УА, АДАМДАР, ӨЛІМГЕ ЕШКІМДІ ИТЕРМЕҢДЕР!

…Ол өлуге бел байлады. Бұл дүниенің қызығы қалмағандай, асылып өлуге бел байлаған жас ананы артында еңіреп қалар үш баласы да, мәпелеп өсірген ата-анасы да, ұстаз болып еңбек етіп жүрген мектеп ұжымы мен оқушы балалар да, тіпті дөңгеленген дүниенің ешбір қызығы тоқтата алмаған еді. Мойнына ілген арқан ол асылған күйде әлі де толық тартылып үлгермеген еді. оның артынан іле-шала іздеп келгендер арқанды кесіп, құтқарып қалды. Десе де мойнында жуан арқанның іздері қалып үлгерді. Жайнаған жасты өзінен түңілткен «өмір» деген керемет оны қайта құшағына алды. Ол өзі безіп кеткісі келген өмірге қайта оралды. Қатты ойланды.
Оны өмірмен қоштасуға не итерді? Жас ана, жас ұстаз, көрер қызығы әлі алда емес пе? Оны өмірден кетуге бел будырған не, қандай алапат күш? Оны өлімге итерген жайлар туралы деректер, міне, менің қолымда. Сол деректер бойынша әңгіменің төркіні сонау 2015 жылдың 1 қыркүйегінде басталған сыңайлы.
Жас ұстаз Гүлмираның әкесі Рыспек Қожахметұлы Керімбеков те Алакөл ауданы Тоқжайлау ауылындағы Дзержинск орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін мол тәжірибесі бар ұстаз. 2015 жылы 1 қыркүйекте сабақ басталғанда дене шынықтыру сабағына оқушыларды баскетбол алаңына апармақшы болып мектептің спорт алаңына барғанда баскетбол бағанасы да, доп түсіретін баскетбол шеңбері де сынық күйде жай ғана темірмен байланып тұрғанын көріп, жоғары көтеріліп, темір шеңберді жөндеуге кіріседі.
Ал мектеп басшылығы спорт алаңындағы баскетбол бағанын жаңа оқу жылына сай неге жөндеу жүргізбегені түсініксіз. Баскетбол бағанын жөндеймін деп шыққан мұғалім онсыз да сынып тұрған қалқаннан құлап бұғанасы мен қабырғасын сындырады. Аудандық ауруханаға жатып шығады.
Бұл оқиғаны тексеруге келген жауапты органның адамдары мектеп директорының айтуына сәйкес, «баскетбол корзинасын жөндеуге өз еркімен шыққан, сол кезде алған жарақат. Бұл жұмыс берушінің мүддесі үшін жасалмаған жұмыс» — деп қорытындылайды. Алайда, жасынан адал-дық пен шындықта тәрбиеленген Рыспек Керімбаев бұл шешімге келіспей, өзінің жарақатын «Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға» — деп тануды сұрап сотқа арызданған.
Бұл істі мемлекеттік инспекция жүргізген тексеру барысында мектеп әкімшілігінде бірнеше заң бұзушылықтар бар екенін анықтаған. Мектеп директорына айыппұл салынған. Кейін ол мектеп басқару орнынан кеткен. Алакөл аудандық соты Б.М.Темірбековтың шешімі бойынша, сот Рыспек Керімбаевтың арызын қанағаттандырып, мектептің актісін заңсыз деп тауып, сол оқиғаны «еңбек қызметіндегі жазатайым оқиға» деп тану туралы шешім шығарды.
Сөйтіп, шындық жеңгенімен, нәтижесінде мектеп директоры осы мектепте ұстаздық қызмет атқаратын әкелі-балалы Гүлмира мен Рыспек Керімбаевтармен бас араздыққа барады.
Гүлмира Керімбекова, Дзержинск мектебінің ұстазы:
— Осы мектепте 45 жыл істеген әкем қазір зейнетте. Соған қарамастан ауыл балаларын спортқа баулуда шет қалып жүрген жоқ. Ауыл спортын дамытуда айтарлықтай тәжірибесі бар. Балаларды әлі де баулып, жеңістерге жетелеп жүр. Ал мен болсам, сот әкемнің арызын дұрыс деп тапқан соң, арандатушылықтың не бір түрлерін көрдім. Мектеп басшылығы өзінің бұйрығымен бекіткен сағаттарын қайта қарап, қысқартып отырды. Ар-намысыма тиетін жазғырулар басталды… Жалғызбасты анамын. Әкесіз өсіріп отырған үш баламды бетіме басып, түрлі ащы сөздермен қорлады. Мен өзім қоғамдық жұмыстарға қатысып жүремін. Тиісті сабақ пәндерімнен басқа Тоқжайлау ауылдық округінде әкімдік жанынан құрылған Жастар кеңесі құрамында қоғамдық жұмыс атқарамын.
