СОҢҒЫ 1 АЙДА ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВТЫҢ СЫНЫНА ҰШЫРАҒАНДАР

0
39

Соңғы бір айда қоғамымыздағы жанды қозғалысқа түрткі болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңарту жолындағы алға қойған өзекті де басты мақсаттағы мәселері ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Оның бәрін тізіп айтпай-ақ қояйық.

Бірақ соңғы кезде мемлекет басшысы тарапынан шенеуніктердің сынға ұшырауы көбейгені байқалды.
Осы кезге дейін ел басқарып отырса да төмендегілерге дауыс көтеріп сөйлемейтін, өте жоғары деңгейдегі ішкі мәдениетіне сәйкес президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқарушы тетіктегі отырған ел азаматтарына жұмысты жүргізуге тиісті тапсырмаларды беріп, кемшіліктерін тұспалдап көрсетіп, столды тоқпақтамай жеткізіп отырды. Дегенмен, уақыт келе соңғы атқарылып жатқан саяси-экономикалық өзгерістерге байланысты қордаланып қалған мәселелер Президенттің нақты сын садағына ілініп жатыр.
Ең алдымен …

ТОҚАЕВ ҮКІМЕТКЕ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер мен әкімдердің жұмысын өткір сынға алды. Мемлекет басшысы шенеуніктердің жауапкершіліктен қашып, мәселені сөзбұйдаға салатынын және маңызды мәтіндерді оқымайтынын қатаң ескертті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі. (2.02.2026) «Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалардағы барлық кемшілікті цифрландыруға, дәлірек айтсақ, оның жоқтығына «жауып тастайды». Олар: «Жалпы цифрландыру енгізілгенде, сіз көрсеткен кемшіліктер табиғи түрде жойылады» деп жазады немесе айтады. Бұл туралы не айтуға болады? Қорғанудың асқан шеберлігі», — деді Президент. Сонымен қатар Тоқаев бюджет ақшасын орынсыз жұмсауды тоқтатуды талап етті. Президенттің айтуынша, шенеуніктер жеке капитал тартудың орнына бюджеттен ақша алудың оңай жолын таңдайды. «Бір шенеунік-құрылысшы айтқандай: «Ақшамен нысанды ақымақ та сала алады, ал бұл міндетті ақшасыз орындау – нағыз шеберлік». Шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет маған бюджеттен қомақты қаржы алмай-ақ жұмыс істеу жоспарын беруі керек», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев артық басқарушы кадрлармен, яғни «сол жағалаудағы» адамдармен толып кеткен компаниялардың құрылымын қайта қарау керегін ескертті. Бұлардың арасында Самұрық – Қазына да бар. «Олардың жұмысы аз, кейде ештеңе істемегеннен зерігеді және сол себепті желіде отырып, күмәнді пікірталастарға қатысады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды», — деді Президент. Тоқаев Үкіметке нақты іспен айналысуды, ал бос сөз бен қорқыныштан арылуды тапсырды. «Егер сіздерде менің ойымша, шынайы өмірден алшақ иллюзиялардың жемісі болып табылатын қауіптеріңіз немесе қарсылықтарыңыз болса, маған тиісті қағазды беріңіздер, мен резолюция қоямын. Жауапкершілікті өз мойныма алу маған таңсық емес, ал сіздер конференцияларда шешенси беріңіздер. Қазір сондай заман: «күнді өткізсек, түннен аман шықсақ» деп қорқып-дірілдемей, іс істеу керек», — деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТОҚАЕВ ШЕНЕУНІКТЕРДІ САЛҒЫРТТЫҒЫ ҮШІН СЫНҒА АЛДЫ

Мемлекет басшысы Тоқаев Үкімет отырысында шенеуніктердің іске салғырт қарайтынын айтып, сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.(10.02.2026.)
Мемлекет басшысының пікірінше, банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс.
«Мемлекеттік кірістер комите-тіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы – осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Тоқаев Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейтуды тапсырды. «Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек. Министрліктер қабылдаған жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компаниялардың қызметіне кері әсер етпеуі тиіс. Мұндай жайт еліміздегі инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, маған хат жазып жатыр», – деді Тоқаев. — Жаңа Салық кодексі салық-бюджет саясаты мен экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет. Экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады. Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі», – дейді президент.
«Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп ойлаймын. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн», сондай-ақ , «жазалаушы» менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуы тиіс»,– деді президент.
Айта кететіні, бұған дейін Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев көптің сынына қалған жаңа Салық кодексіне қатысты Үкіметке тапсырма берген еді.

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫНА ЗАҢСЫЗ КЕДЕРГІ ЖАСАУ

Президент Тоқаев құқық қорғау органдарының кәсіпкерлер жұмысына заңсыз араласуын қатаң сынға алып, мұндай әрекет мемлекет мүддесіне қайшы екенін айтты, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz. /28.01.2026/
Президенттің айтуынша, бизнеске қолдан кедергі келтіру елдегі инвест ахуалды нашарлататын ауыр қылмыспен тең. Мемлекет басшысы осы бағытта көп жылдан бері қыруар іс атқарылса да, кәсіпкерлер мен «Атамекен» палатасынан әлі де арыз түсіп жатқанын атап өтті. /Қысқаша айтқанда, бизнесті «кошмарить ету» әлі тоқтайтын түрі жоқ./ред. «Алатау»/.
«Барлық құқық қорғау органдары мынаны анық түсінуге тиіс. Бизнестің заңды жұмысына тұмсық тығып, кедергі келтіру — мемлекеттік мүддеге қарсы ауыр қылмыс. Бірінші кезекте Қаржы мониторинг агенттігіне ерекше ескертемін», – деді Тоқаев.

