Биылғы мектеп бітірушілер кеші қалай өтеді?

0
35

Белгілісі – Оқу-ағарту министрлігінің мектеп бітірушілерге асып-тасқан той сияқты шараларға тыйым салғаны. Мектеп бітіру кешін даңғырлаған салтанат емес, қарапайым түрде мектеп қабырғасында үлкен өмірге қадам басудың мәні мен мағынасын түсіндіру арқылы алтын ұя мектебімен, мұғалімдерімен қоштасу кешіне айналдыру арқылы жасөспірімнің санасына психологиялық жақсы әсер қалдыру.

Әдеттегідей байқауымызша, даңғырлаған музыкасы мен той жүргізетін асабасы бар мұндай кештер балаларды даңғазалыққа бейім етеді. Оған қоса ол кешке барып қатысудың өзі үлкен шығынды қажет ететіні белгілі. Біздің қазіргі түсінігіміз мектеп бітіру кешін жақсылап өткізу. Ал «жақсылап» дегеніміз – ол біздің түсінігімізде мейрамхана, кафе, демалыс орындары… Киімің бар, дастархан мәзірі бар, аниматорларың, мобилогофтарың бар, виньеткаң бар, ұстаздарға қымбат сыйлығың бар дегендей… Таңды қарсы алу дегені тағы бар. Ол үшін қажет қымбат лимузиндер тағы бар… Мұндай шығынды көтере алатын отбасы бар, көтере алмайтын отбасы бар. Ол ескеріліп жатқан жоқ. Қысқасы, мектеп бітіру кеші кей жерлерде әлеуметтік жарысқа айналып жатады.
Енді жоғарыда айтылғандардың бәріне министрлік шектеу қойып отыр. Біріміз ол шектеу дұрыс емес десек, екіншілеріміз дұрыс деп қабылдадық. Министрлік биыл мектеп бітіру іс-шаралары бірыңғай форматта өткізіледі: кеш сценарийінде мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, азаматтық жауапкершілікті жастарға ұғындыру, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық тәртіп қағидаттарын білу сияқты тәрбиелік мағынаға арналады, – деп отыр. Тағы бір айта кетерлігі министрліктің ұсынысы бойынша мектеп бітіру кешінде оқушылар міндетті түрде мектеп формасын киюі тиіс. Ал ережені бұзған жағдайда мектеп директорларына тәртіптік шара қолданылуы мүмкін.

Әркімнің өз ойы бар…

Қоғамда қазір бұл мәселе қызу талқылануда. Мысалы, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов үкімет отбасылық және жеке шешімдерге шамадан тыс араласпауы керек, мектеп бітірушілер қалай шешсе де таңдау өздерінде болу керек, оларға тыйым салынса, олар бас қосудың басқа вариантын іздейді, – дейді.
Осы мақаланың авторы ретінде бұған мен келіспеймін. Мейрамханаларда өтетін мектеп бітіру кештері түбі оқушыларды әлеуметтік топқа бөліп тынады, яғни, «бар» мен «жоққа». Ондай бөлінудің арты жастарды түрлі күтпеген оқиғаларға ұрындырады.
Оған мен өзім көріп, естіп жүрген ата-аналардың ақша жинауға келгендегі қиналыстары куә. 100 мың емес,одан 3 есе көп теңгелер аталып жатады… Бұл құбылыс соңғы жылдары терең өзекті мәселеге айналды. Сондықтан оқу-ағарту министрінің енгізген тыйымдары орынды деп санаймын.
Тіпті биыл мектеп бітіруші жас түлектердің біразы осы мектеп бітіру кешін жарысқа айналдырмау үшін министрдің ұсынысын дұрыс деп санап, рестораннан бас тартқан. Өйткені, олардың айтуынша, «шығын біз күткендегіден жоғары болып кеткен».
Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бітіру кештерін мектептен тыс жерлерде өткізуге тыйым салынуы себепті елдегі әкімдіктер мен Ішкі істер органдарының көмегіне жүгініп, мейрамханалар мен банкеттік залдарды, табиғат аясында немесе демалыс үйлерінде мектеп бітіру кештерін өткізуді бақылауға алу туралы шешім қабылдаған болатын.
Осы орайда Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы Есдәулетовке ата-аналар мен мектеп бітірушілер арасында қандай бақылау шаралары жүргізілмек, қандай тәрбиелік маңызы бар шаралар жасалуда деген сұрақтарымыз бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң мен тәртіпті нығайтудың жаңа кезеңіне сәйкес келіп отырған мектеп бітірушілердің кешін қадағалау мақсатында Жетісу облысынде не істелініп жатқанын білгіміз келеді.

Баян ТАҢАТАРОВА