ӨНЕРДЕ ДЕ, ӨМІРДЕ ДЕ ЕГІЗ ТАҒДЫР
Театр – тіршіліктің тылсым тынысын, адам болмысының терең иірімдерін сахна арқылы сөйлететін ұлы өнер. Ол – бір дәуірдің рухани айнасы, халықтың жан дүниесін бейнелейтін киелі кеңістік. Сол кеңістікке ғұмырын арнап, өмірінің әр демін сахнамен байланыстырған есімдері ерекше – Қазақстанның халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлын айтар едім. Бұл қос тұлғаның тағдыры – өнер мен өмірдің егіз ұғым екенін дәлелдеген ғұмыр. Олар сахнада да, сахнадан тыс өмірде де жұптасып, бір-бірінің рухани тірегіне айналған, өнер жолында жарты ғасырдан астам уақыт бірге еңбек етіп келе жатқан қайталанбас тұлғалар.
Осыдан жарты ғасыр бұрын, 1975 жылы, Талдықорған қаласында қазақ драма театрының шымылдығын ашқан жас актерлер тобының ішінде Кендебай мен Алмахан да бар еді. Сол бір күн олардың өмірінің жаңа парағын ашып, өнерге деген мәңгілік адалдық антына айналды. Сол сәттен бастап олардың есімдері жетісудың сахна тарихымен қатар аталып келеді. Бүгінде сол «Бикен Римова атындағы драма театры» олардың шығармашылық тағдырымен тығыз байланысты рухани ордаға айналды.
Жуырда Бикен Римова атындағы театр сахнасында өткен «Өнерде – 50, өмірде – 75» атты мерейтойлық кеш – қазақ мәдениетінің үлкен оқиғасы болды. Бұл шара елге өнер мен адалдықтың өлшемін танытқан қос тұлғаның шығармашылық және өмірлік белесін дәріптеді. Театр фойесінде олардың сахналық костюмдері, естелік суреттері, марапаттары мен жеке бұйымдары қойылып, көрермендер актерлердің өмірі мен өнерінен сыр шертетін көрме арқылы әсерлі сапар шекті.
Кешке Қазақстанның театр өнеріндегі айтулы есімдер – Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұлова және өзге де әріптестері қатысты. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаттары оқылып, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың ыстық лебіздері жеткізілді. Ал Абай атындағы опера және балет театрының әртістері, «Қоңыр» тобы мен «Иль-Канто» квартеті әннен шашу шашып, кештің шырайын кіргізді.
Мерекелік сахнада Алмахан Нұрпейісқызының өз сөзімен жазылған өлеңдері оқылып, «Дәнеш аға», «Фариза», «Қызыма» сынды әндері орындалды. Көрермендер қос актердің қатысуымен түсірілген «Көшпенділер», «Бір уыс бидай» фильмдерінен үзінділер көріп, өзге де көріністер мен сұхбаттардан олардың өнердегі әр қырына куә болды. Бұл сәт сахна мен экранның бір-бірін толықтырған тұтастығын айқын көрсеткен мезет еді. Олардың ішінде жүрегіме ерекше әсер қалдырғаны Алмахан Кенжебекованың перзентіне деген сағынышынан туған өлең болды. Сол сәтте өлеңнің әр жолына мұқият көңіл бөлгесін болар, көзіме еріксіз жас үйірілді.
Кендебай Темірбайұлы – қазақ театры мен мәдениетінің абыз тұлғасы. Оның сахнадағы шеберлігі мінезі мен болмысының көрінісі. Ол сомдаған әр кейіпкерде батырлық пен нәзіктік, қайсарлық пен мейірім үндесіп жатады. Оның орындауындағы Махамбет Өтемісұлы, Ақтамберді жырау, Әлихан Бөкейхан, Естай, Барақ сұлтан бейнелері қазақ руханиятында мәңгілік із қалдырған кейіпкерлер. Көрермен оны сахнада көрген сайын рухтанады, бой түзейді, ұлттық намыс пен рух биіктігін сезінеді. Мысалы, Кендебай Темірбайұлы Алаш автономиясының басшысы Әлихан Бөкейхановтың бейнесін салғанда, қалай көзіне еріксіз жас келгені, кейіпкерінің қайғысын жүрегімен түсінгені экранда көрсетілген үзіндіден байқалды.
