САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢА РЕЖИМІ ҚАНДАЙ КҮЙДЕ?

0
26

Бүгінде халық арасында өзекті мәселеге айналған өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтарға жаңа салықтың қандай тиімділігі барын білу мақсатында біз кішігірім зерттеу жүргізіп көрдік. Жасыратыны жоқ, жаңа салықты түсінгендер оны халыққа салмақ салады десе, енді біреулері оның оңтайлы екенін айтып сендіре алмауда.

Кейбір шағын кәсіпкерлер 2026 жылдың басынан осы режимге өтуді бастап кетіпті. Ашық ақпарат көздерінде қазірге дейін 66 мың азамат қызметін заңдастырғаны туралы жаңалықпен де бөліскен.
Қазақстанда өз бетінше жұмыс істеп жүрген адамдар аз емес. Бірі такси жүргізеді, бірі үй жөндейді, енді бірі интернет арқылы қызмет көрсетеді. Олар таңертең жұмысқа бармайды, кешке бастыққа есеп бермейді. Бірақ еңбек етеді, табыс табады, ел экономикасының ішінде жүр. Соған қарамастан, ұзақ уақыт бойы бұл топ ресми жүйеден тыс қалып келді. Бір сөзбен айтқанда, олар бар да, жоқ сияқты еді.
2026 жылдан бастап осы жағдай өзгермек. Жаңа Салық кодексі аясында енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арнал-ған арнаулы салық режимі мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты жаңа деңгейге шығаруға талпынып отыр. Бұл – тек салық туралы әңгіме емес. Бұл – сенім, әлеуметтік жауапкершілік және көлеңкелі экономиканы заңды арнаға бұру жайлы дұрыс әңгіме.

«Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға сәйкес жасына байланысты зейнеткерлер бұл режим аясында әлеуметтік төлемдерді төлеуден толық босатылады»

Бұған дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелу көп адам үшін ауыр қадам болды. Құжат, есеп, декларация, касса, тексеріс деген сөздердің өзі талай жанды шошытты. Сондықтан мыңдаған, тіпті миллиондаған адам «тіркелмей-ақ жүре тұрайын» деген шешім қабылдады. Бірақ бұл шешімнің екінші жағы бар еді: зейнетақы жоқ, медициналық сақтандыру жоқ, әлеуметтік қорғаныс жоқ.
Жаңа арнаулы салық режимі осы түйінді тарқатуға бағытталған. Мемлекет енді азаматқа «кәсіпкер бол» деп талап қоймайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам жеке тұлға күйінде қала береді. Ол жалдамалы жұмысшы ұстамайды, өзі еңбек етеді, өзі табыс табады. Егер қызмет түрі Үкімет бекіткен тізімге кірсе және айлық табысы 300 (3600 АЕК) айлық есептік көрсеткіштен аспаса, жаңа режим оған толықтай қолжетімді. 2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгеге тең болғанда, бұл шамамен 1,3 млн теңге көлеміндегі айлық табысты құрайды. Ал осы сомадан асқан болса салықтық жаңа режимге кірмейді деп түсіндік.
Жаңа арнаулы салық режиміне қатысуға рұқсат етілген қызметтің негізгі санаттары:
— Тұрмыстық және жөндеу қызметтері: компьютерлерді, тұрмыстық техниканы, киім-кешекті, аяқ киімді, жиһазды, зергерлік бұйымдарды жөндеу, сондай-ақ сылақ, сырлау, ағаш ұсталығы және басқа да шеберлік жұмыстары.
— Шығармашылық және зияткерлік қызметтер: көркем және әдеби шығармашылық, фотосурет, ауызша және жазбаша аударма, сондай-ақ спорт, демалыс және мәдениет саласындағы білім беру.
— Жалға беру және көлік қызметтері: такси қызметі, тұрғын үйді жалға беру (субаренда), жеке қолданыстағы заттарды жалға беру.
— Интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қызметтер: тек интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қосымша коммерциялық қызметтер.

Ендігі кезекте ең көп
айтылып жүрген мәселе – салық мөлшері

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат табыс салығын мүлде төлемейді. Алған табысының небәрі 4 пайызы ғана әлеуметтік төлемдерге кетеді. Оның өзі төрт бағытқа бөлінеді: 1 пайыз зейнетақы, 1 пайыз әлеуметтік аударымдар, енді қалған 2 пайыз медициналық сақтандыру және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына теңдей бөлінеді. Бұрын мұндай мүмкіндікті тек ресми жұмыс істейтіндер ғана пайдалана алатын.
Қоғамда бұл жаңалық әртүрлі пікір туғызды. Біреулер «мұндай жеңілдік бұрын-соңды болмаған» десе, енді біреулер «осымен бақылау күшеймей ме?» деп сақтық таныту керек деп болжауда. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл жолы мемлекет бақылауды емес, ынталандыруды алдыңғы орынға қойып отыр. Себебі көлеңкеде жүрген еңбекті ашықтыққа мәжбүрлеу мүмкін емес, ал жағдай жасау арқылы тартуға болады.

