ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласындағы жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарын тексерді. Биыл облыс орталығында 11 негізгі көшені жөндеу жоспарланған.
Өңір басшысы Шевченко, Ескелді би және Дайыров көшелеріндегі жұмыстардың барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын учаскелерді жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Шевченко көшесіндегі жөндеу келесі аптада аяқталса, жоба толықтай маусым айының соңына дейін бітеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Абылай хан көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударылып, мұнда арнайы техника мен жұмысшылар жұмылдырылған.
Облыс әкімі жол сапасын бақылау, қолданылатын материалдардың сапасы мен жұмыс қарқынын қатаң қадағалауды тапсырды. Жалпы биыл Талдықорғанда 30 шақырымға жуық жол жөнделуде.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ










