КІТАП – УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН ҚҰНДЫЛЫҚ

0
18

23 Сәуір – елімізде Кітап күні. Цифрлы дәуірде қағаз кітаптың орны қандай? Жастар неге психологиялық әдебиетке көбірек қызығады? Кітап оқу бағыты әлсіреді ме, әлде жаңа бағытқа бет бұрдыма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, біз қала тұрғындары арасында шағын жедел-сауалнама жүргізіп көрдік.

Біз түрлі жас санатындағы тұрғындарға қарапайым үш сұрақ қойдық:
1. Кітапты қаншалықты жиі оқисыз?
2. Қандай жанрлы кітаптарды оқығанды ұнатасыз?
3. Неге қазіргі жастар психологиялық кітаптарға әуес деп ойлайсыз?
Студенттердің көпшілігі аптасына кемі бір рет кітап оқитынын айтты. Алайда олардың таңдауы көбіне мотивациялық және психологиялық кітаптарға түседі.
— Қазір өзін-өзі дамыту маңызды. Сол үшін психология оқимын – дейді студент Аружан.
— Кітапты оқуға көп уақытым болмаса да, айына бір рет оқып тұруға тырысамын. Көбінесе жеңіл оқылатын, әрі өзіме пайдалы дүниелерді таңдаймын – дейді 3-курс студенті Нұрдаулет.
25-40 жастағы орта буын кітап оқуға уақыт тапшылығын жеткізді. Дегенмен, олар аудиокітап немесе қысқа форматтағы жеңіл әдебиеттерді оқып тұратындарын айтты.
— Жолда жүргенде аудиокітап тыңдаймын. Бұл уақытты тиімді пайдалануға көмектеседі – дейді қала тұрғыны Әйгүл.
40 тан жоғары буын өкілдері классикалық әдебиетке жақын. Кітапты жүйелі түрде оқиды екен.
— Кітап — адамның рухани серігі. Жастарға өзіміздің әдебиетті оқуға кеңес беремін онда үлкен тәрбие бар – дейді Гүлсім апай.

КЛАССИКАДАН ГӨРІ
ПСИХОЛОГИЯ ЖАҚЫН

Бұл қазіргі жастар сұранысы. Жастардың психологиялық кітаптарға әуестігі неден деген сұраққа жауап іздеп, олардың жауабын түсінуге тырыстық.
Біріншіден, заманауи қоғамда бәсекелестік жоғары. Әркім өзін жетілдіруге тырысады ал психологиялық кітаптар осы қажеттілікті өтейді. Екіншіден, ақпараттың көптігі мен өмір ырғағының жылдамдығы адамдарды күйзеліске жиі ұшыратады. Бұл жағдайда психология – өзін түсінудің құралы. Үшіншіден, әлеуметік желілердегі трендтер де әсер етеді. Танымал блогерлер мен коучтардың кеңестері де жас- тарды осы жанрға бағыттайды.Төртіншіден, жастар өмірлік бағыт іздеу кезеңінде психологиялық кеңестерге жиі жүгінеді. Мамандық таңдау, қарым-қатынас, өзін-өзі бағалау секілді мәселеде психологиялық кітаптар оларға дайын жауап немесе бағыт-бағдар береді. Бұл жанрдың тілі жеңіл әрі түсінікті. Көп жағдайда күрделі қарапайым тілмен жазылған кеңестер жастарға қолжетімді әрі қызықты. Дегенмен мамандар көркем әдебиеттің де маңызы зор екендігін ескертеді. Себебі ол адамның ой-кеңістігін кеңейтіп, тіл байлығын арттырады, сондай-ақ терең ойлауға көмектеседі. Психология бағытында кітаптар пайдалы болғанымен, рухани тепе-теңдік үшін әртүрлі жанрды қатар оқу маңызды.
Жүргізілген сауалнама мен бақылау нәтижесі бір нәрсені анық көрсетті: кітапты оқу мәдниеті әлі де жойылған жоқ, тек өзгерді. Бүгінгі оқырман талғамы басқа, сұранысы басқа. Жас- тар психологиялық әдебиетке бет бұрса, аға буын классикаға әуестігін сақтап келеді.

ҒАЛАМТОР ДАМЫҒАН
ЗАМАНДА КІТАПХАНАҒА СҰРАНЫС БАР МА?

Цифрлы дәуірдің басты ерекшелігі – ақпаратқа қолжетімділіктің артуы. Бұрын сирек кездесетін кітаптарды табу үшін кітапхана жағалап, ұзақ ізденуге тура келсе, бүгінде кез келген шығарманы интернет арқылы тауып санаулы минутта сатып алып немесе жүктеп алуға болады. Бұл, бір жағынан, оқу мүмкіндігін кеңейтсе, екінші жағынан оқырман талғамының өзгеруіне де әсер етті.
Алайда цифрлы форматтың кемшіліктері де жоқ емес. Мамандар экран алдында ұзақ уақыт оқу көздің шаршауына, назардың тез бөлінуіне әкелетінін айтады. Әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшалардың көптігі оқырманды кітаптан оңай алаңдатады. Ал кәдімгі кітапты оқығанда адам мәтінге тереңірек үңіліп, мазмұнын жақсы түсінетінін айтады. Қазіргі оқырман үшін кітап таңдаудағы ең бастысы — қызығушылық пен алар пайдасы. Оқу тәсілі өзгерді десек те, кітапқа деген қажеттілік сақталып отыр. Адам әлі де білім мен рухани азықты кітаптан іздейді. Бұл кітаптың құндылығы уақытқа тәуелді емес екендігін көрсетеді.
Осы орайда С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының кітапханашысы Лина Айдынқызының айтуынша, қазіргі таңда кітап оқу үдерісі жаңа форматпен толыққан. Кітапханашының айтуынша, ең көп сұралатын кітаптар – психология, өзін-өзі дамыту және жеңіл оқылатын заманауи романдар. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына енген шығармаларда сұранысқа ие.
— Қазір кітаптардың көбі электронды түрде де ұсынылған. Бірақ соған қарамастан қағаз кітаптар да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Екі бағытта да оқырман бар.Қазіргі жастар кітапты көп оқиды, бұл қуантады. Әсіресе психология,мотивациялық кітаптарға қызығушылық жоғары. Ал зейнеткерлер тарихи, энциклопедиялық кітаптарды жиі таңдайды,- дейді кітапхана қызметкері.
Кітапханашылардың пікірінше, балаларды ерте жас- тан бастап кітапқа баулу аса маңызды. Ал кітапты сатып алғаннан көрі, кітапханадан алып оқыған тиімдірек әрі қолжетімді. Реті келгенде айта кетейік, кітап күніне орай кітапханада 16-23 сәуір аралығында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. 16 сәуір ашық есік күні, ал 23 сәуірде қаладағы Арбатта кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. 23 Сәуір – жай ғана мереке емес. Бұл – кітапқа деген көзқарасымызды қайта қарауға деген мүмкіндік.

Дария ТАСҚЫНҚЫЗЫ