КЕШІРІМ СҰРАУ — ПАРЫЗ

0
25

Газетіміздің өткен санында 28 панфиловшы батырлардың аттарында Жеңіс күні көшеге ілінген панноларда кеткен қателер туралы газетіміздің тұрақты оқырманы және мақала авторы, тарихшы-өлкетанушы Құлтай Нұрқалбайұлы ағамыздың 28 панфиловшының аты-жөнінде жіберілген 18 қате туралы ренішін жариялаған едік.
Өкінішке қарай, «қате» демекші, осы мақалада редакция тарапынан жіберілген қате де орын алды. Қысқаша айтқанда, 28 панфиловшының бірі Сеңгірбаев Мұсабектің есімі паннода ғана қате жазылумен қатар автордың тексіндегі дұрыс жазылған батыр есімі, керісінше, аты мен тегі ауыстырылып, газет бетінде Сеңгірбай Мұсабеков деп жазылып кеткен.
Жауапты редакция қызметкері және редакция алқасы жіберілген қате үшін автор Құлтай Нұрқалбайұлынан кешірім өтінеміз. «Енді сендерге мақала жазбаймын!» деген ашуыңызды басыңыз, аға! Сіздің қаламыңыздан жас ұрпаққа керек әлі талай тарихи жазбалар туарына сенеміз. Жазарыңыз көбейсін!
Әрине, жетісулық батырдың есімін жатқа білетін уақыты-мыз жетті десек те, жіберілген қате өрескел қателердің бірі екенін мойындау керек. Батырлардың есімі ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа қатесіз күйде жеткені дұрыс. Олай болмаған күнде батырлар ерлігі мен есімдері қателер астында қалуы әбден мүмкін.

Баян ТАҢАТАРОВА
«Алатау» газетінің
бас редакторы