ӨТКЕННІҢ ҮНІН СӨЙЛЕТКЕН ОРДА

0
24

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Бұл күн – ұлттың өткені мен бүгінін жалғап тұрған тарихи жадымызды жаңғыртып, мәдени мұрамызды ұлықтайтын ерекше мереке. Өткеннің аманатын болашаққа жеткізіп, ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап отырған музейлердің қоғамдағы орны қашанда айрықша. Осындай рухани мекендердің бірі – Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы Жетісу облыстық тарихи-өлкетану музейі.

Мерейлі күн қарсаңында біз аталған музейдің тыныс-тіршілігімен танысып, тарихи мекеменің бүгінгі бағыты, жаңашыл бастамалары мен қорындағы құнды жәдігерлер жайында әңгімелескен едік. Сұхбат барысында музей редакторы Қалқаман Абдрахманұлы өңір тарихының шежіресіне айналған қара шаңырақтың өткені мен бүгіні туралы кеңінен айтып берді.

ЖЕТІСУДЫҢ ЖАДЫН САҚТАҒАН КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ

Жетісу жері – тарих пен тағылымға, мәдениет пен руханиятқа бай өлке. Бұл өңірдің әр тасы, әр белесі өткен дәуірдің үнін сақтап тұрғандай. Сол асыл мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отырған мекеме – Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі.
Музей алғаш 1974 жылы Талдықорған облыстық өлкетану музейі ретінде құрылған. Егемендік алғаннан кейін, 1993 жылы қазақтың тұңғыш теміржол инженері, көрнекті қоғам қайраткері, Алаш арысы Мұхамеджан Тынышпаевтың есімі берілді. Бұл тек атау ауыстыру ғана емес, ұлт тарихына деген құрметтің белгісі еді.
Бүгінде музей Талдықорған қаласындағы Абай көшесі, 245-үйде орналасқан. Ғимараттың кең экспозициялық аумағы мың шаршы метрден асады. Мұнда Жетісу өңірінің көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтитын бірнеше бөлім жұмыс істейді. Атап айтқанда, археология, этнография, табиғат, кеңестік кезең және Тәуелсіз Қазақстан бөлімдері келушілерге өңірдің сан ғасырлық шежіресін жан-жақты таныстырады.
Облыс көлеміндегі 13 музей осы мекеменің филиалы саналады дегенді де айтты Қалқаман Абрахманұлы. Соңғы филиал 2023 жылы Қаратал ауданында ашылған екен. Бұл өңірдегі музей ісінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

ТАРИХ СӨЙЛЕЙТІН ЗАЛДАР

Музейге кірген сәттен-ақ келуші өзін уақыт кеңістігінде саяхаттап жүргендей сезінеді. Әр залдың өзіндік рухы, өзіндік тынысы бар.
«Жетісудың табиғаты» бөлімінде өңірдің әсем табиғаты, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі бейнеленген. Мұнда Жетісудың таулары мен жазықтары, өзен-көлдерінің көріністері ерекше әсер қалдырады.
Ал «Ежелгі және ортағасырлық тарих» залы – көне дәуірдің үнсіз куәгерлеріне толы. Археологиялық қазбалардан табылған құнды жәдігерлер, сақ дәуірінің мәдениетін айшықтайтын бұйымдар мен Алтын адамның көшірмесі көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Әсіресе сақ өркениетінің биік мәдениетін көрсететін алтын әшекейлер мен көне қару-жарақтар келушілерді өткен ғасырларға жетелейді.
«Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» бөлімінде халқымыздың күнделікті тұрмысында қолданылған бұйымдар, ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, ағаш және сүйек өңдеу өнерінің сирек үлгілері қойылған. Әрбір жәдігер – ата-бабамыздың талғамы мен танымынан сыр шертетін асыл мұра.
Музейдің тағы бір маңызды бөлігі – кеңестік кезең мен Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналған залдар. Мұнда Жетісу өңірінің ХХ ғасырдағы әлеуметтік, саяси және мәдени өмірі кеңінен көрініс тапқан.

