ЖАС САЯСАТКЕРЛЕРДІ ДАЯРЛАЙТЫН ЖАҢА ЖОБА

0
24

Жетісу облысында жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын арттыру мақсатында «Жас саясаткер мектебі» атты жаңа білім беру жобасы іске қосылды. Бұл туралы «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» төрағасы Дәулет Ауданбаев пен облыстық Қоғамдық даму басқармасының өкілі Жанерке Бексеитова мәлімдеді.

Наурыз айынан маусымға дейін жалғасатын жоба жас көшбасшылардың кадрлық резервін қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар мемлекеттік басқару, заң шығару үдерісі, жергілікті өзін-өзі басқару және саяси жобалау бағыттары бойынша білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді.
Бағдарламаның ерекшелігі – теория мен практиканы ұштастыру. Үздік шыққан 10 қатысушыға 100 мың теңге көлемінде сыйақы берілсе, 30 тыңдаушыға арнайы сертификат табысталады. Сонымен қатар, өңірдің қала-аудандарында көшпелі кездесулер ұйымдастырылып, өзекті мәселелер талқыланады.
Жобаға қатысу конкурстық негізде жүзеге асады. Үміткерлердің қоғамдық белсенділігі мен ынтасы басты назарға алынады. Жоба қорытындысында 200-ге жуық қатысушыны қамтитын ауқымды сессия өтіп, жас саясаткерлердің жаңа буыны қалыптасады деп күтілуде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