Әкемнің жарақатына байланысты сот әділ шешім қабылдаған соң әкеме жақ болған мен мектеп басшылығы мен кәсіподақ тарапынан қудалана бастадым. Сол кезде аудандық білім басқармасы «сені енді жұмыс істетпейді-ау» — деп, балабақшаға қызмет етуге жіберді. Мен балабақшада 5 жыл жұмыс істедім. Содан мектеп директоры орнынан босап жұмыстан кеткен соң, мені қазіргі аудандық білім басқармасының бастығы Ибраимов мырза мектепке ауыстырды. Бірақ маған қысым жасау тиылған жоқ. Мен біресе жұмыстан шығарылам, біресе қайта алынам, сағаттарым қысқартылып тұратын болды. Әкем зейнетке шығып кеткеніне қарамастан 2016 жылғы әкеме байланысты оқиғаның жаңғырығы осы уақытқа дейін жалғасуда. Оның басты себебі, бұрынғы мектеп директорының менен алынбаған кегі. Ауылдағылардың бәрі бір-біріне туыс болып келетіні белгілі ғой. Ең сорақысы сол, тіпті менің осы мектепте жұмыс істеуіме қарсымыз деген ұжымдағы 37 адам қол қойған арыз-шағым да ұйымдастырылды. Бұл не сонда, шағым бойынша адамды қудалап өлтіретін өткен ғасырдағы 37-ші жыл қайта келгені ме? Осыдан кейін мен өмір сүргім келмей, өлуді ұйғардым…
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Гүлмира ажалдан құтқарылды. Оның айтуынша бұл оқиға биылғы жылдың қаңтар айында орын алған. Өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеген мектеп директоры мен оның орынбасары, мектеп психологы, кәсіподақ төрайымы тарапынан Гүлмира Керімбековаға қысым жасалып, қызметіне шектеу қойылып, жеке өміріне, ар-намысына нұқсан келтіргені туралы жәбірленуші арыз берді. Осыған байланысты өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру-тергеу амалдары жүргізілген.
Алайда жәбірленуші Гүлмира және оның қорғаушылары сот психологиялық сараптама қорытындысымен келіспейді. Себебі бұл сараптама кінәлі адамдардың, яғни, жауапқа тартылатын адамдардың қорғаушысының өтініші бойынша тағайындалып, сараптама барысында жәбірленуші Гүлмираның өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болғаны туралы мән-жай ескерілмеген және сараптамада көрсетілмеген.
Гүлмира Керімбекова — жәбірленуші ұстаз:
— Мені асылудан құтқарып, ажалдан аман қалғаннан кейін мен арыздандым, мені өлімге итермелеген адамдардың қылығына шағымдандым. Менің арызым бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алайда, менің психологиялық жай-күйім туралы сараптаулардың өзі қалай болса солай жасалғаннан кейін, мен Президент жанындағы Адам құқықтарын қорғау уәкілдігіне және Талдықорған қаласынан қорғаушылар қызметіне жүгіндім. Солардың көмегімен, маған облыстық прокуратура қайта психологиялық тексеру туралы шешім шығарып, бақылауға алғаннан кейін іс алға жылжығандай …
Енді мен біздің қоғамда әділдік бар, ақ-қараны ажырататын азаматтар бар — деп сенемін. Айтайын дегенім, мен енді өз-өзіме қол жұмсамаймын. Мен болмасам балаларымды кім жеткізеді? Маған қарсы топтың мені мектепте істетпеуі үшін жасап жатқан әрекеттері әділдікке қайшы деп түсінемін. Ал жаңа Қазақстанның әділ заңы мені қолдайды және қорғайды деп сенемін. Сондықтан қорғансыздың күні енді менің басыма түспейтін шығар деген үміттемін…
P.S. Қазір Гүлмира Керімбекованың ісі Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Президент жанындағы уәкілдіктің Жетісу облысы бойынша өкілі Қанат Ботанұлы Қарымсақовтың бақылауында тұр.
Жәбірленуші Гүлмираның тағдыры туралы ойласақ, оның өміріне соншама қысым жасалуының басты себебі — оның әкесіне жақ болып, заң үстемдігін орнатуға атсалысуы. Осы істі 2015 жылдан бері ауыл интеллигенциясының алды болып саналатын мектепте соншама қарсылық туғызғаны таңқаларлық іс. Кішкентай ғана ауылдың мектебіндегі әлділер өзіне бағыныштыларға соншама қысым жасауы Тоқжайлау ауылындағы интеллигенцияның алдыңғы санатына жататын мектеп басшылығының санасы қай деңгейде екендігінен хабар беріп тұрған жоқ па? Егер біз ұстаздың біліктілігінен бұрын бағыныштылығын бағалайтын, ал адамгершілікті жоғары қоятын, заң үстемдігін талап ететін принципті адамдарды қудалап, өлімге итеріп жатсақ не болғанымыз? 2015 жылдан бері жас ұстазды кемсітіп-қорлау арқылы өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу — ауыл интеллигенциясының алдыңғы өкілі мектеп ұжымындағы педагогтардың пайым-парасатына сын емес пе? Мынадай ұжымдағы қоғамдық қарым-қатынас деңгейінен не байқауға болады? «Біз онымен жұмыс істей алмаймыз» — деп шағымданған 37 адамның кез келгенінің қудалануға ұшырамайтынына кім кепіл?
Баян ТАҢАТАРОВА