ҚОРДАҒЫ ҚАЗЫНА – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

Бүгінде музей қорында 25 829 жәдігер сақтаулы. Оның 11 669-ы негізгі қорға жатса, 14 160 жәдігер ғылыми қор құрамында. Бұл Жетісу өңірінің мыңжылдық тарихын айғақтайтын баға жетпес мұралар.
Қордағы дүниелердің қатарында көне тарихи құжаттар, сирек фотосуреттер, археологиялық олжалар, этнографиялық бұйымдар мен мұрағат материалдары бар. Әр жәдігер өткен заманнан үнсіз сыр шертіп тұр.
Соңғы жылдары музей қоры ерекше құнды археологиялық жәдігерлермен толыққан екен. Әсіресе Қаратал ауданындағы Дауылбай қорымынан табылған алтын бұйымдар ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырған.
– 2023-2024 жылдары тарих ғылымдарының докторы Дәурен Байғұнақовтың жетекшілігімен жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары барысында алтын моншақтар, алтын сырғалар, сүйек түймелер, қола шаш түйрегіштер, қыш құмыралар мен түрлі көне бұйымдар табылған.
Бұл жәдігерлерге арнайы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде музей қорында сақтаулы. Мамандар металл бұйымдардағы тот басқан қабаттарды мұқият тазартып, сынық керамикалар мен сүйек бұйымдарды қайта құрастырған. Мұндай жұмыстар тарихты сақтаудың жауапты әрі маңызды бөлігі, — дейді Қалқаман Абдрахманұлы.
Музейдің ең бірегей жәдігерлерінің қатарында Балпық бидің дулығасы, композитор Мұқан Төлебаевтың жеке күйсандығы, Максим пулеметі, Әнуар Әлімжановтың қолжазбалары мен қазақ қолөнерінің таңдаулы туындылары бар. Бұл құндылықтар тек тарихи маңызымен ғана емес, рухани салмағымен де ерекшеленеді.

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазіргі таңда музейге келушілер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Жетісу өңіріне туристердің көптеп келуі тарихи орындарға деген сұранысты арттырған. Өйткені кез келген адам жаңа өлкеге барған кезде ең алдымен сол жердің тарихымен танысқысы келеді.
Музей қызметкерлері келушілерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізеді. Арнайы тіл мамандары жұмыс істейді. Мұнда мектеп оқушылары мен студенттерге, әскери қызметкерлер мен қала тұрғындарына арналған экскурсиялар, тарихи-танымдық кештер, көрмелер мен шығармашылық кездесулер жиі ұйымдастырылады.
Музей тек өткенді көрсетумен шектелмейді. Ол заман ағымына сай жаңашыл жобаларды да жүзеге асырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жасанды интеллект жылы» деп бекіткесін музейде ұлттық киімдер күніне арналған ЖИ қолданылған көрмелер, жасанды интеллект тақырыбындағы танымдық жобалар ұйымдастырылған.
Ал өткен жылы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция жоғары деңгейде өтсе, биыл әнші Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығына арналған жылжымалы көрме ашылған. Одан бөлек, Барлыбек Сырттанұлының 160 жылдығы, Мұхамеджан Тынышбайұлының туған күндеріне орай дөңгелеу үстел, Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығына да шаралар ұйымдастырылған.

«ӨТКЕННІҢ ІЗІ, БОЛАШАҚТЫҢ ТІЛІ»

Халықаралық музейлер күніне орай музей ұжымы биыл ерекше форматтағы ауқымды мәдени шара өткізуді жоспарлап отыр. «Өткеннің ізі, болашақтың тілі» атты іс-шара тарихи мұраны заманауи технологиялармен ұштастыруды мақсат етеді.
Бағдарлама аясында музей фойесінде НЗМ, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі және «Future-IT» робототехника мектебінің роботтар көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар жеке коллекционер Марат Хасеновтың сирек жәдігерлер көрмесі келушілер назарына ұсынылмақ.
Мерекелік шара барысында жаңартылған форматтағы экскурсиялар, квест ойындар, танымдық кездесулер мен концерттік бағдарламалар өткізіледі. Бұл музей кеңістігін жаңа қырынан танытып, келушілерге тың әсер сыйлауға бағытталған бастама.
Шараға Жетісу облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы Сүлейменов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, музей ісінің ардагерлері, мәдениет саласының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысады деп күтілуде.

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ

Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі – жай ғана жәдігер сақтайтын орын емес. Бұл – ұлттың тарихи жады мен рухани болмысын сақтап отырған қасиетті мекен. Мұнда әрбір жәдігер өткеннің үнін жеткізсе, әрбір зал тұтас дәуірдің тынысын сездіреді.
Бүгінде музей ұжымының шығармашылық құрамында тарихшылар, тіл мамандары (филология), педогогтар, журналистер қызмет етеді екен. Ал олардың жалақысы орташа деңгейде дегенді айтты қызметкерлер.
Уақыт өткен сайын тарихтың қадірі арта түседі. Ал сол тарихты көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – музей қызметкерлерінің абыройлы міндеті. Өткеннің өнегесін ұлықтап, болашақпен сабақтастырып отырған осындай рухани ордалардың ғұмыры ұзақ болғай.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