САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕ КӘСІПКЕРЛЕР МЕН АЗАМАТТАРДЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

0
38

Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық Кодексі күшіне енеді. Бұл ел тарихындағы ең ауқымды салықтық реформа болмақ. Арнайы салық режимдерінің қысқартылуы, жеке табыс салығы мен ҚҚС мөлшерлемелерінің өзгеруі, салық салудың прогрессивті және сараланған модельге өтуі осының барлығы кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың салықтық міндеттемелеріне тікелей әсер етеді.

Жаңа жүйе бизнеске де, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға да жаңа талаптар қояды. Осыған байланысты Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Сатайұлы Шайкеновпен 2026 жылдан бастап енгізілетін негізгі жаңалықтар жайлы сұрақ-жауап алмасқан едік.
– Биылғы жылдың 18 шілдесінде Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. 2026 жылы бізді қандай өзгерістер күтіп тұр, айтып өтсеңіз?
– 2026 жылдың 1 қаңтарынан бас-тап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оған қатысты жұмыс 2024-2025 жылдары жүргізілді. Айта кету керек, жаңа Салық кодексі ауқымды салықтық реформаны алып келеді, соның нәтижесінде қазақстандық бизнес мүлде жаңа жағдайларда жұмыс істеуге тиіс болады. Сондықтан салық төлеушілеріміз осы өзгерістерге дер кезінде дайындалып, оларды барынша жылдам әрі ауыртпалықсыз еңсеруі қажет.
2026 жылдан бастап арнайы салықтық режимдер бойынша түбегейлі өзгерістер енгізілді, жеке табыс салығына прогрессивті мөлшерлемелер мен салықтардың сараланған ставкалары енгізілді, ҚҚС, КТС, әлеуметтік салық мөлшерлемелері өзгертілді, салықтық әкімшілендіру цифрландырылып, сервистік модельге көшу жүзеге асырылды. Сонымен қатар төлемдер, алымдар мен мемлекеттік баждардың саны қысқартылып, салық есептілігінің нысандары 30%-ға азайтылды.
– Арнайы салық режимдері бойынша көптеген талқылаулар болды. Жаңа Салық кодексінде бұл салада қандай өзгерістер енгізілді?
– Қазіргі уақытта Салық кодексі 7 арнайы салық режимін (АСР) қарастырады: патент негізінде, жеңілдетілген декларация негізінде, арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы, белгіленген шегерім негізінде, бөлшек сауда салығы бойынша, шаруа қожалықтары үшін, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін.
Жаңа Салық кодексінде олар оңтайландырылып, тек 3 арнайы салық режимі қалдырылды:
— өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
— жеңілдетілген декларация негізінде;
— шаруа (фермерлік) қожалықтары үшін.
– Қандай категориядағы салық төлеушілер бұл салық режимдерін қолдануға құқылы екенін қысқаша айтып берсеңіз?
– Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР (жеке тұлғалар): Жаңа режимді салық төлеушілер төмендегі шарттарға сәйкес қолдана алады:
— жеке кәсіпкер емес жеке тұлғалар қолдана алады;
— айлық табысы 300 АЕК-тен аспауы тиіс (1,3 млн теңге);
— қызметінде жалдамалы жұмысшыларды пайдаланбайды;
— бұл режимді қолдануға рұқсат берілген қызмет түрлерін атқарады (шаштараз, такси, штукатурлық жұмыс, тұрмыстық электроника мен аяқ киімді жөндеу және т.б., тізім әлі қаралуда).
Салықтан босатылған, тек әлеуметтік төлемдерді өздері төлейді (жалпы 4%: Зейнетақы – 2%, Әлеуметтік сақтандыру – 1%, МӘМС – 1%).
Төлемдер арнайы мобильді қосымша арқылы автоматты есептеледі. Интернет-платформа арқылы қызмет көрсететіндер үшін төлемдерді платформа операторлары жүргізеді. Қалалық байланыс желісі жоқ жерлерде төлеуші өз бетімен есептейді.
Жеңілдетілген декларация негізін-дегі АСР:
— Жылдық табыс шегі – 600 мың АЕК (2,5 млрд теңге);
— Барлық қызмет түрлеріне қолданылады, тек Үкімет бекіткен тыйым салынған қызметтерден басқа;
— ҚҚС төлеушісі емес;
— Декларация жартыжылдық кезеңде тапсырылады;
— Табыс 24 000 АЕК-тен (100 млн тг) асқанда, салық төлеуші салық салынатын табысты жалақы сомасымен азайту құқығына ие; — Табыс 135 000 АЕК-тен (550 млн тг) кем болса, бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады;
— 2026 жылдан бастап жалдамалы жұмысшылар саны бойынша шектеу алынып тасталды;
— Салық мөлшерлемесі (КТС/ЖТС) – 4%, маслихаттар бұл мөлшерлемені 50%-ға дейін көтере немесе төмендете алады;
