ОБЛЫСТА КӨШІ-ҚОН ТӘРТІБІ КҮШЕЙДІ

0
25

Жетісу облысында көші-қон үдерістері жыл санап қарқын алып келеді. Өңірге келетін шетел азаматтарының саны артып, олардың жүріп-тұруы мен құжаттық рәсімдері жіті бақылауға алынып отыр. Бұл бағытта қабылданған шаралар – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі.

Соңғы айларда жүргізілген кешенді мониторинг өңірдегі көші-қон ахуалының біршама жүйеленіп, заңнаманы сақтау деңгейінің көтерілгенін айқындап берді. Осы мәселеге қатысты ақпаратты Жетісу облысының ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте жан-жақты баяндады.
Биылғы он айда облысқа «eQonaq» ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген шетел азаматтарының саны 27 989-ға жеткен. Жүйе арқылы тіркелгендер саны 2024 жылы – 9 803 азамат болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,4 пайызға көп, айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Уақытша тұруға тіркелген 14 058 шетелдіктің басым бөлігі Өзбекстаннан – 13 554 келсе, басқа мемлекеттердің азаматтары да өңірге тұрақты келіп-кететінін аңғаруға болады. Мысалы 10 айда: Қытайдан – 162, Ресейден – 158, Тәжікстаннан – 270, Қырғызстаннан – 62, Түркиядан – 9, Жапониядан – 4, Әзірбайжан-нан – 6, МХР және Үндістан елдерінен – 3-тен, Ұлыбритания және АҚШ – 1-ден келген азаматтар тіркелім көрсеткіштерін толықтырып тұр.
Көші-қон саласындағы тәртіпті күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылы 23 сәуірдегі №323 бұйрығына сәйкес жыл басынан бері алты жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылғанын айтты басқарма басшысы. «Заңсыз келуші», «Мигрант» және «Іздестіру» атты рейдтер барысында құқық бұзған 5 638 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 3 842-сі еліміздің азаматтары болса, 1 796-сы шетелдік азамат. Бұл жерде тек шетелдіктер ғана емес, Қазақстан азаматтары да көші-қон талаптарын жиі елемейтіні байқалады. Құжатсыз жүру, тіркеусіз тұру, шекара аймағында белгіленген тәртіпті бұзу сияқты әрекеттердің көбеймеуі үшін полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізіп келеді.
Өңірде заңсыз көші-қонға жол бермеу бағытындағы шаралар күшейтілгендіктен, биыл сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылған шетелдіктер саны 339-ға жеткен. Өткен жылы олардың саны – 52 болған. Салыстармалы түрде көрсетілген сандардан заң бұзушылықтың биыл көп болғанын аңғарамыз.
Заңсыз шекара кесіп өту, жалған құжатпен кіру секілді сорақылықтар әлі де кездесуде. Мәселен, қазан айында Алакөл ауданында анықталған Өзбекстан азаматының елге заңсыз кіргені бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жетісуда көші-қон заңнамасын бұзған-дарға салынған айыппұл көлемі де аз емес – 41,5 млн теңгеден асады. Ең маңыздысы, бұл соманың толықтай өндірілгені. Құқық бұзушылықпен қоса, алимент төлемей жүрген азаматтарды анықтау да көші-қон қызметінің назарында. Жыл басынан бері алимент төлемейтін 57 адамның 22-сі табылса, іздеудегі 53 борышкердің 27-сі анықталған.
Құжаттандыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды жалғасуда. 91 мыңнан аса тұрғын жеке куәлік пен төлқұжат алған. Тұрғылықты жері бойынша тіркелгендер мен тіркеуден шыққандар саны да тұрақты динамика көрсетуде. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтығын алып жатқан шетелдік азаматтар саны артып келеді. Биылдың өзінде 849 адам азаматтық алса, 1 380 шетелдік елде тұрақты тұруға рұқсат алып, ықтиярхатпен құжаттандырылған.
Жетісу облысының көші-қон қызметі атқарылған жұмыстар өңірдегі көші-қон үдерісін реттеуге оң ықпал еткенін атап өтті. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көші-қон саласының маңызы ерекше екені анық. Сондықтан алдағы уақытта да бұл бағыттағы мониторинг пен профилактикалық шаралар үздіксіз жалғасын таппақ.

 

Гүлнұр БАЙМҰХАН