«ТІЛДІ ҮЙРЕТУ — ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ БІР ЖОЛЫ»

0
41

5 қыркүйек – Тілдер мерекесі. Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы күні – ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Ұлт руханиятының тұғырын биіктеткен тұлға көзінің тірісінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ана тілдің маңызын тайға таңба басқандай етіп айтқан еді.

Тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры екенін терең ұғынған бүгінгі мамандар мен мекемелер де осы жолда аянбай еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Жетісу облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы. Осы орталықтың басшысы Жеңіс Жолдыбаевпен тіл мәртебесі, оқыту жүйесі және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген бетбұрысы жайында әңгімелескен болатынбыз. Әңгіменің қалай өрбігенін төменде ұсынылған сұхбат арқылы білсеңіздер болады.
– Жеңіс мырза, алдымен мемлекеттік тілді дамыту бағытында қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтсеңіз. Тілдер мерекесі аясында қандай іс-шаралар жоспарланған?
– Қазіргі таңда облыс екіге бөлінгелі бұрындары жұмысымызды қалай жүргізген болсақ, әлі сол бетімізден таймадық. Облыс әкімінің ықпалымен тіл оқу әдістемелік орталығы құрылды, жұмысын дөңгелетіп те келеді. Бізге мемлекеттен де қолдау жоғары. Оның басты себебі, мысалы қазір сұхбаттасып отырған Тіл сарайының өзі республикадағы жалғыз Тіл сарайы. Қазір орталыққа қарасты 8 аудандық және 2 қалалық бөлімше жұмыс істейді.
Жыл сайын мыңдаған азаматтарды қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға үйретіп келеміз. Биылдың өзінде бірінші жартыжылдықта 2000-нан аса тыңдаушы, ал екінші жартыжылдықта 1700 адам оқуға қабылданды.
Енді бұйырса бізде 2023-2029 жылдар Тіл саясаты комитетінің тұжырымдамасы бойынша әр жыл сайын белгілі бір көрсеткіш бар. Биыл тұрғын санына қарай, әрі өңір этнос өкілдерінің аз-көптігіне қарай оқытылуға міндетті тыңдаушы саны беріледі. Былтырғы жылы Жетісу облысы Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен 3800 тыңдаушы оқыту керек болса, біз 4000 тыңдаушыны оқытып көрсеткішті асыра орындаған болатынбыз. 2025 жылы 4 мың тыңдаушымен жылды қорытындылауымыз керек. Оны да асырып орындаймыз деген ойымыз бар. Одан бөлек, қараша айында «Қазақша сөйле» клубы басталады.
Тілдер мерекесіне орай 2025 жылдың 4 қыркүйегінде «Мемлекеттік тіл және тілдік тұлғаны қалыптастыру моделі: тарих, инновация, әдістеме» атты облыстық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Мұнда мемлекеттік тілдің тарихи қалыптасуы және даму кезеңдері, тіл және тұлға мәдениет құндылықтары тіл үйренудегі инновациялық технологиялар, жасанды интеллект және әдістеме тақырыптары көтерілді. Аталған бағыттарды ашып көрсеттік. Баяндамалар оқылды. Жетісу университетімен меморандумымыз бар. Сол университеттегі ғалымдар мен оқытушыларды шақырған болатынбыз. Одан бөлек, Қоғамдық даму басқармасының Тіл бөлімінде 5 қыркүйекте Тіл сарайы ғимаратының алдында Тіл фестивалі аясында марапаттау рәсімі өтпек. Министрліктің, облыс әкімдігінің, басқарманың алғыс хаттары тіл саласына қарасты қызметшілерге табысталмақ. Аудандарда 1 ай көлемінде түрлі шаралар өтеді.
– Жекеменшік тіл курстары көбейіп келеді. Бұл ретте мемлекеттік орталықтың мүмкіндігі қандай? Курстар қандай бағытта жүргізіледі және олар тегін бе?
– Рас, қазір жеке курстардың жарнамасы көшелерде самсап тұр. Бағасы – 40-50 мың теңге шамасында. Бірақ мемлекет өз азаматтарына тегін мүмкіндік беріп отыр. Біздегі курстар – сапалы, жүйелі әрі барлығына қолжетімді. Бұдан артық қандай қолдау керек?
Бізде тіл үйрену курсы тегін. Мемлекеттен тікелей қолдау бар. Тыңдаушылар тек мемлекеттік тілді ғана емес, сұранысқа ие болғандықтан ағылшын тілін де оқи алады. Ағылшын тілі бойынша аудандарда да штат бөлініп, оқыту ұйымдастырылуда. Бірақ басты назар – әрине, қазақ тілінде.
Оқытуды 4 деңгей бойынша (А1, А2, В1, В2) жүзеге асырамыз. Әр тыңдаушы тест арқылы өз деңгейіне сай топқа бөлінеді. Сабақтар теория мен практиканы үйлестіру арқылы өтеді.

