бұл елдің рухын көтеретін қадам болар еді. Жастар үшін де шабыт туады, олар тек «танымал» мамандықтарды емес, елге шын қажет мамандықтарды таңдай бастайды», – дейді офицер Жанболат Еркебұлан.
Патриотизмнің бет пердесіне айналған әскери қызметкерлер бұл бастамадан оң өзгеріс күтіп отыр. Қоғамдағы әр маманның еңбегіне тең көзқарас қалыптасуы қажет деген оймен сабақтас. Ал енді жас буынды тәрбиелеп, болашаққа бағыт беруші – қоғамның рухани көшбасшылары саналатын ұстаздар бұл туралы не дейді екен?
«Жас ұрпақ көбіне ата-анасының кәсібіне қарап бағытталады. Егер, мысалы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өз кәсіби күні болса, балалар бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін ерте түсінеді. Бұл – мамандыққа деген көзқарасты өзгерту құралы», – дейді медколледж әдіскері Аружан.

Қызметке құлшыныс
мерекеден туа ма?

Күндік құттықтау, салтанатты жиналыс немесе марапаттау рәсімі ұзақмерзімді ынта мен еңбекқорлыққа тікелей әсер етеді деу артық болар. Алайда, қоғамдық тану мен кәсіби құрметтің белгісі ретінде бұл күндердің моральдық салмағы аз емес. Кей жағдайда бір рет айтылған алғыс, көпшілік алдында мойындалу немесе кәсіби ортада атап өтілген мереке адамның өз ісіне сенімін арттырып, өзін қоғам үшін маңызды сезінуіне түрткі болады. Әсіресе, назардан тыс қалып келген салалар үшін бұл үлкен серпіліс. Санитарлық қызмет маманы, қоғамдық тамақтану саласының өкілі, кадр бөлімінің маманы – олар үшін де қоғамның «біз сені көреміз, бағалаймыз» деуі маңызды. Шабыттың бастауы – материалдық емес, құрмет пен мойындауда екенін ескерсек, кәсіби мерекелер шын мәнінде еңбекке деген көзқарасты өзгерту құралы бола алады. Кәсіби мерекелерді тек арнаулы күндер деп қарастыруға болмайды. Олар: Қоғамда еңбек адамының беделін арттырады, сол саланы ақпараттық жағынан танымал етеді және жас буынға мамандық таңдауына әсер етеді. Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әлеуметтік диалогқа жол ашады. Мысалы, қолөнершілер күні – ұмыт қалған ұлттық дәстүрлерді қайта тірілтудің, ал кадр қызметі күні – қазіргі еңбек нарығының күрделі процестерін мойындаудың бір жолы.
Жаңа кәсіби мерекелерді енгізу туралы жаңалық тараған сәттен бастап, қоғамда екіұшты пікірлер туындады. Әлеуметтік желі қолданушылары мен кейбір азаматтар тарапынан «жыл он екі ай той, жұмыс қайда қалды?» деген сауалдар жиі қозғалды.
Қазақстанда жылына 365 күннің шамамен 140-ы демалыс күндер – бұл сенбі-жексенбі, ұлттық және мемлекеттік мерекелер, ресми демалыс күндері мен еңбек демалыстарын қоса есептегендегі көрсеткіш. Алайда ұсынылып отырған алты жаңа кәсіби мереке мемлекеттік деңгейде демалыс ретінде белгіленбейді, олар тек салалық құрмет күні ретінде қарастырылады. Бұл күндерде тек сол сала мамандарына арнап іс-шаралар, марапаттар ұйымдастырылуы мүмкін. Яғни, жалпыұлттық демалыс күні болмайды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
НЕ ДЕЙДІ?

Бірқатар дамыған елдерде кәсіби мерекелер өте көп, алайда олар жұмыс күнінің қысқаруына әкелмейді. Мысалы: Германияда әр сала өз кәсіби мерекесін атап өтеді, бірақ бұл – символикалық деңгейде. Ал, Жапонияда шамамен 16 ресми мереке бар, оның ішінде кейбірі жұмыс күніне сәйкес келсе де, оларды тиімді түрде қайта бөледі (кейде «алтын апта» секілді біріккен демалыстар жасалады). Сондай-ақ АҚШ-та да салалық кәсіби күндер көп, бірақ бұл күндерде демалыс берілмейді, тек алғыс айту, құрмет білдіру мәдениеті қалыптасқан.
Яғни, шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіби мерекелерді көбейту — міндетті түрде демалыс күндерінің көбеюі емес. Бұл күндер әлеуметтік және кәсіби танудың құралы ретінде пайдаланылады.

