ЖҮРЕК САУЛЫҒЫ – ӘР АДАМНЫҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА

Дәрігерлер күні мерекесі қарсаңында облыс көлемінде адам жанын арашалауға үлес қосып жүрген ақ халатты абзал жандар туралы қалам тербемеске болмас. Сондықтан Жетісу облыстық кардиология орталығының кардиология және қабылдау бөлімдерінің меңгерушісі, облыс бойынша LVAD үйлестірушісі Турышева Гүлфайруз Болатбекқызымен сұхбаттастық.
Бала кезінен адам жанына араша түсіп, халық денсаулығына қызмет етуді армандаған Гүлфайруз Болатбекқызы өз мақсатына табандылықпен ұмтылып, медицина саласын таңдаған жан.
Ол 2013 жылы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін үздік аяқтап, бүгінде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Кейіпкерімізбен кәсіби еңбек жолы мен жүрек саулығы төңірегінде сұхбатты өрбіткен едік.
– Гүлфайруз Болатбекқызы, кардиология саласында қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз? Неліктен бұл мамандықты таңдадыңыз?
– Жалпы медицина саласындағы еңбек өтіліме 14 жылдан астам уақыт болды. Ал оның ішінде тікелей кардиология бағытында 8 жыл талмай қызмет етіп келемін. Қазіргі таңда осы орталықта кардиология және қабылдау бөлімінің меңгерушісі ретінде жұмыс атқарамын. Осы жылдар ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары бар мыңдаған науқасқа көмек көрсетіп, кәсіби тәжірибемді ұдайы жетілдіруге мүмкіндік алдым.
Бұл мамандықты таңдауыма адамдардың денсаулығын сақтауға және олардың өмір сапасын жақсартуға деген ішкі үлкен ұмтылысым себеп болды. Жүрек – адам ағзасының ең негізгі өзегі. Жүрек ауруларының алдын алу, оны дер кезінде анықтау және тиімді емдеу арқылы науқастардың өмірін сақтап қалу мен үшін үлкен жауапкершілік, әрі биік абырой. Бұл сала үнемі жаңарып, дамып отырады. Сондықтан білімімді күн сайын жетілдіріп, заманауи медицинаның озық мүмкіндіктерін тәжірибеде қолдану мені әрдайым алға жетелейді, жаңа белестерге ынталандырады.
– Қазіргі кезде жиі кездесетін жүрек ауруларының біздің өңірдегі көрсеткіші қандай?
– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары аурулары бүкіл әлемдегідей, біздің облыс тұрғындары арасында да ең жиі кездесетін, әрі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Біздің орталыққа жүгінетін науқастардың басым бөлігі артериялық гипертония (қан қысымының жоғарылауы), жүректің ишемиялық ауруы және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққандар. Бұл көрсеткіш жүрек ауруларының қоғамда әлі де үлкен назар аударарлық дәрежеде екендігін аңғартады.
Жүрек ауруларының алғашқы белгілерін әрбір адам тани білуі тиіс. Көбіне ол арқаның төс тұсының қысып немесе ашып ауруымен, сол жақ қолға, иыққа немесе жаққа қарай таралатын ауырсынуымен білінеді. Сондай-ақ, аз ғана күш түскенде демікпенің пайда болуы, жүректің бейберекет жылдам соғуы, бас айналу, аяқтың ісінуі және себепсіз тез шаршағыштық та – жүректің көмек сұрап жатқан алғашқы дабылдары.
Жүрек ауруларын ерте анықтау олардың инфаркт сияқты ауыр асқынуларының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз тұрғындарды профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге, қан қысымын тұрақты бақылауға, дұрыс тамақтануға, дене белсенділігін арттыруға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырамыз.
– Облыста осы мамандық бойынша тапшылық бар ма? Әлде бәсекелестік бар ма?
– Бүгінгі таңда облысымызда кардиология мамандығы бойынша айтарлықтай кадр тапшылығы жоқ деп толық сеніммен айта аламын. Жалпы алғанда, өңірімізде кардиолог мамандар жеткілікті және олар халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Дегенмен, кейбір медициналық ұйымдарда жекелеген бос орындардың кездесіп жататыны жасырын емес. Бірақ бұл жаппай тапшылық емес, көбіне белгілі бір елді мекеннің географиялық ерекшелігіне немесе мамандардың қызмет бабымен ауысуына байланысты туындайтын уақытша жағдайлар.
Сондықтан қазіргі таңда біздің салада кадр тапшылығынан гөрі, білікті мамандар арасындағы кәсіби бәсекелестік көбірек байқалады. Кардиология – заман ағымына сай үнемі ізденісті, білім мен тәжірибені тоқтаусыз жетілдіруді талап ететін өте күрделі сала. Осыған байланысты заманауи жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістерін жетік меңгерген, кәсіби деңгейі биік мамандарға сұраныс әрдайым жоғары. Бәсеке бар жерде – сапа мен даму бар.
