АҚЫЛДЫ ШЕШІМ — СЕНІМДІ ҚАДАМ

0
31

Жетісу облысында әйелдердің көшбасшылық, құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді жоба жүзеге асырылды. Жоба 8 аудан мен 2 қаланы қамтып, мектептер мен колледждерде ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілді. Оқытуға республикалық деңгейдегі мамандар шақырылып, сабақтар интерактивті, заманауи форматта ұйымдастырылды.

Көшбасшылық бағыты бойынша Гүлнар Қожағұлқызы Тойлыбаева дәріс өткізіп, мақсат қою, шешім қабылдау, уақытты басқару, командамен жұмыс істеу сияқты маңызды дағдыларды үйретті. Қатысушылар рөлдік ойындар мен кейстер арқылы тәжірибелік білім алды.

Қаржылық сауаттылық бойынша Әсел Жарасқалиқызы жеке бюджетті басқару, жинақ пен инвестиция, қауіпсіз төлемдер, алаяқтықтан қорғану сияқты тақырыптарды түсіндірді. Практикалық тапсырмалар қатысушылардың қаржылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

Құқықтық бағыттағы дәрісті Ержан Жанатұлы Даулетбаев жүргізіп, азаматтық құқық, құжаттармен жұмыс, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, киберқауіпсіздік және отбасылық құқық мәселелерін қарапайым тілмен жеткізді. Тақырыптар нақты жағдайлар мен орындауға бағытталған жаттығулар арқылы түсіндірілді.

Курс Ескелді ауданындағы «Тау Жетісу» демалыс аймағында өткізілді. Қатысушыларға толық жағдай жасалып, әдістемелік материалдар таратылды. Жоба барысы медиа кеңістікте кеңінен жарияланды. Жоба өңір әйелдерінің білімін арттыруға, сенімділігін күшейтуге және қоғамдағы белсенділігін дамытуға зор ықпал етті.

 

 

Арайлым МҰХИТҚЫЗЫ