CӘН ЖАРЫСЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ

Соңғы қоңырау – әр түлек үшін ерекше күн. Мектеппен, балалық шақпен қоштасатын сәт. Бірақ соңғы жылдары осы күннің шынайы мәні көмескіленіп бара жатқандай. Қазір мектеп бітіру кеші көп жағдайда қуаныштан бұрын шығынмен, естеліктен бұрын бәсекемен өлшенетін болды. Қымбат көйлек, алып гүл шоғы, визажист, лимузин, мейрамхана… Мұның бәрі расымен түлекке керек пе, әлде қоғам қалыптастырған мақтанудың бір түрі ме?
Биылғы 25 мамырда әлеуметтік желіні қарап отырып, бір нәрсені анық түсіндім, мектеп бітіру кеші балалардың емес, ата-аналардың әмиян жарысына айналып барады екен.
Кешегі мектеп бітірушілердің соңғы қоңырауынан кейін тараған видеолар мен суреттер желіні толтырды. Бірінен өткен үлкен гүлдер, көз тартар көйлектер, кәсіби макияж, қымбат фотосессиялар… Кей түлек тойға баратындай дайындалған. Ал олардың ата-аналары осының бәріне қанша қаражат жұмсағанын бір өзі біледі.
Әсіресе қыздардың гүлден жарысуы қоғамда үлкен талқыға түсті. Тикток желісінде тараған пікірлердің бірі мені қатты ойландырды.
– Жас түлектердің мектеппен қоштасуына бардық. Ең жағымсыз көрініс іс-шара өтіп жатқан жерден қыздарға үлкен букеттерді қатар-қатарынан жақындары алып шығып жатты. Меніңше, «гүл жарысу» болды десем, артық айтпаспын! Бірінен-бірі өткен үлкен гүлдестелер келді. Ең өкініштісі, кей қыздар гүл алмай, жай ғана қарап тұрды. Ондайда жүрегің ауырады екен, – дегенді көзім шалды.
Осы бір сөйлемнің өзінде қазіргі қоғамның шындығы жатыр. Бір күндік мерекеде де балалар бір-бірімен материалдық тұрғыда жарысатын болды. Кімнің көйлегі қымбат, кімнің гүлі үлкен, кімнің образы сәнді дегендердің бәрі маңызды. Ал жас түлектің қандай оқушы болғаны, қалай оқығаны, кім екені екінші орынға сырғып кеткендей.
Мен де осы тақырыпқа қызығып, саябақтан өткен түлектер мен олардың ата-аналарынан шағын сауалнама алған едім.
– Қызым үлкен букет сұрады. Өзгелерден кем болмасын дедік. Мұндай кезде гүл бағасы да аспандап кетеді, – дейді ата-аналардың бірі.
Ал оқушы қыздар гүлді өздері таңдағанын ашық мойындады:
– Үлкен гүл болмаса, өзімді қатарымның жанында ыңғайсыз сезінер едім. Мамама маған осыны әкеліңдер деп, гүл сататын дүкенді де көрсеттім, – дейді мектеп бітіруші Аяжан.
Бір қыздың анасы қызының дос баласына:
– Қызға неге гүл алмағансың! – деп ұрсып жатқанын естідім. Ұят-ай…
Осы сөздердің өзінен-ақ қоғамдық қысымның қаншалықты күшейгенін байқауға болады. Балалар қазір қуану үшін емес, ұят болып қалмау үшін дайындалатын сияқты. Маған бұл жағдайдың бәрі өрескел көрінді. Себебі өзімнің мектеп бітіру кешім мүлде басқаша өткен еді.
Мен 2021 жылы мектеп бітірдім. Карантин уақыты болатын. Біздің бітіру кешімізде қазіргідей даңғаза болған жоқ. Көйлек тіктірдік, лента алдық. Соңғы қоңыраудан кейін сыныптастармен қыдырып, бірге уақыт өткіздік.
Ешкім макияж үшін түннен бастап салон жағалап кеткен жоқ. Ешкім гүлінің көлемімен мақтанбады. Тіпті ондай нәрсе ойымызға да келмеген еді. Біз үшін ең маңыздысы – мектеппен қоштасу, сыныптастармен соңғы рет бірге көңіл көтеру болатын. Қазір қарап отырсам, сол қарапайым күн әлдеқайда шынайы әрі жылы естелік болып қалыпты.
Ал бүгінгі түлектердің өмірінде әлеуметтік желінің ықпалы өте күшті. Instagram мен TikTok-тағы «идеал бітіру кеші» жастарға қысым қалыптастырады. Бірі кәсіби фотосессия жасайды, енді бірі бірнеше образ ауыстырады, тағы бірі қымбат көлікпен кортеж ұйымдастырады. Мұны көрген басқа түлек те соған ұмтылады. Сөйтіп, қарапайым мектеп кеші үлкен мәселеге айналды.
25 мамыр – гүл сататындар, сән салондары үшін қызу пайдаға кенелетін уақыт болды. Әлеуметтік желіде «қанша түлекті дайындадың» деген видеолар қаптап жүр. Тіпті макияжы ұнамай қалған қыздардың визажистерді желіде жамандап жатқаны да жетерлік.
Ең өкініштісі – мұндай бәсекеде жағдайы төмен отбасының балалары көбірек қысым көреді. Кейбірі кешке бармай қалады. Кейбірі өзін өзгеден төмен сезінеді. Ал жасөспірім шақта мұндай сезім адамның өзіне деген сеніміне ауыр соққы болуы мүмкін.
Қазір балаларға байқамай қандай құндылық үйретіп жатырмыз? «Адамды киімімен қарсы алады» деген түсінікті тым әсірелеп жіберген жоқпыз ба? Рас мектеп бітіру кеші өмірдегі маңызды күндердің бірі. Бірақ оның құндылығы қымбат көйлекпен де, үлкен гүлмен де өлшенбеуі керек қой. Бір күндік әсер үшін ата-ананың қарызға батуы, баланың өзін өзгемен салыстыруы қалыпты нәрсе емес.
Шын мәнінде, жылдар өткен соң ешкім кімнің қандай гүл ұстағанын есіне алмайды. Бірақ кіммен бірге күлгенін, кіммен қоштасқанын, қандай сезімде болғанын ұмытпайды. Мүмкін, бізге мектеп бітіру кешінің форматын емес, оған деген көзқарасты өзгерту керек шығар. Өйткені балалық шақпен қоштасудың ең әдемі сәтінде әр баланың көңіліне кірбің түспегені дұрыс-ақ…








