КӨКСУ ЖЕРІНДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
34

Көксу даласының төсінде ауыл шаруашылығының болашағы мен бүгінгі тынысы кеңінен талқыланды. Жетісудың егінін егіп, малын бағып отырған шаруа қожалықтарының өкілдері, сала мамандары мен белсенді азаматтар бас қосқан жиында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, алдағы жоспарлар және ауылдағы шешімін күткен түйткілдер күн тәртібіне қойылды. Бұл мақсатта Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы арнайы іс-сапармен Көксу ауданына келіп, жергілікті жұртшылықпен ашық пікір алмасты. Жиын ресми баяндамамен ғана шектелмей, халықтың көкейіндегі сұрақтар көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылған мазмұнды кездесу болды.

ЕРМЕК КЕНЖЕХАНҰЛЫ
БАЯНДАМАСЫНДА

«Ауыл шаруашылығын екі есеге ұлғайту – Мемлекет басшысы қойған үлкен міндет. Бұл бағытта әр облыс пен аудан өз жоспарын бекітіп, нақты жұмыстар атқаруда. Соның ішінде тыңайтқыштарды енгізу, жоғары сапалы тұқым пайдалану, техниканы жаңарту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту – басты бағыттардың бірі. Мәселен, соңғы он жылда көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 миллиард теңгеден 700 миллиард теңгеге дейін артты. Бұл – шаруаларға үлкен қолдау», – деді.
Министр міндетін атқарушы жалғыз келмей ауыл шаруашылығының әр саласын басқаратын мамандарын да ала келіпті. Ол өз сөзінде сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына қаржы бөлу тетіктерінің кеңейгенін атап өтті. Бүгінде шаруалар аграрлық корпорациялар, екінші деңгейлі банктер, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар мен микроқаржы ұйымдары арқылы қолдау ала алады. Бұған қоса кепілзатты жеткіліксіз қойған жағдайда мемлекет қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беруді енгізген.

ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ АШЫҚ ӘҢГІМЕ

Жиынға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сала мамандары мен аудан тұрғындары қатысты. Ашық пікір алмасу форматында өткен басқосуда шаруалар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Атап айтқанда, «400 басқа арналған бағдарлама шаруалар үшін тиімсіз, шығыны көп. Оның орнына 200 басқа бейімделген бағдарлама дұрыс» деген ұсыныс айтылды. Сондай-ақ еңбек субсидиясын шешіп беру, су тапшылығы мәселесін реттеу жайы көтерілді.
– «Көксу өзені болмаса, қызылша егістігі де, басқа дақылдар да болмайды. Алдағы уақытта салынбақ екі ГЭС суармалы жерлерге зиянын тигізбей ме? Жекеменшікке өткен соң, бізге келісімсіз шектеу қойыла ма?» – деп тұрғындар өз алаңдаушылығын білдірді.
Бұл мәселелердің барлығы министрлік тарапынан зерттеліп, назарға алынатыны айтылды.

ШАРУАЛАРДЫҢ КӨКЕЙІНДЕГІ СҰРАҚТАР

Сұрақ-жауап барысында халық тарапынан бірнеше өзекті мәселе көтерілді:
Халық: «Мал басы өсіп келеді, бірақ тері мен жүн өңделмей, қоқысқа кетіп жатыр. Неге бізде өндіріс орындары жоқ?»
Ермек Кенжеханұлы: «Бұл бағытта республика көлемінде бірнеше ірі жоба қолға алынды. Алматыда жылына 5 миллион теріні өңдейтін желатин зауыты жұмыс істеп жатыр. Таразда да дәл сондай жоба іске қосылуда. Жақын уақытта әр ауданда тері-жүн қабылдау пункттері ашу – басты жоспарымыз. Ақтөбеде ірі жүн өңдеу зауыты екі ай ішінде іске қосылады».
Халық: «Үш жылдан бері жүгерінің бағасы құлдырап барады. Мемлекет тарапынан тұрақты баға қою қарастырылмаған ба?»
Ермек Кенжеханұлы: «Бағаны нарық реттейді. Сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасатындықтан, біз нақты баға белгілей алмаймыз».
Жиын соңында тұрғындар кездесудің пайдалы өткенін айтты. «Самай» қожалығының жетекшісі Сләмов Еркінбек – «Мен көлікті сақтандыру, су тапшылығы және тамшылатып, жаңбырлатып суару құралдарын көбейту жөнінде мәселе көтердім. Министр қысқа да нұсқа, нақты жауап берді. Бұл кездесу біз үшін бекер емес. Ендігі үмітіміз – айтылған ұсыныстардың орындалуында. Әрине, бәрі бірден шешілмес, бірақ аз да болса өзгеріс болса, ол да жақсылық. Осындай кездесулер жиі болса екен», – дейді.
Көксу ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан – «Өмір бойы жермен айналысып, еңбегімнің дәмін таттым. Бірақ қазір ең қиыны – су. Су азайса, жердің де, еңбектің де құны кетеді. Сондықтан біз үшін Көксу өзені – тіршіліктің өзегі. Халықтың айтқаны орынды: ГЭС салынса, оның бізге тигізер әсері қандай болмақ? Министрдің «бұл мәселе зерттеледі» деген сөзі көңілге аз да болса медеу болды».
Көксу ауылының шаруасы Ерлан Төлеубеков – «Бұл кездесу біз үшін көптен күткен ашық алаң болды. Себебі біз жыл сайын бірдей проблемалармен бетпе-бет келеміз, қымбат техника, қымбат тыңайтқыш, су тапшылығы. Бірақ кейде мәселеміз жоғары жаққа жетпей, жолда қалып қоятын. Ал бүгін министрдің өз аузынан жауап естігеніміз көңілге сенім ұялатты».
Көксу жеріндегі басқосу – ауыл шаруашылығы саласының дамуына деген нақты қадамдардың бар екенін көрсетті. Бір жағынан министрлік тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары айтылса, екінші жағынан шаруалар өздерінің нақты проблемаларын жеткізіп, шешімін табуға жол ашылды. Ашық форматта өткен бұл кездесудің басты құндылығы да осында – халықтың сөзін билік өкілдері тікелей естіп, жауап қатты.
Көксу жерінде өткен бұл жиын – жай ғана ресми сапар емес, ауылдың тамырын басып, шынайы проблемаларын тыңдаған шын мәніндегі халықпен кездесу болды. Шаруалардың көтерген мәселелері – ауылдың қазіргі өмірін айна-қатесіз көрсетіп берді. Бір жағынан өндірістік қуатты арттыруға арналған мемлекеттік қолдаулар, екінші жағынан су тапшылығы, еңбек субсидиясы мен бағдарламалардың тиімділігі сияқты шешімін күткен түйткілдер. Мұндай диалогтың құндылығы – билік өкілдерінің шаруаның жанайқайын естіп, нақты жауап беруінде. Ендігі үміт – айтылған пікірлердің қағаз бетінде қалып қоймай, нақты іске айналуында. Өйткені ауылды көтермей, елді дамыту мүмкін емес. Жетісудың егінін егіп, малын бағып отырған қарапайым шаруа үшін әрбір шешім, әрбір өзгеріс – тек қана экономикалық көрсеткіш емес, күнделікті тұрмыстың, ертеңгі күннің кепілі.

                                                                                                             Зарина БЫЖЫБЕК


ПІКІР ЖАЗУ