– Жоғарыда «Қазақша сөйле» атты клубтың барын айта кеттіңіз. Сол туралы толық ақпарат берсеңіз?
– Бұл клуб қараша айында қайта басталады. Негізгі мақсаты – қысқа мерзімде (1 ай 15 күнде) адамдарды ауызекі қазақша сөйлеуге үйрету. Қатысушылар 50-100-150 сөздік қор жинап, өздерін таныстыра алатын, отбасы, жұмыс жайында әңгімелей алатын деңгейге жетеді. Бұл жоба этнос өкілдері арасында ерекше сұранысқа ие. Курс біткен соң да біз олармен байланыс үзбейміз, қалауы бойынша оқуын жалғастыра алады.
– Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы қандай деңгейде?
– Әлемде 8 мыңға жуық тіл болса, оның арасында тәуелсіздік алған 200-ақ тіл бар. Оның ішінде, бас аяғы 20 млн. халқы бар еліміз 75-80 орын аралығында орналасқан. Көрдіңіз бе, қазақ тілінің қандай деңгейде екенін? Әлемдегі тәуелсіздік алған 200 тілдің арасында алдыңғы жүздікте орналасу біз үшін үлкен мәртебе емес пе?
Этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуге қызығушылығын бұрынғымен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, мемлекеттік тілді үйренуге деген өзге ұлт азаматтарының көрсеткіші қазір әлдеқайда жоғары. Бұл дегеніміз қазақ тілінің рөлі қоғамда айтарлықтай дамығанын білдіреді. Бұрындары тіл жойылып барады деп көп дабыл қағатынбыз. Қазір одан арылдық десек болады. Қазіргі таңда азаматтық алу үшін шетелдіктер алдымен еліміздің тарихын және тілін білу керек деген Мемлекет басшысының тапсырмасы барын білесіз. Одан бөлек, қазақ тілін ғылымның тіліне айналдыру керек деген де бастамасы бар. Бұл қуанатын жағдай. Мысалы, біз жылына мемлекеттік деңгейде өткізілетін семинарларға 2-3 рет барамыз. Онда түрлі мәселелерді қарастырып, тілге байланысты оңтайлы жағдайларды да сараптап, пайдалы, ықпалды деген бастамаларды да талқылаймыз. Жоғарыдағы президентіміздің қазақ тілін «ғылым тілі» етуді көздеуі жарқын болашақтың кепілі болтанына да кәміл сенеміз.
2022 жылдары бізде тіл үйренуге қызығушылық Ресейлік азаматтар арасында қарқынды болды. Ал қазір жұмыс бабымен елімізге келген Түркия азаматтары арасында сұранысқа ие болып жатыр. Бір мысал, бізде Кореядан келген ерлі-зайыпты отбасы қазақ тілін үйренген болатын. Олардың айтуынша, елге көшіп келгенде «бірінші мақсатымыз тіл үйрену болды» дейді. Енді бір қызығын айтайын, ерлі-зайыптылар 1 жыл бізден оқып, қазір жекеменшік қазақ-корей тілі курсын ашып алыпты.
– Жыл басынан бері тілдерді (оның ішінде мемлекеттік тілді) дамыту бойынша орталыққа көмекке жүгінгендер болды ма? Олар қандай мақсатта тілді үйренуге ынталанады екен?
– Тіл әдістемелік орталығы алдына келген әр тыңдаушыдан сауалнама алып, олардың мемлекеттік тілді үйренуге деген бетбұрысын неліктен бастады деген сұрақтарға алдымен қызығушылық тудырамыз. Мен олардың барлығының сауалнамаларын оқуға ерінбеймін. Қарасам, Жетісу өңірі бізде қазақи халық шоғырланған мекенбіз ғой. Текелі, Панфилов сияқты аудан-қалаларда славян, ұйғыр секілді этностар көп орналасқан мекендеріміз де бар. Онда: «Сіз не үшін тілді үйреніп жатырсыз?» деген сұраққа көпшілігі қызығушылықпен келгенін, кейбірі – жұмыс бабымен, енді бірі – баласына көмектесу үшін келгенін жазады.
18 жастан жоғары азаматтарды қабылдап, оқытамыз дегенді айттым ғой. Зейнет жасындағы ата-әжелеріміз де оқиды. Арасында олармен сұхбаттасып, неліктен егде тартқанда тіл үйренуге қызығушылығы артқанын сұрасам, «немеремді қазақ сыныбына беріп, сабағына көмектесейін десем бұрынғының орыс тілінде оқыған азаматтары болғасын, көп нәрсені түсінбей жатамын» дегенді айтады. Бұл – нағыз сана серпілісінің, ұлттық сана оянуының көрінісі. Білім алуда жас шектеуі жоқ. Бастысы – ниет.

– Сөз соңында оқырмандарға, мереке қарсаңында қандай тілек айтасыз?
– Мемлекеттік тілді меңгеру тек білім алу емес, ұлтқа қызмет етудің, ел болашағына үлес қосудың нақты жолы. Әрбір азаматтың ана тілін білуі – оның ел алдындағы, ұрпақ алдындағы ең басты парызының бірі.
Біз тілді білмегенге үйрету арқылы, сіздер – оны журналистикада, өнерде, ғылымда, күнделікті өмірде қолданып, насихаттау арқылы қазақ тілінің мәртебесін биіктетіп, келешекке аманаттап келеміз. Бұл ортақ іс, ортақ жауапкершілік.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген еді. Бүгінгі қоғамда бұл сөз бұрынғыдан да маңызды. Тіліміздің тұғыры биік болсын десек, оны үйреніп қана қоймай, құрметтеп, күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналдыруымыз керек.
Бүгінгі Тілдер мерекесі – ұлтқа, тілге, рухқа деген құрметіміздің көрінісі. Қадір Мырза Әлидің мына бір ұлағатты сөзі әрдайым жадымызда жүрсін: «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!».
Баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, анамыздың ақ сүтімен дарыған туған тіліміз – қазақ тілі әрдайым төрімізден орын алсын, жүрегіміздің үніне айналсын деп тілеймін! Тіліміз тірі болса – ұлтымыз биік, еліміз берік, рухымыз асқақ болады!
– Жеңіс Хамитұлы уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Ана тіліміздің дамуына қосып жатқан еңбегіңіз еш болмай, толағай табыстарға жете беруіңізге тілектеспіз. Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан:
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