ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША «АҚ ЖАҒАЛЫЛАР» БАР?

0
28

Зерттеушілердің айтуынша 2020 жылдары олардың саны 100 мыңнан асқан болатын. Президент Тоқаев мемлекеттік аппаратты қысқарту туралы тапсырмасынан кейін олардың саны азайып, бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің саны Қазақстан бойынша Мемлекеттік қызмет Агенттігінің орталық және жергілікті атқарушы органдардағы қызметкерлердің санына қатысты мәліметінде 21 министрлік пен 3 мегаполисте және 17
облыста мемлекеттік қызметкерлерге штат бойынша
76 321 орын қарастырылғаны көрсетілді – деп
хабарлайды курсивмедиа .кз.

 Осы дереккөзде жарияланған 2024 жылдың ақпан айының алғашқы күніндегі деректер бойынша  мемлекеттік қызметте 67 333 адам жұмыс істеп жатыр. Штаттық кестеде 8 988 жұмыс орны бос тұр дей келе, курсив медиа кз. министрліктердегі штаттарға тоқталған.
Бөлінген штат саны көрсеткішінде Қаржы министрлігі көш басында. Бұл мекемеде 14 327 адам еңбек етеді. Штат саны 15 350 адамға арналғанын ескерсек, министрліктің әлі 1023 адамға жұмыс ұсыну мүмкіндігі бар екенін түсінуге болады.
Денсаулық сақтау министрлігі екінші орынға орналасыпты. Бұл жерде 4 369 адам жұмыс істейді. Штаттық кестеде 4 929 адамға жұмыс орны қарастырылған. Жұмыс іздеген 560 маманға Денсаулық сақтау министрлігіне баруға болатын секілді.
Үздік үштікті Ауыл шаруашылығы министрлігі түйіндеп тұр. Аграрлық салаға қатысты мемлекеттік қызметте  3 259 адам тер төгіп жатыр. Бөлінген  3 570 штаттық орынның 311-і әзірше бос.
Қорғаныс министрлігінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызмет атқаратын азаматтарға штаттық кесте бойынша 26 жұмыс орны берілген. Атап көрсетерлігі, бос орын жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкер ретінде 717 адам еңбек етуде. Министрлік штаттық кестені толтыру үшін тағы 74 адамды жұмысқа қабылдай алады. Ішкі істер министрлігінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызмет  1 446 адамға жүктелген. Штаттық кестедегі 1 492 жұмыс орнының
46-сы бос. Штаты шағын атқарушы орган – Туризм және спорт министрлігі. Мұнда қазір 126 адам жұмыс істеп жатыр. Жалпы штат саны 165 адам. 39 қызметкер қабылданса, штат толық болады. Бос жұмыс орны ең аз мекеме – Ғылым және жоғарғы білім министрлігі. Министрліктің 231 адамға арналған штатында 215 адам еңбек етуде. Бұл жерде 16-ақ орын бос.
Жоғарыда көрсетілген бос орындар төңірегіндегі сандарға қарасақ, мемлекеттік қызметке дәл қазір ұмтылып жатқан адам жоқ сияқты әсер аласыз. Неге солай? — деген сұраққа жауап бергендер «ол жерде білімің немесе жаңаға ұмтылуың еленбейді, ескі сүрлеуді жаңаға ауыстыру туралы ұсынысың қабылданбайды, сен тек бастықтың көңілінен шығып, айтқанымен жүрсең болды – деген талап қойылады. Ал бастық тек басқаруды біледі, оның басқаруы кешегі өтіп кеткен заманның тетігі, қазір біз ілгерілеу уақытындамыз деген пікіріміз, ұсынысымыз далада қалады, содан кейін кетуге мәжбүрміз» — деген жауаптарды естідік. Оны айтқан қыздар мен жігіттер қазір мегаполистерде жүр, олардың талантына зәру компанияларда қызмет істеп жатыр…
Соларды тыңдай отырып бастыққа жағыну бейілінен гөрі жастардың бойындағы жаңашылдық пен ұйымдастырушылық талант, сауаттылық жоғары бағалануы тиіс – деп ойлаймын. Осы орайда 2020 жылы 11 наурызда «Ана тілі» газетінде «Шенеунік ұлтқа ұлтарақ болып жүр ме?» деп, жазушы Сәбит Досанов былай деп жазған екен.
«Шенеуніктерге қатысты айта кететін бір жайт, қолына билік тиген кейбір азаматтардың қарапайым­дылық, адамгершілік деген қасиет­терден адасып қалатындығы. Министрдің де, комитет төрағасының да қабыл­дауына кіру үшін ғана емес, тіпті телефонмен тілдесу үшін де үлкен «Қытай қорғанынан» өтуге тура келеді…
Тағы бір тілге тиек етер мәселе, бізде шенеунік көп. Екі жүз алпыс млн тұрғыны бар АҚШ-тың өзінде он төрт министрлік болса, алпыс млн тұрғын бар ­Англияда жиырма үш министрлік бар. Ал жүз жиырма бес млн халқы бар ­Жапонияда сегіз ғана министрлік жұмыс істейді. Тағы бір қынжылтатыны, біздің шенеуніктердің жиналыстан қолдары тимейді. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізсек, жұмысты кімдер істейтінін мен түсінбеймін. Осылайша, мемлекеттік қыз­мет­­кер­лер жайындағы көңіл көн­шітпейтін жайттар тізбектеле тілге орала береді.
Осы «тізбектеле береді» дегенге мен де бір мысал айта кетейін. Газетке материал іздеп бармайтын, телефон шалмайтын жеріміз жоқ. Жауап алудың ең қиыны шенеунік жауабы… Халыққа қызмет ететін полицияны кәсіби мерекесімен құттықтай қояйық деп журналисіміз телефон шалып еді, екі апта жүрдік полицияның анау-мынау сілтеулері мен созылған сылтауларымен. Ақыры құттықтау жоқ болды. Содан біз редакцияның ренішін газетімізге жаздық та, бір данасын Ішкі істер министрі Сәденов мырзаға жөнелттік. Бір күні министрліктің баспасөз хатшысы телефон шалып, «неге сіз осыны Тоқаевқа жазбайсыз?» — дегені. – Полицияның жұмысын Тоқаев басқармайды, Сәденов басқарады, сондықтан Сәденовтың назарына деп жазған соң Сәденовке жібердік – десем, ол да қоймайды: — сопроводиловка хатпен жіберуіңіз керек еді – деп. Мен де қоймаймын: — Қағазбастылық дегенді қою керек қой осы, бір бет қағазға бір сөйлем жазып жіберетін, газет бетінде мақаланың ең үстінде жазулы тұр ғой «Сәденовтың назарына!», көрмейсіз бе? – деп, мен де тіксіне қалдым… Сонымен әрқайсымыз өз пікірімізде қалдық. Міне, халыққа қызмет істейтіндердің бір ғана мысалы. Айта берсең таусылмайтын деректер бар және өкінішке орай ондай мысал көп. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкер деген атты ақтау үшін ең алдымен сауаттылық, біліктілік пен адаммен сөйлесе алу қабілеті керек. Өзінің атқарып отырған міндетін білуі керек. Олар «халыққа қызмет етемін» деп ант бергенін неге тез ұмытып кетеді? Адамшылықты пендешілік жеңіп кетеді-ау, осы?.           

                                                                                                                                                                                                                                          Баян ТАҢАТАРОВА

 


ПІКІР ЖАЗУ