– Жүрек саулығын сақтау үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Жүрек саулығын сақтау – әр адамның өз қолында. Ол үшін ең алдымен күнделікті өмірде қарапайым ғана салауатты өмір салтын әдетке айналдыру қажет. Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану (тұзды, майлы тағамдарды азайту), күнделікті дене белсенділігі, артық салмақтың алдын алу және ең бастысы – шылым шегу мен ішімдік сияқты зиянды әдеттерден біржола бас тарту жүрек ауруларының даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Бұған қоса, өз ағзаңыздың негізгі көрсеткіштерін бақылауда ұстау маңызды. Қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін тұрақты тексеріп отыру қажет. Әсіресе, 40 жастан асқан азаматтарға жылына бір рет болсын профилактикалық скринингтерден уақытылы өтіп тұруды міндетті түрде ұсынамын. Сондай-ақ, заманауи өмірдің басты жауы – күйзелісті (стрессті) азайтып, ұйқының қанғанына мән берген жөн. Күйзеліс қан тамырларын тарылтып, жүрекке орасан зор салмақ түсіреді.
Жүрек ауруларының алдын алудың ең тиімді жолы – ауру асқынып кеткенде емдеу емес, оның қауіп факторларын алдын ала бақылау. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жоғары жауапкершілікпен қарап, дәрігердің ұсыныстарын бұлжытпай орындап отырса, жүрегі де ұзақ әрі сергек соғары сөзсіз.
– Кардиология ауруханасында бір күніңіз қалай өтеді? Жұмыс ырғағы қандай? Жалпы орталықтың бүгінгі қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Біздің орталықтағы әрбір күн – үлкен жауапкершілік пен уақытпен жарыс десем артық айтқандық емес. Менің жұмыс күнім таңертең өткен тәуліктің кезекшілігін қабылдап алудан басталады. Сағат тура 08:30-да ауруханаішілік үлкен жиын өтеді. Онда қабылдау және кардиология бөлімдеріне жаңадан түскен науқастардың жағдайы, отадан кейінгі кезеңнен өтіп жатқандардың ахуалы, сондай-ақ жансақтау (реанимация) бөліміндегі ең ауыр пациенттердің жағдайы жіті талқыланады.
Осы жиыннан кейін бірден бөлім дәрігерлерімен бірге палаталарды аралауға (обход) кірісеміз. Әрбір науқастың жағдайын бағалап, емдеу тактикасын нақтылаймыз, қажет болса, консилиум жасап, шұғыл шешімдер қабылдаймыз. Реанимацияда жатқан, беті бері қараған науқастарды кардиология бөліміне ауыстыру мәселесін шешеміз. Тек науқастармен ғана емес, олардың тағатсыздана жақсы хабар күтіп отырған туыстарымен сөйлесіп, жағдайды сабырмен түсіндіру де – біздің күнделікті міндетіміздің маңызды бір бөлігі.
Біздің жұмыс тек жоспарлы кестемен ғана жүрмейді. Шұғыл жағдайда жеткізілетін ауыр науқастар, кенеттен нашарлаған пациенттер түскенде, бүкіл бөлім дереу әрекетке көшеді. Мұндай сәттерде уақытпен мүлдем санаспайсың, өйткені әрбір секунд – бір адамның өмірі. Сонымен қатар өзге ауруханалар мен медициналық ұйымдарға консультацияға бару, күрделі жағдайларды әріптестермен бірге талқылау сияқты жұмыстар да толастамайды. Әр күн – жаңа жауапкершілік, жаңа сынақ. Бірақ біз үшін ең үлкен қуаныш – науқастың жағдайы жақсарып, үйіне сауығып қайтқан сәті.
Орталықтың жетістіктеріне келер болсақ, жақында ғана, дәлірек айтқанда 2026 жылдың 15 маусымында Жетісу облыстық кардиология орталығында өте маңызды, тарихи оқиға орын алды. Біздің орталықта науқасқа LVAD (жүректің сол жақ қарыншасының қосалқы қан айналымын қамтамасыз ететін құрылғы) имплантациясы сәтті жасалды. Бұл біздің орталық үшін ғана емес, жалпы бүкіл өңір медицинасы үшін орасан зор жетістік.
LVAD имплантациясы – жүрек жеткіліксіздігінің ең соңғы, терминалдық сатысындағы науқастардың өмірін ұзартуға және оның сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық емдеу әдісі. Мұндай күрделі операцияның біздің өңірде орындалуы – өңіріміздегі кардиохирургиялық және кардиологиялық қызметтің қаншалықты жоғары деңгейге көтерілгенін, дамығанын анық көрсетеді.
Қазіргі таңда Жетісу облыстық кардиология орталығы жүрекке жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша 7-категорияға кіреді. Бұл өз кезегінде бізге ең күрделі кардиохирургиялық оталарды өз орталығымызда сәтті орындауға және заманауи емдеу әдістерін кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жетістіктердің барлығы – біздің ұйымшыл ұжымның бірлескен қажырлы еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігінің айқын нәтижесі.
