ЖЕТІСУ БИЛЕР АЛҚАСЫ АТА ЗАҢНЫҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Еліміздегі саяси реформалардың негізін қалайтын Ата заңымыздың жаңа жобасы қоғамда ешкімді бей-жай қалдырмады. Жобадағы өзгертулерге байланысты жер-жерлерде талқылаулар қызу өтіп жатыр. Солардың бірі Жетісу билер алқасында өтті. Аталған билер алқасының ең өзекті деп санаған мәселесі қазақ тілінің Ата заң жобасындағы мәртебесіне байланысты болды.
Бүгінде халқының саны 20 млн-нан асып отырған Қазақстандағы негізгі ұлт – қазақтар, сондықтан олар мемлекетті құраушы ұлт болып саналады. Олардың бүгінгі саны да жоғары – қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы – қазақтар. 15 пайызы орыс, қалғандары басқа ұлт өкілдері.
Ата заңның 9 бабының 1 бөлігінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі деген өте орынды жазылғанын айта келе, осы баптың 2-ші бөлімі туралы жетісулық билер біраз пікір таластарып, өз ойларын айтып жатты.
Қаңтарбаев Құдайберген, Құдайбергенов Тұрарбек, Түкебаев Бақыт, Бибатыр Арыстанбек, Бозымбеков Жомарт, Тұрысбеков Болат сияқты билер Ата заңның жаңа жобасындағы 9 баптың 2 тармағын талқылай келе, «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданыстағы тіл болып табылсын» — деген тұжырымға мынадай ұсыныстар айтылды:
— Мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілі қолданылады, ал орыс тілі өзге ұлттар арасында қарым-қатынас тілі болып қолданылсын.
Пікірталаста Жетісу облысының билері күн тәртібіндегі басқа да өзекті тақырыптарды талқылады. Солардың бірі Панфилов ауданы билер алқасының ұсынған қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығып, елден алыстауы туралы болды. Нәтижесінде Жетісу билер алқасы бір ауыздан мынадай мәмілеге тоқтады:
— Егер Қазақстан азаматшасы шет ел азаматына тұрмысқа шығам дейтін болса, ол азаматша шет ел азаматына некеге отырған сәттен бастап Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығарылсын. Ал оған күйеу болам деген шетелдік азамат Қазақстан қазынасына алған қазақ әйелі үшін тиісті өтем төлесін.
Жетісу билер алқасының келесі талқылаған мәселесі қазақ жерін шетелдіктерге ұзақ мерзімді пайдалануға немесе жалға берілмеуі жайында болды. Өйткені біздің Жер туралы заңымызды қолдануда түрлі бұрмалаушылықтарға жол берілуі мүмкін. Сондықтан Жетісулық билердің ұсынысы:
— Жерді шетелдіктерге беруде Жер туралы Заң талаптарының сақталуын тиісті орындар қадағалауын күшейту. Ұзақ мерзімді жалға берілу шарттарын сақтау. Бір түсініксіз тұсы – Қазақстанда жерді жалға алған шетелдік заңды тұлға болса – ол шетелдік болып есептелмейді екен?.. Осыған орай Жер туралы заңның баптарын қолдануда заң бұзушылыққа жол бермеуге атсалысу.
Сонымен қатар, Жетісу билер алқасы Жетісу облыстық Полиция Департаменті мен Жетісу облыстық сот арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды талқылап, билерді Меморандум шарттарымен таныстырды. Осы айтылған мәселелер туралы қаулы қабылданып, шешімі Қазақ билер алқасына жолданатын болды.
Сембек ӘБДІРАХМАНОВ
Талдықорған қаласы
