БАЛАЛАР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА
Баланың шат күлкісінен асқан әуен жоқ. Өйткені бүлдіршіннің қуанышы – елдің ертеңіне деген сенімнің белгісі. Жыл сайын әлемнің көптеген елінде аталып өтетін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні де осы асыл құндылықтарды дәріптейтін ерекше мереке. Биыл бұл айтулы күн кең көлемде ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде республикалық бірыңғай Тұжырымдама және «Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы» аясындағы іс-шаралар өткізілуде.
Республикалық тұжырымдама аясында 28-31 мамыр күндері Жетісу облысынан іріктелген 5 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Астана қаласына саяхатқа аттанды. Балалар қатарында Ескелді, Қаратал аудандарының, Текелі және Талдықорған қаласының, сондай-ақ «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі бар.
Елордада балалар Ақорда резиденциясын аралап, «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығының қызметімен танысады. Сапар барысында олардың қауіпсіздігі мен жол логистикасы толық қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге, өңірде 891 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үй құқығын қорғау мақсатында «Отбасы банкпен» бірлесіп, кезекке қою және есепке алу процестері толықтай автоматтандырылды.
Қоса алғанда, 28-29 мамыр күндері «Бір сәтке әкім» атты рөлдік ойын және «Бала үні» диалог алаңдары өткізілуде. Іс-шара барысында балалар жергілікті атқарушы органдар мен депутаттармен тікелей кездесіп, өз ой-пікірлері мен өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын еркін білдіруге мүмкіндік алды.
«Балалық шақ – бақыт мекені»
1 маусым сағат 10:00-де Талдықорған қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Балалық шақ – бақыт мекені» атты үлкен мерекелік іс-шара өтеді. Атауының өзі-ақ мейірім мен шуаққа толы бұл мереке балалардың арманына қанат бітіріп, олардың шығармашылық әлеуетін танытуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігіне қоғам назарын аудару, олардың жарқын болашағына қолдау көрсету және өскелең ұрпаққа ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Мерекелік бағдарлама мазмұнға бай, әрі жан-жақты болмақ. Саябақ аумағында арнайы тақырыптық фотозоналар мен сауда-саттық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаменті, денсаулық сақтау және полиция басқармалары арнайы көрме ұсынып, балаларға қауіпсіздік ережелері туралы танымдық ақпарат береді.
Шара барысында бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің ғылым мен техникаға қызығушылығын арттыру мақсатында робототехника, судомоделдеу және авиамоделдеу бағытындағы шығармашылық көрме де көпшілік назарына ұсынылады. Заманауи технологияларға қызығатын жас өнертапқыштар өз жобаларын таныстырып, келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Мерекенің ең қызықты бөлігінің бірі – балаларға арналған ойын-сауық және спорт алаңдары болмақ. «Заң және тәртіп» қауіпсіздік локациясы, «Көңілді старт» спорттық ойындары, велосипед жарысы, «Бақытты балалық шақ» суретшілер плэнері мен асфальтқа сурет салу байқауы балалардың белсенді демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ал «Жанды бұрыш», қуыршақ театры және «Ертегілер әлемі» алаңдары бүлдіршіндерді қиял мен сиқыр әлеміне жетелейді.
Мерекелік концерт те көпшіліктің көңілінен шығары сөзсіз. Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендерге әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашады. Атап айтқанда, «Үлгілі» хореографиялық «Солнышко» ансамблі, «Унисон» вокалдық тобы, «Веселая компания» вокалдық тобы, «Қазына» және «Қазына DANCE» би топтары, «Brilliant» би ансамблі мен жас вокалистер өз өнерлерін паш етеді.
Айта кетерлігі, ауқымды мәдени бағдарламаға 510-нан астам бала қатысады. Бұл – жас таланттарды қолдауға, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған маңызды бастама. Осы тектес шаралар балалардың өнерге, білімге, спорт пен ғылымға деген қызығушылығын арттырып, оларбойындағы елжандылық пен рухани құндылықты қалыптастырады.
Балалық шақ – адамның өміріндегі ең шуақты, ең кіршіксіз кезеңі. Сондықтан әр баланың бақытты әрі қауіпсіз ортада өсуі – қоғамның ортақ міндеті. Талдықорғанда өтетін бұл мереке де дәл осы құндылықтарды дәріптеп, балаларға қуаныш сыйлайтын жарқын күндердің біріне айналмақ.








