Заманауи әйел – елдің айнасы

0
40

Бүгінгі Қазақстанның әйелдерін қоғамның қозғаушы күші деп те, әдетте ер адамға тән айтылатын «тұлға» деген сөзді әйелге теліп айтсақ артық болмас. Өйткені қазіргі әйел өткен мен бүгінді өзінің ішкі дүниетанымы арқылы зерделеп, жаңа заман талаптарымен ұштастыра білетін өте сауатты, зерек адам десек те қателеспейміз. Қоғамның дамуындағы қай сала болмасын әйел меңгермеген сала жоқ. Олардың тағы бір артықшылығы кәсібін де, отбасын да алып жүре алуы. Қазіргі әйелдердің күйеуіне масыл болмай, ерлерден қаржылық тәуелсіз болуға ұмтылуы да қазақ әйелінің жаңа ерекшелігі деуге болады. Қоғамдық өмірде болып жатқан жаңалықтарға бейім әйелдер ел тағдырына да жауаппен қарайды.

Қазақстанда қанша әйел бар?

Осы орайда ойға оралған сұрақтың бірі гендерлік саясаттың нәтижесінде елімізде билікте жүрген әйелдер саны қанша екен? — деген сұрақ туындады. Ойша санап көрсек, олардың саны санаулы екен.
Екі саусақтан тұратын санға Ақпарат министрі Аида Балаева, Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарованы ғана атай алдық, өткен жылғы осы мерзімдегі дерек бойынша Үкімет құрамында 3 әйел, Парламентте — 28 әйел депутат (18,9пайыз), Мәслихаттарда әйелдер үлесі — 22,7 пайыз болған.
Жалпы, сарапшылардың айтуынша қазақ билігінде әйелдер саны елімізде 50 пайыздан артық болса да, билікте олардың саны аз. Тіпті парламенттегі әйелдер санын 30 пайызға жеткіземіз дегелі де біраз жылдар өтті. Әзірше ол пайыздың ауылы көрінбейді.
Ал Қазақстандағы әйелдер саны — 10 381 377, бұл — еліміздегі жалпы халық санының 51,1%-ы. Кейінгі он жылда әйелдер саны 15,2%-ға өсті. Әйелдердің 64,4%-ы қалада, 35,6%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінгі таңда 4,4 млн әйел әртүрлі cалада жұмыс істейді, олардың басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында еңбек етеді – дейді ғаламтордағы деректер.

Қазақстанның беделі ықпалды 25 әйелі

Forbes Kazakhstan басылымының айтуынша әлемдік деңгейде 2025 жылы 148 мемлекет қатысқан Дүниежүзілік экономикалық форумның Global Gender Gap Index жариялаған есебі бойынша гендерлік артықшылыққа бірде-бір мемлекет жетпеген. Гендерлік саясаттың өсу жылдамдығы сарапшылардың айтуынша, осылайша баяу жүре берсе, гендерлік саясаттың толыққанды жүруіне әлі 123 жыл керек екен.
Дегенмен әйелдердің төрт сала бойынша алатын көрсеткіштері жоғары. Мысалы, 148 елде әйелдер саны денсаулық саласында 96,2 пайыз, білім саласында — 95,1пайыз, экономикаға қатысты — 61,0 пайыз, саяси саладағы мүмкіндіктері бойынша — 22,9 пайыз индексін көрсеткен.
Қазақстан 2024 жылы 76 орында болса, 2025 жылы бұл көрсеткіштер бойынша әлемде 92 орынды иеленді. 2024 жылғы көрсеткіштерге Париж Олимпиадасындағы қазақ спортындағы әйелдердің жоғары көрсеткіштері әсер еткенін айта кету керек.
Forbes Kazakhstan Қазақстанның гендерлік саясатында кәсіби ортада жоғары сенімге ие, тұрақты да ықпалды көзқарастарымен ерекшеленетін, айналысатын жобалық істері ауқымды болып табылатын беделі жоғары 25 әйелді ерекше атап өтті.
Олар есімдері елге таныс Үміт Шаяхметова, Мәдина Абылқасымова, Аида Балаева, Ляззат Ибрагимова, Әсел Тасмағамбетова, Гаухар Каппарова, Елена Бахмутова, Кунсулу Закарья, Чинара Бугимбаева, Жанна Кан, Гульнар Досаева, Жания Аубакирова, Динара Закиева, Әлия Молдабекова, Әсел Мұқажанова, Салтанат Томпиева, Алина Алдамберген, Эльвира Азимова, Тамара Дүйсенова, Гүлнар Бажкенова, Зауреш Батталова, Светлана Жакупова, Аружан Саин, Анар Рахымбаева.

Әйелдерсіз өткен бір күн

Гендерлік саясатта дүниежүзі бойынша алда келе жатқан мемлекет Исландия екен. Олар гендерлік теңдікке қалай жетті?

Forbes Woman сайтының, БҰҰ-ның деректері бойынша исландиялық әйелдердің 90 пайызы бұдан елу жыл бұрын, яғни 1975 жылы 24 қазанда бір күн тамақ істеу мен жұмысқа шығудан, тіпті бала бағудан бас тартқан. Олар бүкіл ел қалаларында бас көтеріп, митингілерге шығып әйелдердің теңдігі сақталынбайтыны, жұмысқа орналасқанда кәсіби іскерлігі мен білімі ескерілмей ерлерден 30 пайызға дейін кем жалақы алатыны, сондай-ақ демалыс күндері де үй шаруасына «жегілетіні» — ол тек күйеуі мен баланың жағдайын жасайтын күтуші ретінде екені, үй шаруасындағы әйелдерге де демалыс берілуі керек деген талаптар қойып, Манифест жариялады. 220 мың тұрғыны бар аралда сол күндері мектептер мен балабақшалар, мектептер, ең ақыры байланыс саласы да істемей, газеттер басылмай, шықпай қалды.
Тарихшылардың айтуынша, әйелдер өткізген акция халық арасында кеңінен қолдау тапты. Тіпті кейіннен елдің прези-денті болған (1980-1996 жылдары), ал әйелдердің шеруі болып жатқан кезде Рейкьявиктің Халықтар театрының басшылық қызметін атқарған Вигдис Финнбогадоттир та өзінің 3 жасар қызы мен анасын ертіп,» Исландия әйелдерінің жағдайын қалай жақсартуға болады?» деген мәселеге арналған митингке қосылған. Вигдис әлемде президент болған ең алғашқы әйел болып саналады. Ол төрт рет президент болып қайта сайланып отырған. 1996 жылы президенттік өкілеттілігін аяқтады. Айта кетерлігі, бүгінгі күнде де Исландия президенті әйел адам. Хвалле Томасдоттир президент болып 2024 жылдың 1 маусымында сайланды.
Жалпы айтқанда шағын арал болып есептелетін Исландияда әйелдер өз құқықтарының заңдылығын ерлермен бірдей етіп сақтау жолында күресуді тоқтатқан емес. Соның нәтижесінде ерлерден 30 пайыз кем еңбекақы алшақтығы бүгінде 9 пайызға дейін түскен. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне де ұдайы назар аударып, талаптар қойып отырады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның деректері бойынша соңғы 10 жылда Исландия мемлекеті гендерлік теңдік бойынша алдыңғы қатардағы ел болып саналады. Сонымен қатар жергілікті басқару мекемелеріндегі әйелдер саны 51,3 пайызға жеткен. Ел парламентіндегі әйелдер саны 46,7 пайыз. Бұл да дүниежүзілік алдыңғы көрсеткіш болып отыр.

Сіз білесіз бе?

Қазақстанда әйелдер құқығын қорғайтын жаңа заң бар.
Қазақ әйелінің отбасындағы ерлерден көретін, еті өліп кеткен мына үйреншікті іс-әрекеттері Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше қорлық, зомбылық белгісі болып саналады. Яғни, серігің – күйеуің сені төмен санаса, мазаққа айналдырса, өз бетіңше шешім қабылдауға жол бермесе, қорқытып-үркітіп дегенін істетсе, саған дөрекілік танытып, ұрып-соқса, өз қалауын саған тықпаласа, үздіксіз бақылауда ұстаса, саған шығар жол қалдырмаса, достарың немесе туыс-туғаныңмен араласуға тыйым салса, одан қорқып өмір сүрсең және оның бірдеңе істеуінен қорқып, ерлі-зайыпты қатынасты сақтап жүрсең — осы жағдайлардың бәрі отбасындағы зорлық-зомбылық белгісі деп санайды БҰҰ.
Қазақстанда аталған мәселелер жоқ деп айта алмаймыз. Осыған орай 2024 жылғы 15 маусымда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң күшіне енді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заңға өзгеріс енгеннен бері Қазақстанның әр облысы мен қаласы күшейген заң аясында жұмыс істеуге кірісіп кетті. Бұрынғыдай отбасындағы әйелі ерінен жәбір көріп жүрсе де арыз түспеді деп көз жұма қарау енді болмайды. Жетісу облысында да қоғамдық ұйымдар құрылып, олар әйелдер мен балалар құқығын қорғауда өздерінің жұмыс жопарлары бойынша жұмыс істеуде.
Жаңа заң қабылданғанға дейін жәбірленуші арызынан бас тартса, заң бұзған азаматты жауапкершілікке тарта алмайтын еді. Ал қазір жаңа заң бойынша іс қозғау үшін ешқандай арыз-шағым қажет емес, әлеуметтік желіде тараған жазба, бейнекамераға түсіп қалған видео, көршілер немесе куәгерлердің хабарлауы және полицейлер өздері көріп қалған жағдай бойынша әкімшілік іс ашылады. Қазіргі талап бойынша жақынына жұдырық жұмсаған жанға бірінші мәрте ескерту, екінші реттен бастап қамау жазасы қолданылады.
Біздің елде зорлыққа ұшырағандардың 70-90 пайызы полиция көмегіне жүгінбейді екен. Себебі жәбірленуші ұялады немесе жағдайдың дұрыс бағытта шешілетініне сенбейді. Сол үшін бәрі «жабулы қазан – жабулы» күйінде қалғанын жөн көреді. Сол үшін мемлекет заңға өзгеріс енгізіп, жәбірленуші шағым жазбаса да зорлық көрсетушіні заң бойынша жазалауға бел буды. Бұл шешім талай қылмыстың алдын алып, әйелді арашалауы мүмкін. Қатаң жаза отбасында ойран салатын агрессорларды жаңа заң тәртіпке салады деген сенім бар.

Жетісу әйелдерін әлеуметтік қолдау бар

www.gov.kz өткен жылғы осы мерзімдегі деректері бойынша әйелдерге көрсетілген әлеуметтік қолдауға келсек, облыс құрылғаннан бері (3 жыл ішінде) 1200-ден астам көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін тағы 400-ге жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасыға үй берілу жоспарлануда. Сонымен қатар, 10 252 көпбалалы ана мемлекеттен қаржылай көмек алатыны аталған.
Жетісу облысында 3 487 – «Алтын алқа» иегері; 5 939 – «Күміс алқа» иегері; 385 – «Батыр ана» атағын алғандар; 440 – «Ана даңқы» орденінің иегерлері тұрады!
Облысымызда тұрғындардың 50 пайызы, яғни, әйелдер саны — 350 мыңнан астам.Олар өндіріс, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару, білім және денсаулық сақтау салаларында еңбек етіп келеді. 140-қа жуық әйел басшылық қызмет атқарады. Әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында әкімдік тарапынан белсенді түрде жұмыс жүргізіледі. Мәселен, өткен жылы 13 632 әйел жұмысқа орналасты. 600-ден астам әйел кәсіптік даярлаудан өтіп, жаңа салада жұмыс істеуде. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 825 әйел арнайы курстан өтіп, 136-сы қайтарымсыз грант алды. Жалпы облыста кәсіпкер әйелдердің саны 27 340-қа жетті.
Жетісу облысы әкімінің жанынан құрылған “Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия” гендерлік теңдікті сақтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және әйел мәртебесін көтерумен айналысады. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында облыста 11 аналар кеңесі жұмыс істейді, сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 7 жоба жүзеге асты. Олардың ішінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы, әйелдерді көшбасшылыққа оқытатын «Tomiris» жобасы бар.
Иә, әйел – ана, әйел – отбасының шырағы, өмір шуағы, әйел – кәсіпкер, әйел – маман, қоғамның белсенді мүшесі. Әлемді құтқару әйелге өсиет етіп берілгенін ескерсек, парасатты пейілдеріміз әлемнің бейбіт күндерін жасауға жазсын!

Баян ТАҢАТАРОВА