1 ТЕҢГЕ АЙНАЛЫМДА ҚАЛАДЫ, БІРАҚ ЖАҢАСЫ ЖАСАЛМАЙДЫ

Газетіміздің 15 мамырдағы № 19 санында «1 теңге айналымда бар ма?» деген сауал төңірегінде мақала жариялаған едік. Осы мәселеге нақты жауап алу мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкінің Жетісу облыстық филиалына ресми сауал жолдаған едік.
Филиал мамандары өз жауаптарында Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменовтің бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемесіне сүйене отырып, редакцияға төмендегідей жауап жолдады:
Ұлттық банк басшысының айтуынша, 1 теңгелік монета енді соғылмайды. Ал айналымдағы монеталар қолданыста қала береді. Бұл шешім 2 теңгелік монетаға да қатысты.
Сонымен бірге Ұлттық банк төрағасы: «Қазір айналымда жүрген монеталар қолданыла береді. Ел қолындағы, сондай-ақ айналымдағы 1 және 2 теңгелік монеталарды ешкімнің қайтарып алмайтынын атап өтті. Оларды айналымнан алып тастау жоспарда жоқ. Тек жаңа монеталарды шығаруға қаржы жұмсамаймыз», – деп қайталап тұжырымдады.
Қысқасы, әзірге 1 және 2 теңгелік монеталар қолданыста екен. Бірақ енді шығарылмайды. Сондықтан уақыт өте келе мұндай ұсақ номиналды монеталардың саны табиғи түрде азая түседі. Өзінен-өзі айналымда пайдаланбайды.
Олай болса, қолданыстағы 1-2 теңгелік монеталар әлі де маркетингтік әдісте бағалар мен тарифтерді белгілеуде пайдаға асып, сатушылар мен кәсіпкерлерге пайда әкеледі. Ал тұтынушы сол баяғыдай 1-2 теңгесін жегізіп, яғни, тастап жүре береміз. Тауардың бағасы 299 теңге болса 300 теңге беріп, 1 теңгеңді сұрап тұрмайсың ғой! Өйткені оларда «сдачи нет»!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ










