Құланбай батыр туралы

Қазақ халқының тарихы – батырлар мен ел қорғаған ерлердің ерлігіне толы шежіре. Солардың бірі – ұлы жүздің ең ірі руларының бірі Жалайыр тайпасы. Бұл ру қазақ елінің тарихында ерекше орын алады. Жалайырдан талай дана, би, батыр, қолбасшы, ел бастаған көсем шыққан. Солардың ішінде елге белгілі тұлғалар – Сыпатай батыр мен оның туысы Құланбай батыр.
Жалайыр тайпасы
Жалайыр руы ежелден Ұлы жүз құрамына кіреді. Шежіре бойынша Жалайырдың түбі ежелгі түркі-моңғол дәуірінен басталады. «Жалайыр» атауы тарихта XIII ғасырда Шыңғыс хан дәуірінен белгілі. Сол кезде жалайырлар ұлы тайпа болып, олардың ішінде ел басқарған тұлғалар да болған. Кейіннен қазақ халқы қалыптасқанда жалайырлар Ұлы жүздің ірі бөлігі ретінде қалыптасып, Жетісу, Шу және Талас өңірлерін мекендеген. Жалайыр руы он екі тайпаға бөлініп, «12 ата Жалайыр» деп аталады .
Жалайыр аталығы Үйсін елінің үлкені, яғни «Ноқта ағасы» деп есептеледі. Ал Жалайыр ішінде «Ноқта ағасы» — Орақты батыр ұрпақтары. Орақты батыр ұрпақтарынан кейін «Ноқта ағасы» Сыпатай ұрпақтарына берілген.
Жалайыр елі еңбекқор, батыр, өнерге және білімге жақын ел болған. Олар ел қорғау ісінде ерекше белсенділік танытқан. Солардың ішінде аты аңызға айналған тұлғалардың бірі – Сыпатай батыр. Сыпатай елі Көксу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында қоныстанған. Ал біраз бөліктері оңтүстік облыстарда тұрады.
Ел басқарып, қол бастаған Сыпатай би, батыр
Сыпатай әрі би, әрі батыр болған тарихи тұлға. Сыпатай атамыз ұлы Жалайыр руының Шуманақ баласы Сұпықожадан туған ұрпақ. XV ғ. өмір сүрген және оның ұрпақтары өсіп-өніп, Жалайыр тайпасында жеке бір руды құрайды. Одан Сәуік, Марқа, Шәлімбет атты аталар тарайды.
Батырдың елге сіңірген еңбегі
Сыпатай батыр тек жаужүрек ер ғана емес, ел қамын ойлаған ақылгөй, би, мәмілегер адам болған. Ол ел ішіндегі дауларды шешіп, бейбітшілік пен бірлікті сақтауға ұмтылған. Жетісу мен Талас өңірінде елді қоныстандыру, мал шаруашылығын дамыту, мешіт-медреселер салдыру істерінде де оның ықпалы зор болған.
Құланбай батыр туралы
Құланбай батыр ХVІІ-XVІІІ ғасыр аралығында өмір сүрген. Жетісуды жоңғарлардан азат етуге атсалысқан тарихи тұлға.
Құланбай Оразбақұлы – Сыпатай руының Сәуік тармағынан тараған. Сәуіктен Өтебай, одан Дәулетбай, Дәулетбайдан Құланбай туады. Құланбай — Сәуік атамыздың шөбересі. Құланбай батыр ұзын бойлы, қапсағай денелі, Сыпатай бабасына тартқан екі иығына екі кісі мінгендей кісі екен. Құланбай да Жалайырдың ержүрек
ұлдарының бірі болған. Халық аузындағы әңгімелер мен шежірелерде Құланбай батырдың елін жаудан қорғаған, әділдігімен, шешендігімен танылғаны айтылады. Біздің облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Құланбай батырдың жауынгерлік дулығасы
сақталады. Құланбайдың әкесі Оразбақ — өз заманының ең үздік зергерлерінің бірі болған. Бұл дулыға – оның өз қолының туындысы. Дулыға алтын және күміспен безендірілді. Құланбай батыр қайтыс болғаннан кейін оның дулығасы және басқа да жауынгерлік заттары зеңбіректермен бірге жерге көмілді, нәтижесінде дулыға бояулары сырланды, ал жауынгерлік балтасының сақинасы және найзасы қалпына келтіруге жатпады.
