МАУСЫМДЫҚ ЖӘНЕ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ДӘРІГЕР БАҚЫЛАУЫНДА

0
27

Жетісу облысында тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусым қыза түскен тұста, өңір мамандары халықты ақпараттандыруды күшейтіп отыр. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова мен облыстың бас эпидемиологы Рандир Сахариев БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, аймақтағы инфекциялық ахуал жөнінде жан-жақты мәлімет берді.

Мамандардың сөзінше, вирус-тық аурулардың маусымдық белсенділігіне қарамастан, облыс-тағы жағдай тұрақты және медицина ұйымдары толық дайындық режимінде жұмыс жүргізуде.
Олар биылғы эпидемиологиялық маусымда Қазақстанда әдеттегі тұмау вирустары айналымда жүр дейді. Жаңа немесе аса қауіпті штамдар тіркелмеген. Ел аумағында анықталып отырған «Гонконг тұмауы» деп аталатын А(H3N2) вирусы – 1968 жылдан бері әлемде үнемі тіркеліп тұратын маусымдық штамм. Ол классикалық тұмауға тән белгілермен – дене қызуы, әлсіздік, жөтел, бас ауруымен байқалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, биылғы маусымда тұмаудың үш штаммы — А(H1N1), А(H3N2) және В типтері жиі кездесуде. Аталған штамдар қолданыстағы тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинаның құрамына енгізілген.
Эпидмаусым басталғалы облыста ЖРВИ-дің 45 674 жағдайы тіркелген. Оның 30 912-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,6 есеге артқан екен. Облыста вирустың басқа түрлері де тіркелген. Зерттелген 60 үлгінің 19-ы тұмауға жатпайтын риновирус, парагрипп, бокавирус, РС вирус және короновирусқа оң нәтиже берген. Оқушылар арасында 2025-2026 жылғы эпидмаусымда 4 333 ЖРВИ, 49 тұмау жағдайы тіркеліп, мектептерде сырқаттанушылық 10%-дан аспайды.
Облыстың бас эпидемиологы Рандир Сахариевтің айтуынша:
– Медицина ұйымдары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 29 мобильді бригада мен 25 сүзгі кабинеті жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға жедел кеңес беру үшін 48 телефон желісі іске қосылған. Сондай-ақ, жедел медициналық көмекті 69 бригада үздіксіз көрсетуде. Инфекциялық стационарлар мен аудандық ауруханалардың жұқпалы бөлімшелерінде барлығы 421 төсек-орын дайындалып, қосымша 196 төсек резервте тұр, — дейді.
21 қарашадағы дерек бойынша инфекциялық төсек-орындар жүктемесі 99 пайызды құрап: 420 науқас ем қабылдауда. Оның 323-і балалар, дегенмен жансақтау бөліміне түсіп жатқан ауыр жағдайлар тіркелмеген дегенді де тілге тиек етті маман.
Тұрғындар арасында профи-лактикалық түсіндіру шаралары да кең көлемде жүргізіліп, халыққа 15 813 ақпараттық парақша таратылып, 1,5 мыңнан астам адамды қамтыған семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылған.
Көрсеткіштерге сенетін болсақ, облыстағы маусымдық вирустардың белсенділігі артса да, медицина мамандары ахуалды бақылауда ұстап отыр деп топшылаймыз. Халыққа дер кезінде көмек көрсету үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын айтқан дәрігерлер тұрғындардан сақтықты күшейту, жеке гигиена ережелерін сақтау және ауру белгілері байқалғанда уақытылы ауруханаға жүгінуді талап етеді.

ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПАРАЗИТТІК АУРУЛАРДЫҢ
АХУАЛЫ

Облысымызда осы жылдың алғашқы 10 айында инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал өткен жылмен салыстырғанда кейбір нозологиялар бойынша өсу мен төмендеуді қатар көрсетіпті. Мамандар ұсынған мәліметке сәйкес, тұмау, серозды менингит, сіреспе және желшешек сияқты төрт нозологияда сырқаттанушылықтың өсуі тіркеліп, ал бруцеллез, туберкулез, жіті ішек инфекциялары, сальмонеллез, вирустық А гепатит, қызылша, көкжөтел, іріңді менингит, скарлатина, ЖРВЖ, эхинококкоз, аскаридоз, қышыма, дерматомикоз, педикулез, энтеробиоз, лямблиоз сияқты он жеті нозологияда сырқаттанушылық деңгейі төмендеген. Аса қауіпті және карантиндік инфекциялар облыста тіркелмеген.
Эпидемиологиялық қауіптің алдын алу және жұқпалы ошақтардың өршуіне жол бермеу мақсатында облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі апта сайын мониторинг жүргізіп, эпидемияға қарсы кешенді шараларды жүзеге асырып жатқанын айтады.
– Ұлттық иммундау күнтізбе-сіне сәйкес 21 инфекцияға қарсы екпе егу жұмыстары жалғасуда. Биылғы 10 айда 34 092 бала жоспарлы вакцинациядан өтті. Белгісіз себептермен немесе өткізіп алған балалар толықтырушы иммундаумен қамтылып, бастапқы жоспарда — 13 137 баланы қамту көзделгенімен, іс жүзінде 18 298 балаға екпе салынған. Инфекция ошақтарында жұқпамен байланыста болған адамдарға шұғыл иммундау жүргізіліп, 222 адам қамтылды, оның ішінде ВГА – 88, ВГВ – 64, қызылша – 70 жағдай тіркелді, — дейді Индира Күнбасова.
Эпидемиологиялық маусымның басталуымен облыс әкімдігі мен медицина ұйымдары алдын алу шараларын күшейткен. Жергілікті бюджет есебінен 82 мың доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынып, мектеп-интернат, балалар үйі, қарттар үйі, мүгедектер үйі тұрғындары, иммунитеті төмен балалар, созылмалы сырқаты бар ересектер, медициналық қызметкерлер және жүкті әйелдерге екпе егілді. Білім ошақтарында мониторинг жүргізіліп, балалардың денсаулығы бақылануда, егер ауырғандар саны белгілі көрсеткіштен асса, оқушылар онлайн режимге көшіріледі екен.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың жұмыс уақыты ұзартылып, дәрігер шақыру кезінде 1 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және 60 жастан асқан тұрғындар бірінші кезекте көмек алады. Атқарылған шаралар нәтижесінде облыста аса қауіпті және карантиндік инфекциялар тіркелмеген.
Облыс көлемінде табиғи инфекциялық ошақтар бақылауда. Бұл туралы өз сөзінде Индира Саветқалиқызы:
– 2025 жылдың 10 айында құтырма адамдар арасында тіркелмесе де, Ақсу мен Қаратал аудандарында үй жануарлары арасында екі жағдай байқалды. Жануарлар тістеген тұрғындарға егу жүргізіліп, 1436 адам медициналық көмекті алып, вакцинамен қамтылды. Ал Сібір жарасына қарсы 980 доза вакцина сатып алынып, 806 адамға екпе салынды. 8 ауданның 88 елді-мекенінде туляремияға қарсы дератизация мен дезинсекция жұмыстары жүргізіліп, 8218 адам иммундаумен қамтылды. Кене энцефалиті мен безгекке қарсы профилактикалық өңдеулер 354 га аумақта жасалып, инфекциялық және паразиттік аурулардың 1051 ошағында толық залалсыздандыру жүргізілді. Облыс аумағында эпидемиологиялық қауіп бақылауда, алдын алу шаралары жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асырылуда, — деді.
Жалпы, Жетісу облысында жұқпалы аурулардың ахуалы тұрақты, қауіпті инфекциялар тіркелген жоқ. Бұл тұрғындардың денсаулығын қорғау үшін жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың айқын нәтижесі.
Мамандар атап өткендей, эпидемиялық жағдайды тұрақты ұстау тек дәрігерлердің ғана міндеті емес, әрқайсымыздың жауапкершілігімізде. Вакцина алу, қолды жиі жуу, жеке гигиенаны сақтау және ауру белгілері пайда болса дереу дәрігерге қаралу – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы.
Яғни, эпидемиялық қауіпсіздік әрқайсымыздың қолымызда, ал санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен медицина мамандарының жұмысы бұл қауіптің алдын алуға сенімді кепіл болып отыр.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН