Ел басқарып, қол бастаған Сыпатай би, батыр (1415–1505)

0
73

Қазақ халқының тарихы – ерлік пен елдікке толы ұлы шежіре. Сол шежіреде ел қорғаған батырлар мен халық бірлігін нығайтқан даналардың есімі мәңгілікке сақталған. Солардың бірі – Ұлы жүздің іргелі әрі беделді тайпаларының бірі Жалайыр руы. Бұл ру қазақ елінің саяси, мәдени және рухани өмірінде айрықша орын алады. Жалайырдан шыққан талай би, батыр, қолбасшы мен көсемдер елдің тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында ерлік пен парасаттың үлгісін көрсеткен. Солардың ішінде Жалайыр руының Шуманақ атасынан тараған Сұпықожаның ұлы — Сыпатай би, батыр да бар. Ол өз дәуірінде ел бірлігін сақтау мен жерін қорғауда ерекше ерлік көрсеткен тұлғалардың бірі болған. Сыпатай батыр әділдігімен, тапқырлығымен және ел мүддесін бәрінен жоғары қойған қайраткерлігімен халық жадында сақталған.

Жалайыр тайпасы

Жалайыр тайпасы — Үйсін бірлестігінің тарихи мұрагерлерінің бірі, әрі Ұлы жүздің «Ноқта ағасы» саналатын беделді ру. Жалайыр тайпасының шығу тегі туралы деректер түркі дәуірінен бастау алып,  қазақ халқының этникалық, мәдени және саяси тарихында маңызды орын алып келеді.

Ортағасырлық қытай, парсы және моңғол жазбаларында «Жалайыр» этнонимі IX–X ғасырлардан бастап кездеседі. Ал XII–XIII ғасырларда, яғни Шыңғыс хан дәуірінде, Жалайырлар ірі әрі беделді тайпа ретінде тарих сахнасына шықты. Олар Моңғол империясының әскери-саяси құрылымында ерекше рөл атқарған. Сол кезеңде Жалайырлар арасынан ел басқарған ұлы тұлғалар, әскербасы қолбасшылар шыққаны белгілі. XIII–XIV ғасырларда Алтын Орда мен Шағатай ұлыстары ыдыраған соң, Жалайырлардың бір бөлігі Жетісу, Шу, Сыр бойына қоныстанып, жергілікті Түркі тайпаларымен араласа отырып, қазақ этногенезінің құрамына енді. Осы этникалық бірігу процесінде жалайырлар Ұлы жүздің негізгі және ықпалды тайпаларының біріне айналды.

Жетісу өлкесі — қазақ халқының этникалық және мәдени тарихында ерекше орын алатын аймақ және Ұлы жүз құрамындағы рулардың мекені болған. Солардың ішінде Жалайыр тайпасы — Жетісу тарихында ірі саяси, әлеуметтік және рухани рөл атқарған этникалық бірлестік.

Жалайырлар тек шаруашылық және мәдени өмірде ғана емес, сонымен қатар саяси, рухани және тарихи процестердің белсенді қатысушылары болды. Олар ел басқару ісіне араласып, елдің қорғаныс қабілетін арттыруда және рухани-мәдени дамуына үлес қосты. Солардың ішінде Жалайыр тайпасы өзінің кең қоныс аймағымен, саяси ықпалымен және тарихи тұлғаларымен ерекшеленеді.

Қазақ халқының этникалық қалыптасуы кезеңінде Жалайырлар Ұлы жүздің негізгі және ірі бөлігіне айналды. Олар негізінен Жетісу, Шу, Талас өңірлерін мекендеген.

Жалайыр руы дәстүрлі түрде он екі аталық жүйеге бөлінеді, сондықтан халық арасында «Он екі ата Жалайыр» деген атаумен белгілі. Шежіре деректерінде Жалайыр аталығы Үйсін елінің үлкені, “Ноқта ағасы” ретінде аталады. Бұл — олардың Ұлы жүз ішіндегі тарихи беделін және ақылмандық рөлін айқындайды. Жалайыр ішінде «Ноқта ағасы» мәртебесі Орақты батыр ұрпақтарына, Орақты батыр ұрпақтарынан кейін «Ноқта ағасы» мәртебесі Сыпатай ұрпақтарына берілген.

Жалайыр халқы еңбекқорлығымен, батырлығымен, өнер мен білімге құштарлығымен ерекшеленеді. Олар ел қорғау, ел басқару және мәдениетті дамыту ісінде ерекше белсенділік танытқан. Солардың ішінде аты аңызға айналған тұлғалардың бірі — Шуманақ баласы Сұпықожадан тараған Сыпатай би, батыр. Сыпатай батыр мен оның ұрпақтары қазіргі кезде Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлерінде де мекендейді.

Ел басқарып, қол бастаған Сыпатай би, батыр (1415–1505)

Сыпатай би — Шуманақ атасынан тараған Сұпықожаның ұрпағы. Шежірелік деректер оның 1415 жылы дүниеге келіп, 1505 жылы қайтыс болғанын көрсетеді. Ол Ұлы жүздің Жалайыр тайпасынан шыққан, халық арасында әділ би, шешен және жаужүрек батыр ретінде танылған тұлға. Сыпатай өмір сүрген дәуір — қазақ халқының мемлекет болып қалыптасу кезеңі, ел тағдыры сынға түскен алмағайып уақыт еді.

