ҰЛТ РУХАНИЯТЫН ҰЛЫҚТАҒАН АНАЛАРҒА 1 ЖЫЛ

0
34

Қазақ халқы үшін отбасы – тәрбие мен тағылымның алтын бесігі. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда ананың орны қашанда ерекше. Осы ұлы міндетті ұлықтап жүрген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгінде ел көлемінде игі бастамалардың ұйытқысына айналып отыр.

Ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеуді мақсат еткен ұйымның Жетісу облыстық филиалы өзінің бір жылдық мерейтойын сән-салтанатымен атап өтті. Талдықорған қаласында өткен тағылымды шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген ақ жаулықты аналар, кимешекті әжелер, ардагерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.
Мерекелік жиын басталмай тұрып-ақ көрермендер ұлттық нақыштағы қолөнер көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сан алуан ою-өрнекпен көмкерілген бұйымдар, зергерлік жұмыстар мен тұрмыстық жәдігерлер халқымыздың бай мәдени мұрасынан сыр шертіп тұрды.
Әр ауданнан келген шеберлердің көрмелері де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ұлттық қолөнердің озық үлгілері қойылған көрмелер халқымыздың өнерге деген құрметін тағы бір мәрте айқындады.
Салтанатты басқосуда Ақсу, Сарқан, Панфилов, Қаратал, Көксу аудандары және Талдықорған мен Текелі қалаларынан келген өнерпаздар өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынды. Әр өңір ұлттық өнерді дәріптеген сахналық қойылымдарымен, ән-жырларымен және тәрбиелік мәні терең көріністерімен ерекшеленді.
Шараға арнайы қатысқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас кеңесшісі Зәмзәгүл Мұқанова ұйымның ел арасында атқарған жұмыстарына тоқталып, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы бастамалардың маңызын атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып, ұйым мүшелеріне ақжарма тілегін жеткізді.
Мерейтойлық кештің негізгі өзегі – ұрпақ тәрбиесі, отбасы татулығы және ұлттық дәстүрдің өміршеңдігі болды. Қатысушылар қазақы ортадағы сыйластық пен ынтымақты дәріптейтін әсерлі қойылымдарды бағдарлама соңында ұсынып, көрермен көңілінен шықты. Онда ерлер қанатының да көп үлесі тиді.

Кештің шырайын кіргізген әсерлі сәттердің бірі – жасы сексенге таяған кейуананың испан биін мың бұрала билеуі болды. Залда отырған жұртшылық өнерлі әжені ұзақ қол соғып қошеметтеді. Бұл өмірдің әр кезеңі белсенділік пен ізденіске толы болуы тиіс екенін көрсеткен тағылымды көрініс еді.
Жиын соңында Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков сөз сөйлеп, ұйымның қоғамдық өмірдегі орнына жоғары баға берді. Ол егде жастағы азаматтардың үйде қол қусырып отырмай, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүргеніне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта екі ұйымның өзара ынтымақтастығы нығая түсетінін жеткізді.
Ұлттық болмысты сақтап, ұрпақ санасына рухани құндылықтарды дарытуды мұрат еткен бұл басқосу көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бірлігі жарасқан аналардың өнегелі ісі мен тағылымды еңбегі елдің рухани дамуына қосылған қомақты үлес екені анық.