Құланбай батырдың ерлігі
Құланбай батырдың аты көбіне Қоқан хандығына қарсы соғыстарда және ел ішін қорғау кезінде шыққан. Ол – көптеген жорықтарға қатысып, ел шекарасын қорғаған батырлардың бірі. Жоңғар шапқыншылығына қарсы шыққан хан батырлардың арасында «Қара сүйек» батырларын басқарған Жетісу жерінен шыққан, Жалайыр тайпасының, Сыпатай руынан шыққан батырымыз Құланбай батыр еді. Құланбайдың батырлығы мен ержүректігі ел ішінде жыр, аңыз ретінде сақталған. Ол жау шапқанда алдымен атқа қонып, елдің ертеңін ойлаған тұлға ретінде суреттеледі.
Жаугершілік заманда Балпық би Құланбай батырдың жанына бір топ нөкерлерін қосып барлауға жібереді. Жолда кетіп бара жатқанда Құланбай батырдың құлағына тықылдаған дыбыс естіледі. Батыр қасындағыларға «Тоқтай тұрыңдар» деп өзі дыбыс шыққан жаққа аттың басын бұрып, кішігірім құм төбешіктен асып түссе, бір ойпаттағы саздау жерде жатқан шағын төс пен балғаны көреді. «Балғаның өздігінен төсті ұрып, маған естілгені бір Алланың маған ескертуі шығар», — деп астындағы құла атын алып ұрып жығып, құрбандыққа шалып жібереді. Батыр неге кешікті деп шауып келген жігіттері аң-таң болады. Сол кезде Құланбай батыр нөкерлеріне «Кештің батқанын күтейік, бір нәрсені жүрегім сезіп тұр»,-дейді. Қас қарая нөкерлерін келген бағыттан бұрып, айналма жолмен барлауға жібереді. Екі жақты алыстан бағдарлаған олар өздері жүрген тік жолды торуылдап жатқан жаудың қалың қолын көреді. Балпық биге келіп болған жағдайды айтысымен Құланбай батырға жауды жеңуге лайықты қол беріледі. Олар жоңғарларға қараңғыда тұтқиылдан екі бүйірден шабуыл жасап, қырғынға ұшыратып, қашып үлгермеген біразын тұтқынға алған.
Бұл төс балғамен бірге Құланбай батырдың тікелей ұрпақтарының бірі Қанабек ауылындағы Шегебаевтардың әулетінде сақтаулы. Құланбай батырлығымен қатар ұста, зергер болған. Кейіннен үйінің жанынан ұстахана ашып, тұрғындарына керек–жарақ заттарын жасап, жөндеп беріп отырған. Өз қолымен жасаған дулығасы тағы бір ұрпағы Есентай Нүсіпұлының үйінде сақталған.
Сол кезде дуалы сөздерімен, елге батырлық іс–әрекеттерімен, ақыл кеңестерімен Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс батыр, Кәшке батыр, Қарымбай әулие, Мықтыбек батыр, Тарақ би, Арқабай әулие, Майлыбай би, Құлжабай батыр, Айту би, Құланбай батыр тағы да басқа батырлар көптің назарында болған еді. Осы бабаларымыз ел басына күн туған кезде, «Ел шетіне жау келсе, алдына үлкен дау келсе, батырсынған жігіттің күшін сонда көрерсің» дегендей, XVIII ғасырда шоқ жұлдыздай жарқырап, «Бұл дүние бір сынақ , бәрімізді тұр сынап» деп шыға келді.
Алатаудан аса бере Жоңғар хандығының әскерлерімен соғысып, оларды Қараталды асырып, Қапал жаққа ығыстырған Іле, Қарамерген, Ақтам, Бояулы деген қамалдардың орны әлі де бар дейді. Ол жерде Қарамерген бекінісінен жауды қуып шығып, Балпық би мен Ескелді би бекініс еткен. Бұл маңызды бекіністі қалмақтар қайта-қайта шабуылдап ала алмаған. Сол уақытта осы қамалды қорғағандардың арасында Құланбай, Құлжабай, Кәшке батырлар болған екен. Бұл соғыста ерекше көзге түскендерге батыр деген атақ берілген. Осы қиын сәтте Тәттібай мергеннің мыңдығы, Малайсары батырдың тың қолы, Қабанбайдың қалың нөкері көмекке келіп, жауды қараталдан асырып қуып тастаған. Осы соғыстан кейін Құланбай, Кәшке, Құлжабайдың аттарына батыр деген атақ қосылып, бірге аталатын болған. Шамасы үшеуінің жастары шамалас болуы керек. 18 би, әулие, батырдың ішінде үшеуі қатар айтылады. Жауын ойсырата жеңген бабаларымыз қалың жұртты Іле, Қаратал, Қапалға дейін жерге орналастыра бастаған.
Құланбай батырдың ерліктері кезінде көп айтылатын көрінеді. Оның елдің қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін атқарған істері ұмытыла бастаған. Құланбай есімі көпшілік жадында.