АҚОРДАҒА ЖЕТКЕН МАҢЫЗДЫ ИНСАЙД

Президент өзінің атына өңірлерден түсіп жатқан маңызды инсайдпен де бөлісті. Тоқаевтың айтуынша, адал табыс тауып отырған кәсіпкердің жұмысына кедергі жасап, үстінен күн көргісі келетіндер әлі де бар. Ақорда әлгіндей әрекеттің үстінен түссе, жазасы қатал болмақ. Тоқаев былтыр «Қаржы мониторинг» тергеген істің 40 пайызы қылмыс құрамы болмағасын (айыбы дәлелденбеген) тоқтатылғанын сынады. Айталық өткен жылы агенттік қозғаған 2700 істің 1061-і дәл сол себеппен жабылған. Президенттің айтуынша, осындай асығыс шешім бизнестің шығынға батуына, беделінің түсуіне алып келіп, қоғамдағы наразылық градусын ұлғайта түседі.

БИЗНЕСТІҢ ЕСІГІНЕ ҚҰЛЫП САЛУ — ҚАТЕЛІК

Мемлекет басшысы осы тұста кәсіпкермен қарым-қатынасты қайта қарап, бақылау мен қолдау арасында тепе-теңдікті сақтауды бұйырды. «Ақшаға қатысты заң бұзу анықталса, компанияның есігіне құлып салып, жұмысын тоқтата салу дұрыс емес. Мұндай шара тек ерекше жағдайда ғана қолданылуы керек», – деді ол.Президент сонымен қатар бизнестің өзі де жауапкершілікті сезіну керегін ескертті. «Кәсіпкерлер заңды бұлжытпай орындап, салықтан жалтармай, түрлі аферадан аулақ болуы қажет. Алаяқтықтың ешбір түрі біз үшін қабылданбайды», – деді Тоқаев. Жиын соңында «Қаржы мониторинг» агенттігіне кәсіпкердің мүддесін қорғауды басты назарға алып, жұмыс тәсілін қайта қарау тапсырылды. Бизнес демекші, Қазақстанда бензин бағасы күрт көтерілуі мүмкін. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша наурыздан кейін жанармай бағасы «ашық теңізге» шығады.

ТОҚАЕВ QAZAQGAZ ЖҰМЫСЫНА СЫН АЙТТЫ: ГАЗ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ ТЫМ ТӨМЕН

Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz ұлттық компаниясының жұмысына қатаң сын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.( 20 қаңтар 2026)
Мемлекет басшысының айтуынша, компания газ өндіру көлемі бойынша тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр. Қазіргі таңда QazaqGaz бар болғаны 350 миллион текше метр газ өндіріп отыр, ал компаниядағы қызметкерлер саны 10 мың адамға жуық. Сонымен қатар жаңа кен орындарын игеру ісі де тиімсіз жүргізілуде.Президент бұл жағдайды басқарудағы олқылықтармен байланыстырды.
«Қалыптасқан ахуал — тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Бұл мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Бұдан сабақ алу керек. QazaqGaz басшылығына перспективалы учаскелерді өз қаражаты есебінен игеруге кірісу жөнінде нақты тапсырма бердім», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына газ саласындағы жұмысты неғұрлым ұтымды ұйымдастыруды тапсырды. Президенттің айтуынша, газ секторындағы басқару тәсілдері қайта қаралып, ұлттық компаниялардың тиімділігі нақты нәтижемен бағалануы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтың геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстарына инвестициялар тартылып, Жамбыл облысында жаңа газ қоры анықталған – деген тым оң бағыттағы баяндамасын сынға алған болатын. «Сіздерде проблемалық мәселелер мүлде жоқ па? Тек оң нәтижелерді ғана көрсеттіңіздер. Мәселелер туралы көбірек айту керек. Оларды ашық көтеріп, талқылау қажет», – деген еді премьер-министр.

ТОҚАЕВ ШЕНЕУНІКТЕРДІ КІТАП ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметкерлердің интеллектуалды деңгейі мен оқу мәдениетіне қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Президент кейбір Үкімет мүшелерінің тіпті маңызды стратегиялық мақалалар мен сұхбаттарды соңына дейін оқымайтынына қынжылыс білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тоқаевтың айтуынша, қазіргі интернет заманында адамдар ұзақ мәтіндерді қабылдаудан қалып барады. Көптеген шенеуніктер маңызды ақпаратты оқудың орнына, оның қысқаша аудио-нұсқасын тыңдай салуға көшкен.
«Бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілеттеріңізден айырылып қаласыздар», — деді Мемлекет басшысы.
Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбаты мен Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін мысалға келтірді. Оның байқауынша, Үкіметтегілер бұл маңызды құжаттарды «бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған».
Президент интеллектуалды еңбекпен айналысатын адамдар үшін кітап оқудың тек білім көзі емес, сонымен қатар мидың жұмысын сақтаудың бірден-бір жолы екенін қадап айтты. Ол шенеуніктерге интернетке тәуелді болмай, тереңірек ізденуді тапсырды.

Дайындаған Баян ТАҢАТАРОВА