Бұл кезде Шыңғыс ханның 10-ұрпағы Дәулет-Шейхтің баласы Әбілхайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақ жерін, қазіргі қазақ даласында билік жүргізіп, тарихта «Көшпелі өзбек мемлекеті» деп аталатын мемлекетті құрды. Оның хандығының құрамына Қият, Маңғыт, Шынбай, Найман, Қарлұқ, Үйсін және т.б. тайпалар енген. Сол дәуірдің саяси өмірінде ел билеген хандармен қатар, олардың қасында кеңесші, ақылшы, мәмілегер және би қызметін атқарған дана тұлғалар да ерекше рөл ойнады. Осындай көрнекті қайраткерлердің бірі – Орақты батыр Алшағырұлы және оның досы әрі сенімді серігі, кеңесшісі Сыпатай би, батыр болды.

Сыпатай би мен Орақты батыр ел бірлігін сақтау, жауға қарсы тұру және елді әділ басқару ісінде қатар көрінді. Ел аузындағы аңыздарда Орақтының ақылшысы, ел мен хан арасындағы дәнекер, әділ шешім айтқан би ретінде Сыпатайдың есімі ерекше құрметпен аталады. Екі тұлғаның достығы мен бірлігі – ел бірлігінің символына айналды. Олар халықтың амандығы, жердің тұтастығы үшін бір тудың астына жиналып, ел тағдырын шешкен талай кеңесте бірге болған.

Сыпатай би ел ішіндегі дау-жанжалдарды әділ шешіп, рулар арасында татулық орнатқан. Оның әділдігі мен турашылдығы ел арасында аңыз болып тараған. Ол «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұстаныммен өмір сүріп, билік айтқанда әділдікті ең басты қасиет санаған. Халық оны осы әділдігі мен шешендігі үшін “Сұпы би” деп атаған.

Сыпатай би тек би ғана емес, батыр да болған. Ол жаугершілік заманда елін қорғап, қол бастаған ерлердің бірі саналады. Тарихи деректерде 1472 жылы ойраттардың Жетісу жеріне жасаған шапқыншылығы кезінде Сыпатай батыр бастаған 200 мергеннің ерлігі туралы мәліметтер айтылады. Бұл шайқаста Сыпатайдың қолбасшылық қабілеті мен батырлығы анық көрінген. Ол сарбаздарын айламен ұйымдастырып, жауға қарсы тұрып, елін қорғап қалған.

Сыпатайдың өмірлік серігі әрі үзеңгілес досы Орақты батыр Алшағырұлы екеуі Көшпелі өзбектер ханы Әбілхайыр хан ордасында ел мүддесін қорғау ісінде қызмет атқарған. Олар ел арасындағы бірлікті сақтап, руаралық келіспеушіліктердің алдын алып отырған. Кейін Көшпелі өзбектер ханы Әбілхайыр ханға наразы болған  Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған халықтың бір бөлігі Моғолстан жеріне қоныс аударып, Шу мен Қозыбасы (Талас) өзендерінің бойына орнығып, Қазақ хандығын құрғанда, Орақты батыр мен Сыпатай би де солардың соңынан ерген. Бұл олардың ел тәуелсіздігін, еркіндігін жоғары қойғанын көрсетеді.

Сыпатайдан Сәуік, Марқа және Шәлімбет атты үш ұл тараған. Олардан өсіп-өнген әулет бүгінгі таңда Көксу, Қаратал, Кербұлақ өңірлерінде, сондайақ Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қоныстанған. Халық арасында олар “Сыпатай елі” деп аталады. Бұл ұрпақтар өз бабасының ерлігі мен әділдігін ұран етіп, ел мен жердің бірлігін сақтау жолында еңбек етіп келеді.

Сыпатай би — сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, қол бастаған батыр. Ол өз заманының ең беделді тұлғаларының бірі ретінде қазақ қоғамында әділдік пен бірліктің нышанына айналды. Елдің ішкі татулығын сақтап, сыртқы жаудан қорғап, халыққа қызмет еткен Сыпатай би мен Орақты батыр есімдері — қазақ елінің тарихындағы елдік пен ерліктің мәңгілік бейнесі.

Қазіргі таңда Сыпатай бабамыздың құлпытасы   мен    жерленген           орны анықталып,           Қарағанды облысы,      Шет ауданы, Босаға ауылдық округінен 33 шақырым жердегі Қарашілік қыстауының маңында орналасқаны белгілі.

2022 жылдың 9–11 қыркүйек аралығында сол жерде Сыпатай бабаның кесенесі қоршалып, ескерткіш белгі қойылып, құрбандық шалынып, халыққа ас берілді.

«Ер есімі — ел есінде». Бұл — ұрпақтың ата-баба рухына тағзым етіп, тарихи сабақтастықты қалпына келтіруінің көрінісі ретінде жасалған кішігірім ісшаралардың бірі болып табылады. «Бабалар рухына тағзым–ұрпақ парызы» дей отырып, ұрпақтары Сыпатай бабаның рухын ұлықтап, шежірелерін толықтыру жұмыстарын жүргізе отырып, кейінгі ұрпаққа үлкен мұра, үлгіөнеге қалдыру ісін жалғастыруда.