Ол тек сахна шебері ғана емес, мәдениет саласында ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түсті. Мәскеудегі ГИТИС институтында театр директорларын даярлайтын арнайы курсты тәмамдап, кейін Талдықорған театрының директорының орынбасары қызметін атқарды. Бұл оның театрды тек актер ретінде емес, тұтас өнер ордасы ретінде сезінгенін дәлелдейді.
Кендебай ағамыз кино әлемінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Т.Теменовтің «Көшпенділер» фильмінде хан уәзірінің бейнесін, Д.Жолжақсыновтың «Құнанбай» туындысында билердің бірінің рөлін, С. Сарыбаевтың «Бір уыс бидай» фильмінде Доскен қарияны сомдап, қазақ киносына көркемдік бояу қосты. Әр бейнеде оның философиялық тереңдікке, шынайылыққа ұмтылғанын байқайсың.
Соңғы жылдары ол композитор ретінде де танылып, бірнеше ән жазды. «Өмір осы – дүние-ай», «Құс қанаты», «Ататегімді сағындым», «Аналарға сағыныш» сияқты әндерінен жүрек жылуы, өмірге деген сүйіспеншілік пен рухани тазалық сезіледі.
Оның жары, сахна серігі Алмахан Кенжебекова да қазақ өнерінің қазынасы. Ол өз рөлдерін жүрегімен сезініп, көрерменге шынайы әсер қалдырған сирек актрисалардың бірі. Оның орындауындағы Айгерім, Бопай, Сара, Жәмилә, Қорлан сияқты бейнелер – қазақ әйелінің рухани тұтастығын, ішкі әлемінің тереңдігін ашқан образдар. Алмахан Нұрпейісқызының өнеріндегі ең басты ерекшелік – әр рөлге деген құрмет, әр сөзге деген жауапкершілік.
Актриса сахнада ғана емес, ән мен поэзия әлемінде де өзіндік ізін қалдырды. Оның Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне жазған «Сахарада керуендер», «Мәңгіге сен қаларсың», «Туған ел» әндері талай жүректерді тербеді. Бұл әндер қазақтың табиғи сазы мен поэтикалық нәзіктігін үйлестірген шығармалар.
Алмахан апайдың балалық шағы да өнердің нұрымен басталған. Нарынқолдың Қайнар ауылында өскен кішкентай қыздың арманшыл қиялы аспанмен таласқан. Ол табиғатқа қарап, жұлдыздарға тамсанып, өзімен-өзі қиялға шомған сәттерін еске алады. Сол бала арман оны ән мен сахнаға жетеледі. «Мен өмірге өнер үшін келгендеймін» – дейді ол. Бұл сөз оның бүкіл өмірінің айнасы.
Кішкентай Алмаханды алғаш өнерге жетелеген сәт – ауылға кино түсіруге келген қазақтың алғашқы операторы Ескендір Тынышбаевпен кездесу болған. Сол кезде ол бала Алмаханның бойынан ерекше қасиет көріп, «сен әнші болуға лайықсың» деп батасын берген екен. Сол бір жылы сөз оның жүрегіне мәңгілік шам жаққандай әсер қалдырды дегенді айтты сахнада Алмахан апай. Кейін ол Алматыдағы эстрада училищесіне түсіп, Жүсіпбек Елебековтен тәлім алды, одан соң Шолпан Жандарбекованың шәкірті атанды. Бұл ұстаздар мектебі – Алмахан Кенжебекованың кәсіби және рухани кемелденуінің бастауы еді.
Сол кезден бастап ол театрды өмірінің мәніне айналдырды. «Сахнаға шыққанда өзімді 20-30 жастағыдай сезінемін. Ал түсіп кеткен соң ғана жетпіс беске келгенімді байқап қаламын» – дейді актриса. Расында да, сахна оның жанының мәңгілік мекені.
Бір отбасында екі өнер адамының халыққа танылуы, екеуінің де сахнада түрлі рөлдерді сомдауы олардың отбасына қалай әсер етеді деген сынды сұрақтар көрермендерді ойландыратыны анық. Өнер майталманы Алмахан Кенжебекова жұмыстың отбасылық өмірге қиындық тудырмайтыны туралы бір сұхбатында: «Мен айтатынмын, мен кейін ұлы адамға жар болуым керек, ол өмірде сондай керемет кезеңдер жасауы керек, өмірді өзгертетін үлкен болмысы болуы керек деген пікірмен өстім. Сондай мықты адамның өмірін өзгерту үшін мен бар күшімді саламын, қорған боламын дейтінмін. Егер өзім ешкім болмасам, жарым ұлы тұлға болуын қалайтынмын. Міне, өмірімде актер адамды кездестірдім. Біз ақылдаса келе, осы саланың ыстығына да суығына да қарамай түбіне жетеміз деп келістік. Бұл да мен үшін бақыт. Балаларымыздың бәрі шүкір, есті болып өсті. Өкінішке қарай үлкен ұлымыз 2019 жылы дүниеден өтіп кетті. Әйел бола жүріп, әртіс болу қиын шырағым. Біз бір салада жүргендіктен үлкен түсіністікті саяладық. Бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп отырдық. Бүгінде театр әртісі болуды армандайтын жастарды тәрбиелеп келеміз. Алды үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр», — деп айтқан екен.
Кендебай Темірбайұлы мен Алмахан Кенжебекованың өмір жолы елу жыл бойы бір-біріне сүйеніш, өнерде серік болған қос жүрек – сахна өнерінің алтын діңгегі. Олар тек сахнада ғана емес, өмірде де тату-тәтті отбасының, адал жар мен асыл ата-ананың үлгісі. Алмахан апайдың сөзімен айтқанда: «Біз сахнада қаншама рөл ойнадық, бірақ өмірде ең маңызды рөл – адал жар мен сенімді серік болу еді». Бұл сөз олардың өмірлік ұстанымын дәл сипаттайды.
Бүгінде қос тұлға – тек театр сахнасында емес, ұстаздық жолда да жастарға бағыт беріп жүрген ұлағат иелері. Театрға келген жас әртістер үшін олар тірі шежіре, үлгі мен өнеге мектебі. «Әртіс болу үшін тек мәтінді жаттау аз, оқып, ойлану, сезіну керек» – дейді Алмахан апай. Бұл – сахнаға келген әр буынға өсиет.
Бүгін олар жетпіс бес жасқа толып, артта қалған елу жылдық сахна жолына қарап, еш өкінбейді. Өйткені олардың өмірі – тұтастай өнерге айналған. Өнер жолы оңай емес. Ол төзім мен табандылықтың, ізденіс пен жанкештіліктің жолы. Қос тұлғаның өмірі осының айқын дәлелі. Олар үшін сахна – өмірдің жалғасы, ал көрермен – рухани отбасы.
Қазақ сахнасының қос қарлығашы – Алмахан Кенжебекова мен Кендебай Темірбайұлының өмір жолы – ұлт руханиятының алтын арқауы. Олар өз заманының өнерін ғана емес, келер ұрпақтың рухын тәрбиеледі. «Біз сахнадан кеткен күні өлеміз» деген сөздері – олардың өнерге деген адалдығының айғағы.
Бүгінгі ұрпақ осы қос тұлғаның өмірін өнеге етіп, сахна мен руханияттың киесін сезінеді. Өйткені олардың ғұмыры – өнердің мәңгі өлмейтін жыры. Бұл жыр – адалдықтың, сүйіспеншіліктің және рух биіктігінің шынайы куәсі. Сахна шымылдығы жабылған сайын көрерменнің жүрегінде олардың бейнесі қайта жаңғырады. Өйткені шынайы өнер – уақытқа бағынбайтын мәңгілік құндылық. Ал Кендебай ата мен Алмахан апайдың өмір жолы – сол мәңгілік өнердің биік шыңы.
Гүлнұр БАЙМҰХАН
Фототілші: Жеңіс ЫСҚАБАЙ