БІЗДЕ ҚАНША
КӘСІБИ МЕРЕКЕ БАР?

Мерекелер көп, мәні аз: Биыл елімізде жалпы 14 мемлекеттік мереке күні белгіленген. Олардың ішінде ұлттық және кәсіби мерекелер де бар. Мысалы: 10 қаңтар – Ұлттық ұлан күні, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні, 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні, 23 маусым – Полиция күні, 5 қазан – Мұғалімдер күні, 15 қараша – Теңге күні, 22 желтоқсан – Энергетиктер күні және басқа да көптеген кәсіби салаға арналған даталар бар. Ал, қосылатын мерекелер мыналар:
– Қазақстан кәсіпкерлері күні. Бұл күн елдегі кәсіпкерлік қызметтің дамуына үлес қосқан азаматтарды құрметтеуге бағытталған.
– Қазақстан қолөнершілері күні. Ұлттық қолөнерді дамыту мен сақтау ісіне атсалысқан шеберлерге арналмақ.
– Табиғи монополиялар саласы қызметкерлерінің күні. Энергетика, көлік, байланыс сияқты стратегиялық салаларда еңбек ететін мамандардың еңбегін бағалау мақсатында енгізілмек.
–Санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерінің күні. Қоғамдық денсаулықты қорғауда маңызды рөл атқаратын санитарлық қызмет мамандарына арналған.
– Кадр қызметінің қызметкері күні. Адам ресурстарын басқару саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби мерекесі ретінде белгіленбек.
– Қоғамдық тамақтану саласы қызметкерінің күні. Азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамдық тамақтану сапасын қамтамасыз ететін қызметкерлерге арналмақ. Жаңа мерекелерге қатысты қоғамда қызу пікірталас жүруде. Азаматтар өз ұсыныстарын 12 маусымға дейін білдіре алады. Бұл жерде қоғамға түсіндіру жұмысы маңызды. Әрбір мерекенің форматы, мазмұны және құқықтық мәртебесі нақты белгіленуі қажет:
– Демалыс күні ме, жоқ па?
– Кәсіби марапаттар қарастырыла ма?
– Бұл күнде мемлекеттік шығын бола ма?
Осы сұрақтарға нақты жауап берілсе, қоғамдағы «мерекеге тойдық» деген секілді уәждер азая түсері анық.

Министрлік ұсынған жаңа кәсіби мерекелер – сырттай қарағанда, еңбек адамын мойындау сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл бастамалар жүйелі саясаттан гөрі кезекті науқаншылдыққа көбірек ұқсайды. Біз тағы да пішін мен рәсімге алданып отырмыз. Ал шындық мынада: еңбек адамына құр атаулы күндер емес, әділетті жалақы, нақты қолдау мен кәсіби өсу мүмкіндігі керек. Күнтізбені мерекелермен толтырып, қоғамға «еңбекті бағалап жатырмыз» деген көрініс жасау – арзан көзбояушылық. Мұндай жасанды жағымпаздықпен біз нақты еңбектің қадірін кетіріп жатырмыз. Әрбір қосылған мереке – өнімділікке соққы, ал арнаулы мадақ – құр уәде ғана. Біз той тойлайтын емес, ойлайтын, ғылым мен білімді бірінші орынға қоятын қоғам болуымыз керек. Егер реформаның аты бар да, заты болмаса – онда ол реформа емес, кезекті шоу. Бұл тәсілмен біз ешқашан дамыған елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Мерекемен емес, мазмұнмен өлшейтін уақыт келді. Еңбекке деген шынайы құрмет – жұмыс орнында әділдік орнату, еңбекақыны көтеру, мансаптық өсуді қамтамасыз ету. Ал құр қағаз жүзіндегі даталармен халықты алдау – болашаққа жасалған сатқындықпен тең.
Әр заң, әр бастама – болашақтың іргетасы. Оған немқұрайлы қарау – ұлттың болашағына бейжай қарау. Ендеше, бізге салтанатты рәсім емес, салмақты саясат қажет.

Мұрат КҮМІСБЕК


ПІКІР ЖАЗУ