БАСПАСӨЗ — ҚОҒАМНЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ

0
23

Қоғамның бет-бейнесі демекші, қазіргі оқырман өте талапшыл. Ал мемлекет басшысы да журналистер қауымына қойып отырған талаптардың бірі – халықтың үні бола білу. Өйткені елмен ең тығыз байланыста жүретін, жаңалықтың жаршысы – ол журналист. Төңіректегі төрткүл дүниеде болып жатқан оқиғаны сараптай алу, оны оқырманға шынайы жеткізе алу — ақпарАт құралдарының өкілі, яғни, журналистің міндеті.

Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр. Қасым-Жомарт Тоқаев

Қоғамда өмір сүріп жатқан азаматтар көбіне, соттан бұрын мұңын айтып журналистке барады. Одан алдымен рухани тірек іздейді. Ақыл сұрайды. Сауатты, білікті журналист болса шағыммен келген азаматтың жағдайын шынайы ақпарат берумен қатар тиісті орындардың назарын аударып көмектеседі. Ақпараттың қуатты күш екені осындайда байқалады.

Елімізде қанша БАҚ бар деген сұраққа жауап іздеп көріп едік, 2024 жылдың ақпан айында олардың заңды тіркелген саны — 5834 БАҚ екен. Оның ішінде 3991 – мерзімдік басылымдар, яғни газет-журналдар, 218-телеканалдар, 90-радио, 1239 – ақпараттық агенттіктер мен әлеуметтік басылымдар…Шетелдік басылымдар саны 296 деп көрсетілген ақпарат көздерінде.
Солардың қатарында қоғам тынысының шынайы ақпарат көзіне арналған «Алатау» газеті де бар. Газеттің тарихына көз жіберсек, оның алғашқы нөмірі 2001 жылдың 21 қыркүйегінде шығыпты. Газеттің алғашқы бас редакторы – белгілі журналист Тәкен Әліппаев ағамыз, ал құрылтайшысы — елімізге белгілі журналист, жазушы, баспагер Ырым Суанбайұлы Кененбай екен.Оқырманға сан қырлы журналистік талантымен танылған Ырым Кененбайдың өмір жолы өте қызық.
Ол «Лениншіл жас» газетінде 11 жыл бойы қызмет жасап, сол жылдары жазған әңгімелері мен «Аққулы мекен» повесі мен басқа да еңбектері шығармашылық ортада жоғары бағаланды. Бұдан өзге де тартымды шығармалары әлі күнге дейін көзқарақты оқырмандардың есінде.
«Қазақстан» баспасында аға редактор, «Мектеп» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Ана тілі» баспасы ашылғанда оның алғашкы ұйымдастырушыларының бірі (1985 – 1994) бас редактордың орынбасары, директордың бірінші орынбасары, директоры болды.
Жоғары оқу орындарында дәріс қазақ тілінде жүріп, ана тіліміздегі оқулықтарға зәрулік туғанда үкімет шешіміне сәйкес «Білім» баспасын ұйымдастырып (1994 – 1995), оған басшылық етті. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқараралық ақпарат министрлігінің 13 мамырдағы алқа шешімімен «Алатау» мемлекеттік баспа-полиграфиялық корпорациясы құрылды.
Ал, Қазақстан Республикасы үкіметінің 2000 жылғы 29 кыркүйектегі №1470 арнайы қаулысымен ол Акционерлік қоғамға айналды. Ырым Кененбай басшылық ететін бұл корпорация қазіргі кезде республикамыздағы нарықтық экономикаға нық кадам басқан табысты шығармашылық — баспагерлік кәсіпорындардың бірі.