Жаңа режимнің тағы бір маңызды тұсы –
оның қарапайымдылығы

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам салық органына барып, арнайы өтініш жазбайды. Бар болғаны «e-Salyq Business» мобильді қосымшасына тіркеліп, алғашқы фискалдық чекті қалыптастырады. Сол сәттен бастап ол заңды түрде жұмыс істей бастайды. Есеп тапсыру жоқ, декларация жоқ, касса аппараты да қажет емес. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады.
Интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтіндер үшін бұл жүйе тіпті жеңіл. Такси жүргізушілері, курьерлер, онлайн-қызмет көрсетушілер үшін чектерді де, әлеуметтік төлемдерді де платформа операторы өзі жүргізеді. Кейбіреулер мұны «салықтың ең ыңғайлы түрі» деп атап жүр. Себебі адам өз жұмысын істейді, ал қалғанын жүйе өзі реттейді.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимінің қолданылуы Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 77-тарауының 718–721-баптарымен реттеледі»

Бизнес қауымдастығы да бұл өзгерісті оң қабылдап отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметіне төленген қаражатты енді салық салынатын табыстан шегерімге жатқызуға болады. Бұл компанияларды бейресми келісімдерден бас тартып, ашық жұмыс істеуге ынталандырады. Нәтижесінде нарықтағы сенім де арта түспек.
Әрине, бұл режим бәріне бірдей сәйкес келе бермейді. Қызмет түрлерінің тізімі шектеулі, табыс лимиті бар, жалдамалы жұмысшыларды пайдалануға тыйым салынған. Кейбір азаматтар өз қызметінің тізімге енбегеніне наразы. Бірақ экономистердің айтуынша, кез келген жаңа жүйе тәжірибе арқылы жетілдірі-леді. Бастысы – алғаш рет өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнап нақты, түсінікті әрі қолжетімді тетік жасалды.
Жаңа жүйе осылайша өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды ел экономикасының бел ортасына тартуды көздегенмен жаңа жүйенің басталуында кедергілер де кездесуде.

Жаңа арнаулы салық режимін жай ғана жеңілдік деп қабылдау жеткіліксіз. Бұл – экономикалық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама деуге болады. Бұл реформаның түпкі мәні – әлеуметтік қауіпсіздік. Бүгін 4 пайыз төлеген адам ертең зейнетақысыз қалмайды, медициналық көмексіз отырмайды. Ал мемлекет үшін бұл – болашақтағы әлеуметтік жүктемені азайтудың жолы.

Жаңа салық режиміндегі ақаулар

Жаңа салық режимі бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап жұмысты бастау қиын болып тұр – дейді саясаткер Ғазиз Әбішев. Ереже бойынша олар E-Salyq Business платформасына тіркеліп, екінші дәрежелі банктерден арнайы есепшоттарын ашып, сол арқылы жұмыс істеуі керек болса да, нақты ол жұмыс тоқтап тұр. Анығын айтқанда арнайы есепшот ашуға екінші деңгейдегі банктер дайын болмай шықты. Мәселені анықтағанда Ұлттық банк бұл ережеге дайындықты тек 31 желтоқсанда ғана бастаған. Салық сарапшыларының айтуынша, арнаулы есепшоттар тек қаңтар айының соңына қарай дайын болатын шығар. Ал оған дейін өзін-өзі жұмыспен қамтушылар табыстарын таза ақшалай алып немесе карталарына аударта алады, чектерін жоғалтпай кейін салық мекемелеріне есеп бере алады деген кеңестер беріліп жатыр.
«Бұл дегеніңіз жауапсыздық, ереже шартын орындау үшін банктер жұмысы әлі екі-үш айға созылуы мүмкін» – дейді салық сарапшысы Дмитрий Казанцев. Салық туралы Кодекс шыққалы талай уақыт болды, ал жүйе дайын емес. Бұл мыңдаған өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың сенімсіздігін тудырып отыр. Басқа да салық сарапшыларының айтуынша, Салық Кодексінің сөз мәтіні де дұрыс жазылмаған, түсініксіз жерлері бар деген сын айтылуда.

Автордан: Уақыт өте келе орын алған келеңсіздіктер жойылып, жаңа салық ережесі оның қаншалықты тиімді екенін тәжірибе көрсетеді деген ойдамыз. Өйткені мемлекет бұл жолы халықтың өмір салтына бейімделген шешім ұсынуға тырысып отыр. Ал мұндай қадамдар қоғамда сенім қалыптастырудың алғашқы баспалдағы саналады.

Гүлнұр БАЙМҰХАН