— ҚҚС және әлеуметтік салық төлеуші емес.
Шаруа (фермерлік) қожалықтары үшін: Жаңа Салық кодексінде арнайы салық режимі сақталады. Біртұтас жер салығы жойылғандықтан, қожалықтар БЖС орнына ЖТС төлейді, сол шарттар мен мөлшерлемемен – табыстың 0,5%-ы.
– Биылғы жылы ҚҚС мөлшерлемесінің артуына қатысты көптеген талқылаулар болды. Осы орайда, қосылған құн салығын салу бөлігінде қандай өзгерістер болғанын айтып өтсеңіз.
– Иә, расында да, ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, дифференциалды мөлшерлемелер енгізілгенін атап өткім келеді.
Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерді, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтерді өткізуге төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді: 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10%. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар үшін есепке жатқызылатын ҚҚС-тың қосымша сомасы 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады. Осылайша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасының өсуіне жол берілмейді.
Сондай-ақ шаруа қожалықтары үшін ҚҚС-тан босату шарасы сақталып қалды.Бұдан бөлек, ҚҚС бойынша есепке қою тәртібіне қатысты да маңызды өзгеріс енгізілді: 2026 жылдан бастап ҚҚС тіркеу шегі 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін төмендетіліп, 43 250 000 теңгені құрайтын болады.
– Корпоративтік табыс салығы бойынша салық төлеушілерді қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесі бұрынғыдай – 20% болып қалады. Алайда төмендетілген мөлшерлемелер енгізіледі:
— ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар мен аквакультура үшін: 3% (бұрын – 10%);
— ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін: 6% (бұрын – 10%);
— әлеуметтік сала ұйымдары (коммерциялық емес ұйымдардан басқа) үшін: 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10% (бұрын – 20%, бірақ КТС 100%-ға азайтылатын).
Сонымен қатар, мөлшерлемелер жоғарылайтын салалар бар:
— банктік қызмет (кәсіпкерлік субъектілерге несие беру кірісі есепке алынбағанда): 25% (бұрын – 20%);
— казино қызметі, ойын автоматтары залы, тотализатор және букмекерлік кеңсе қызметтері: 25% (бұрын – 20%).
КТС бойынша алдын ала төлемдерді декларация тапсыруға дейін есептеу тәртібі өзгерді: алдын ала төлем сомасы декларация тапсырылмай тұрып мемлекеттік кірістер органдары арқылы автоматты түрде есептеледі. Сондықтан декларация тапсыруға дейін КТС бойынша есеп берілмейді, ал алдын ала төлемдер тек декларация тапсырылғаннан кейін көрсетіледі.
КТС сараланған ставкалары белгіленді. КТС жалпы ставкасы жекелеген қызмет түрлерін қоспағанда, КТС 20% мөлшерінде белгіленген:
25% — банктік қызмет (қоспағанда) бизнесті несиелеу) және ойын бизнесі; 3% — а/ш өнімін, аквамәдениет (балық шаруашылығы) өнімін өндіру, сондай – ақ өз өндірісінің аталған өнімін қайта өңдеу және А/ш өнімін, аквамәдениет (балық шаруашылығы)өнімін өндіруші заңды тұлғалар алған осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу жөніндегі қызметтен; 6% — жоғарыда көрсетілген кооперативтердің қызметінен; 5% — 2026 жылы, 10% — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-коммерциялық емес ұйымдардан басқа әлеуметтік салада.
– Сапар мырза, берген жауабыңызға рахмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

P.S. 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі – салық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформа. Бұл өзгерістер салықтық ауыртпалықты әділетті бөлуге, бизнесті цифрлық әкімшілендіруге көшіруге және мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Арнайы салық режимдерінің оңтайландырылуы, ҚҚС және КТС мөлшерлемелерінің саралануы, есептіліктің жеңілдеуі барлығы елдегі салық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек. Кәсіпкерлер мен салық төлеушілерге қазірден бас-тап жаңа ережелерге бейімделіп, ақпаратты толық меңгеріп, цифрлық құралдарды тиімді қолдануға дайын болғаны маңызды. Себебі алдағы өзгерістер салық төлеушілердің ашықтығын арттырып қана қоймай, ел экономикасының тұрақты дамуына да жол ашады.

 

Нурила НҰРБОЛҚЫЗЫ