Қаламгер құрған «Алматы — Болашақ» АҚ-ының Талдықорған филиалы бүгінгі күнде Жетісу өңіріндегі газеттерді басып шығаратын бірден-бір кәсіби деңгейдегі баспа. Ырымның өзі жоқ болса да артында өшпес ізі қалған Талдықорған Офсет баспаханасын басқарып отырған білікті маман Бақберген Түкібаевқа Ырым Кененбай көзі тірісінде сенім білдіріп, осы баспа саласын үйлестіріп ұстауды тапсырған еді. Тоқырау жылдары баспа жұмысын тоқтатпай, сеніп тапсырған жұмысты алып кету де азаматтықтың, біліктіліктің белгісі шығар. Баспа бар, газеттер басылып шығып жатыр. «Алатау» газетінің редакциясы да, баспа да қажетті заманауи техникамен қамтылған.
Баспа құрылтайшысы Ырым Кененбай (рухы шат болсын!) ашқан «Алатау» газеті де, міне, еліміздегі БАҚ-тардың бірі ретінде кешегі моно қоғамнан ашық қоғамға бет алып отыр. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге құлақ түріп, оқырмандар талабына сай өзгеруде.
Қазір қоғамымыз трансформацияланып жатқан кезде өзекті тақырыптар оқырман сұранысына ие бола бастады. Бірінші орында ұлттың тарихы мен тілі, дәстүрі, ұлттық этикасы туралы тақырыптар қойыла бастады. Өйткені, кешегісін білмейтін ұрпақ бүгінгі өзгерісті түсіне алмайды. Қоғам дерті саналып кеткен жемқорлық, құқық бұзушылық туралы ақпараттар легімен қатар өңірдегі жағымды жаңалықтар да газет бетінен түскен емес. Бұрынғы тіл тепе-теңдігін сақтаудағы 50х50 заңымен жұмыс істеу принципі дәл қазіргі күні актуалды емес болды. Газеттің қазақ тілді оқырманы көбейді. Сондықтан газеттің орыс тіліндегі беттерінің азаюы уақыт талабы деп түсінемін.
Бүгінгі оқырман тәуелсіздік эйфориясы мен билікті мақтап дәріптеуден гөрі өзекті тақырыптарға көңіл бөледі. Сондықтан газет бетінде оқырман пікіріне орын бар. Таным, талдау, тарих сияқты тақырыптағы дискуссиялық бағыттағы пікірлерге де сұраныс бар. Сұбхаттар жаңа кейіпкерлерге зәру, оларды оқырман іздеп оқиды. Газеттің веб-сайты да бар. Газеттің жас журналистері Гүлнұр Баймұхан, Зарина Быжыбек, Мұрат Күмісбек тың тақырып іздеуде таптырмайтын ойлары бар болашағы жарқын мамандар.
Олар үнемі ізденіс үстінде, қаламының ұшында еңбек адамы, өңірдің дамуына үлес қосып жатқан кәсіпорындар мен құқық, заң, әлеуметтік тақырыптардан басқа сын тақырыптарға да көбірек көңіл бөле бастады. Өйткені ондай тақырыптар да оқырман сұранысына ие.
Бір өкініштісі, қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт айтқандай, біз ашық қоғамда өмір сүруіміз керек — деп айтқанымызбен, бюрократтыққа салынып, қажетті ақпаратты созбақтап немесе тіпті әрнәрсені сылтауратып, мәлімет бермей, уақыт өткізетін мемлекеттік мекемелер бар. Халыққа қызмет етуге арналған мекемелер төңірегінде журналисттің қарапайым сұрағынан жалтаратындар көп. Бұл ашық қоғамның аяғын байлайтын әрекет. Ондайлардың бұл қылығы қоғамда қайшылықтар тудырып жататыны да сондықтан болса керек.
«Масс-медиа» туралы былтыр шыққан заңда «қажетті уақытта керекті ақпаратты бермеген мекемелердің тиісті адамдары ол үшін жауапқа тартылады» – деген бап бар. Заңды құқығымызды пайдаланып біз бірақ әлі ешкімді жауапқа тартып, ондай қадамға барған жоқпыз. Мүмкін, Президент қол қойған Заң бойынша жауапқа тарту керек пе еді… Қоғам ашықтығын көздеп, заңға қол қойған Президент заңгерлерге осы бапты бекер қосқызбаған болар…
Қалай десек те, БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Бар біліміміз бен біліктілігімізді Қазақстанның өсіп-өркендеуіне арнап, еліміздің шын мәнісінде тәуелсіз ел болып дамуына өз үлесімізді қосайық! Мереке құтты болсын, құрметті әріптестер!
Қаламдарыңыз үшкір, ойларыңыз ұшқыр болсын!

Баян ТАҢАТАРОВА


ПІКІР ЖАЗУ