– Болашақ дәрігерлерге қандай кеңес берер едіңіз? Қазақстандағы кардиология саласының болашағын қалай бағалайсыз?
– Болашақ әріптестеріме, медицина жолын таңдаған жас мамандарға ең бірінші айтарым – бұл мамандықты шынайы жүрекпен, үлкен махаббатпен таңдау қажет. Дәрігер болу – жай ғана диплом алып, жұмысқа тұру емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, адам өміріне тікелей шипа болуды көздейтін қасиетті миссия.
Үнемі білім алып, тоқтаусыз ізденісте болу – дәрігерге қойылатын ең басты талап. Заманауи медицина бір орнында тұрмайды, күн сайын қарыштап дамып келеді. Сондықтан әлемдік деңгейдегі жаңа технологиялар мен озық емдеу әдістерін дер кезінде меңгеріп отыру өте маңызды. Ал алған теориялық білімді күнделікті тәжірибемен шебер ұштастыра білу керек.
Дәрігердің бойындағы ең асыл қасиет – науқасқа деген шынайы жанашырлық пен әрбір пациентке жеке тұлға ретінде құрметпен қарау. Дертке шалдыққан жанға кейде дәрі-дәрмектен бұрын дәрігердің жылы сөзі, мейірімді көзқарасы мен қолдауы үлкен шипа болады. Сонымен қатар, бұл мамандық адамнан шексіз шыдамдылық пен темірдей сабырлылықты талап етеді. Себебі бұл жолда қиын сәттер де, ұйқысыз түндер де, үлкен психологиялық жүк те аз болмайды. Бірақ соның бәрін жеңіп, науқастың сауығып, ризашылықпен алғыс айтқан сәтін көру – дәрігер еңбегінің ең биік, ең үлкен марапаты.
Ал еліміздегі кардиология саласының болашағына өте үлкен сеніммен және оптимизммен қараймын. Бүгінде Қазақстан кардиологиясы әлемдік деңгейдегі күрделі оталарды өз елімізде жасауға қауқарлы, жоғары технологиялық деңгейге жетті. Оған біздің орталықта жасалып жатқан бірегей оталар дәлел. Алдағы уақытта бұл сала бұдан да биік белестерді бағындырады деп толық сенемін.
– Сұхбатымызды қорытындылай келе, халыққа жүрек саулығын сақтау бойынша ең басты үш кеңесіңізді айтып өтсеңіз?
– Жүрек – адам ағзасының ең басты моторы, ал оның саулығы – тікелей біздің күнделікті әдеттерімізге байланысты. Медицинада жүрек ауруларының басым бөлігі алдын алуға болатын қауіп факторларымен тығыз байланысты екені дәлелденген. Сондықтан мен оқырман қауымға мынадай ең басты үш алтын қағиданы жүректеріне тоқып жүруді ұсынар едім:
Бірінші кеңес: Дұрыс тамақтану және тұрақты белсенді қозғалыс. Күнделікті ас мәзірінде майлы, қуырылған және аса тұзды тағамдарды барынша шектеп, жас көкөністер мен жеміс-жидектерді көбейту қажет. Бұл артық салмақтың алдын алып, жүрекке түсетін салмақты азайтады. Бұған қоса, күніне кем дегенде 30-40 минут жаяу жүруді, жеңіл жаттығулар жасауды дағдыға айналдырыңыз. Қозғалыс бар жерде – өмір бар, белсенділік жүрек бұлшық етін шыңдай түседі.
Екінші кеңес: Зиянды әдеттерден бас тартып, психоэмоционалдық тұрақтылықты сақтау. Шылым шегу – қан тамырларын улап, инфарктқа апаратын ең қысқа жол. Зиянды әдеттерден толық бас тарту жүрек дертінің қаупін бірнеше есе төмендетеді. Сондай-ақ, заман ағымында күйзелісті (стрессті) басқара білу, жеткілікті ұйықтау және ішкі тыныштықты сақтау өте маңызды. Мазасыздық пен ашу-ыза ең алдымен жүректі жаралайды.
Үшінші кеңес: Өз көрсеткіштеріңізді бақылау және уақытылы тексерілу. Үйде қан қысымын тұрақты өлшеп, қандағы қант пен холестерин деңгейін жүйелі түрде тексертіп отыруды әдетке айналдырыңыз. Жылына бір рет болсын емханаға барып, профилактикалық скринингтен өтіңіз. Ауруды асқындырмай, ерте анықтаудың ең тиімді жолы осы.
Ұмытпаңыздар, жүрек саулығы – әр адамның өз қолында. Аурудың алдын алу әрдайым оны емдеуден әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Жүректеріңіз тек қуаныштан ғана лүпілдесін!
– Мағыналы сұхбатыңыз бен құнды кеңестеріңізге көп рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ










