ЖАҢА КЕШЕН БОЙ КӨТЕРЕДІ
Жетісу – мемлекеттік шекараның маңызды бөлігі өтетін, еліміздің шығыс қақпасы саналатын өңір. Сондықтан мұндағы шекара бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және жеке құрамның қызмет жағдайын жақсартудың маңызы айрықша.
ҚР Шекара қызметінің күні қарсаңында Талдықорған қаласында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің жаңа әкімшілік кешенінің құрылысы басталды. Осыған орай, болашақ ғимараттың іргетасына уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Марат Нарбаев, шекара қызметінің әскери қызметшілері мен ардагерлері қатысты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жаңа кешеннің құрылысы Мемлекет басшысының облыс орталықтарында Шекара қызметі департаменттерінің әкімшілік ғимараттарын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алынғанын атап өтті.
– Жетісу облысы еліміздің шығыс қақпасы ретінде стратегиялық маңызы зор өңір саналады. Бүгін құрылысы басталып отырған Шекара қызметі департаментінің жаңа ғимараты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бой көтереді. Ал бүгін салынып отырған уақыт капсуласы – болашақ ұрпаққа жолданған символдық үндеу. Ол еліміздің мемлекеттік шекарасы әрдайым берік әрі қауіпсіз болсын деген ізгі ниетімізді білдіреді, – деді облыс әкімі.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментінің бастығы Марат Нарбаев өңір басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, жаңа нысан шекарашылардың күнделікті қызметіне қажетті жағдайды едәуір жақсартатынын жеткізді.
– Жетісу шекарашылары күн сайын мемлекеттік шекараның аса жауапты учаскелерінің бірінде қызмет атқарып, кәсібилігін, ұстамдылығын, батылдығы мен әскери борышқа адалдығын көрсетіп келеді. Шекара қызметінің берік дәстүрін қалыптастырған ардагерлерге айрықша алғысымды білдіремін. Жаңа кешен инфрақұрылымды жақсартып, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды. Сонымен бірге ол заманауи басқару орталығы ғана емес, бірлік пен әскери антқа адалдықтың белгісі болмақ, – деді полковник Марат Нарбаев.
ТҰТАС ҚАЛАШЫҚ САЛЫНАДЫ
Жаңа әкімшілік кешен Талдықорған қаласындағы Н.Назарбаев көшесі, 11/1 мекенжайында орналасқан 4 гектар аумақта бой көтереді. Кешеннің жалпы аумағы 17 035 шаршы метр болса, құрылыс салынатын бөлігі 6 123 шаршы метрді құрайды.
Жоба тек әкімшілік ғимаратпен шектелмейді. Мұнда екі блоктан тұратын негізгі ғимаратпен бірге қонақүй мен жатақхана, бақылау-өткізу пункті, қоймалар және басқа да қызметтік нысандар салынады. Сондай-ақ, 20 жеңіл және 10 жүк көлігіне арналған гараж, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және автожуу ғимараты, өрт сөндіру сорғы стансасы, су резервуары мен автожанармай құю стансасы қарастырылған.
Әскери қызметшілердің дене дайындығына қажетті жағдай жасау да жобадан тыс қалмаған. Кешен аумағында арнайы спорт нысаны салынып, жеке құрамның тұрақты жаттығуына мүмкіндік жасалады. Осылайша, жаңа қалашықта департаменттің басқару жұмысынан бастап, әскери қызметшілердің тұрмысы, көлік пен шаруашылық қызметіне дейінгі негізгі қажеттіліктер бір аумақта қамтылады.
Құрылыс жұмыстарына «Жаңатас Құрылыс Сервис» ЖШС жауапты. Техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС, авторлық қадағалауды «Проектировщик» ЖШС жүргізеді.
Мердігер ұйымның өкілі Алмас Мырзамбетовтің айтуынша, қазір құрылыс алаңы қоршалып, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті арнайы техника жеткізілген. Құрылыс барысында жүзге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жоспар бойынша абаттандыру жұмыстарын қоса алғанда, жаңа кешен 2028 жылдың ортасында толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Жоба толық жүзеге асқанда Жетісу облысындағы Шекара қызметі департаменті бір аумаққа шоғырланған заманауи әкімшілік және қызметтік инфрақұрылымға ие болмақ. Бұл басқару жұмысын жүйелеуге, бөлімшелер арасындағы байланысты жеделдетуге және жеке құрамның қызмет атқаруына лайықты жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»



