ҚАЗАҚТЫҢ АТА ДӘСТҮРІНДЕ ЕКІ БАЙМЕН БІР ҮЙДЕ ТҰРУ БОЛМАҒАН

0
26

Соңғы күндері әлеуметтік жүйе қызу талқылап жатқан тақырып – екі күйеумен тұру, яғни, баймен ажырасып барып басқасына тиюді емес, екі баймен бір үйде тұруды заңдастыру мәселесі. Қалай заңдастырады, егер ата салтымызда қазақ болып жаратылғалы бері екі баймен тұру ешуақытта қарастырылмаса? Болып көрмеген салт қой бұл.

Тіпті Жаратқанды аузынан тастамайтындар да өре түрегеліп, қарсы болып жатыр. Ал Жаратқан неге ерлерге көп әйел алуға рұқсат берген?- дегенді айтқан сұлуларға олардың айтары: әйелдің еркектен төмендігі. Ал қазіргі жаһандану перизаттарының оған көнгісі жоқ: екі байым болатын заң керек, жасаңдар соны, теңдік керек, гендерлік саясатқа дұрыс көзқарас керек ! – деп шуылдауда…
Бұдан ертерек депутат Бақыт Сыздықова сіңліміз осы мәселені қозғап, ештеңе шығара алмап еді, енді Баян Алагөзова бикеш шықты сол тақырыпты қозғап. Неге екен?Басқа тақырып жоқ па әлеуметте? Әлде, Тұрсын мырза тағы әйел алам деп әлек салып жатыр ма екен?
Парламентте көп әйел алуды заңдастыру керек деген депутат Абзал Құспановтың мәлімдеесінен кейін Баян Алагөзова әйелдер құқығын қорғайтын, екі баймен тұруын заңдастыратын қарама-қарсы заң шығартып, көп әйел алғыш еркектердің көзін көкшитейін дегені ме екен? Еркектердің өкілі Бекболат бауырымыз көп әйелмен «олар мені сүйеді» деп тұрып жатса, әйелге неге дәл солай тұрмасқа?Заң ортақ емес пе бәрімізге дейтін әйелдерге не дейсіз?
Мұсылман діні ғана емес, жалпы адамзаттың қай діні болмасын ер адамдарға көп әйел алуға рұқсат бергенімен, әйелдердің көп еркекпен жүруіне тыйым салған. Қазақтың ата-дәстүрінде екі баймен бір үйде тұру атымен болмаған. Отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, әке-шешенің жақсы өнегесі деген ұғым қайда қалды? Бірақ өмірде талай қызық бар…

Екі-үш байы бар әйел тек
Тибетте ғана емес…

Өмірде не болмайды десеңізші… Өзім білетін мына бір оқиға қазіргі күн тақырыбына сәл де болса байланысты жағдай.
Танысымның күйеуі өткен ғасырдың 90-жылдардағы тоқырау кезеңіндегі қиындыққа шыдамай іше бастады. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, алып күш иесі, әркімнің қолынан келе бермейтін алыс қалаларға Икарус автобусымен жолаушылар тасымалдап, күреп қаржы тауып жүрген азамат тоқырау кезеңінде айлакер, іскер басшыларының автобус паркіндегі жаңа автобустарды ақырындап бизнес көзіне айналдырып, басқа облыстарға сата бастаған кезде, бұларды ұжымның байырғы мүшесі ретінде бірден қуып жібермей, автобустардың ескілеуін беріп жұбатып қоятын.
Ал ескінің аты ескі, жолда бұзылады, мотор қақалады-шашалады дегендей, оны қалтасынан ақша шығарып жөндейтін де кездері болып, қалтадағы ақша дағдарысына ұшырады. Әйелге беретін жалақы мөлшері күрт азайып,көңіл жүдеді, үнемдеу кезеңі туды.
Сөйтіп жүргенде астындағы автобусын бастықтар өздерінің туыстарына «уақытша жүре тұрсын» – деп бұдан алып, қайтып бермей қойды.Бұл солайша жұмыссыз қалды. Күнкөріс мүлдем қиындады. Тозды-азды.Ішті.
Қысқасы, отбасына келген қиын кезеңде үйлеріне өмірден таяқ жеп, панасыз қалған, кішкентайынан бірге өскен досы келді. Жүдеу, жұмыссыз, баспанасыз қалған. Әйелі бәрін өзіне аударып жазып алған соң, «шуу, қарақұйрық» деп үйді сатып жіберіп, өзіне ыңғайлы мекенге көшіп алған. Жұмыссыз қалған күйеуін тіпті балаларға да жолатпаған.
Екі жұмыссыз еркек қосылғанда не істеуші еді? Қайдан алатыны белгісіз –ішетін.Еден жуып күн көріп жүрген әйел екі еркек пен жалғыз ұлды қосқанда үш бірдей еркекті асырады. Біраз уақыттан кейін күйеуі жатып қалды ауырып.Үйдегі барлық ауыр шаруа күйеуінің досының мойнына көшті.Енді ауру күйеуіне қарап, баласын оқытып — асырау досы мен әйелдің мойнына түсті. Досы мен әйелі бірігіп ауыр жұмыстар істеді. Ауруды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті, киіндіріп отырды. Ауыр оперциядан кейін екеуі де оны жақсы күтті.Есік алдындағы асхана сияқты бөлмеде тұрып жатқан досы баяғыдан-ақ әйелінің көңілін тапқанын сезді ол. Әйелінің де досына деген қабағы жылы екенін көрген сайын іші иттей ұлитын. Үйіне әрең кіргізген досына әйелінің тиіп алатынын ол сезген еді…Көзінің тірісінде-ақ әйелі оның досын қойнына алғанын сезді. Амал жоқ. Ауру болса меңдеп кетті. Ақыры ол бақилық болды. Әйелі оның досымен үш жыл отасты.Оның екі жылы күйеуінің тірі кезінде-ақ болған еді. Көп ұзамай жүрек ауруынан ол досы да кетті бақилыққа.
Жақында сол әйелді көрдім. Қасында тағы бір ер адам жүр. «Мынау кім ?»-деп сұрап едім, «күйеуім» деді. Бұл – менің білуімше «үшіншісі». Дәстүріңе қарап жатқан адамды көрмедім мен. Күйеулерден шаршаған жоқсың ба?-деп айтқан болып едім, өзімді сөгіп тастады: — Сенің дәстүрің маған не береді? Маған күн көру керек, өмір сүру керек. Қиындықты көрмеген адам біреуге ақыл айтқыш болады екен, осы – деп әбден бүлінді. Тілімді тістедім. Жарайды, бақытты болыңдар! – деп жөніме кеттім.
Неге екенін білмедім, есіме Тибеттегі әйелдердің екі-үш күйеуі болады екен деп ғаламтордан оқығаным түсіп кетті. Ия, Тибет әйелдері үшін оларға заң жоқ. Зайырлылықтан ауылдары алыс халық. Ал біз ше? Көп әйел алуға рұқсат сұраған ерлерге ерегіске кетті ме – әйелдер неге көп күйеулікті заңдастыруды сұрап жатыр? Заңсыз да тұрып жатқан әйелдер бар екенін көрдім. Бірақ, біз үшін бұл өте сирек құбылыс.
Анықтама: әйелдің бірнеше байы болуы әлемде сирек болса да кездесетін жағдай екен. Мысалы, Тынық мұхитының Меланезия аралында, Африканың тайпаларында,Бутан корольдігінде,Непалда, сирек болса да Қытай мен Индияда, Тибетте әйелдердің 15 пайызы. Тіпті, тәжірибе жасап көру ретінде ретінде АҚШ-та да баршылық дейді. Сіз не дейсіз?

Баян Таңатарова
«Алатау»