ЖАСЫ КІШІ ДЕМЕҢІЗ…

0
33

Спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында джиу-джитсумен айналысатын жастармен сұхбаттасқан едік. Өткен нөмірде жас спортшы Данагүл Талғатқызы туралы жаздық. Енді тағы бір жас болса да әлемдік ареналарда бой көрсетіп жүрген спортшымыз жайлы мақаланы оқырманға ұсынамыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз – Досжан Нариманұлы Жұмажанов. Ол 2008 жылдың 18 желтоқсанында Талдықорған қаласында дүниеге келген. Биыл Шоқан Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясын тәмамдап, өмірінің жаңа бір кезеңіне қадам басып отыр. Жасы небәрі он жетіде болса да, тоғыз жылға жуық уақыт бір спорт түрімен тұрақты айналысып келеді. Ел ішіндегі жарыстардан бастап, халықаралық додаларға дейін жетуі оның спортқа деген жауапкершілігі мен табандылығын көрсетеді.
Досжанның джиу-джитсуға келуінің өзі бала күнгі қарапайым қызығушылықтан басталған. Кішкентайынан күрескенді ұнатып, үйде де, далада да құрдастарымен күш сынасуға құмар болып өскен баланы 2018 жылдың қаңтарында ағасы джиу-джитсу үйірмесіне ертіп барады. Содан бері мектептегі сабақ, үйдегі тіршілік, достарымен өткізетін уақыттың арасында спорттың да өз орны қалыптасты. Осылайша, балаға тән қызығушылық бірте-бірте тұрақты жаттығуға, ал тұрақты жаттығу жетістікке айналды.
– Алғашында жаңа әдісті үйреніп, дұрыс орындасам, соған қуанып жүретінмін. Кейін жарыстарға қатыса бастаған сайын мақсатым да өзгерді. Алдымен жергілікті жарыстарға шықтым, кейін республикалық, одан соң Азия мен әлемдік жарыстарға қатыстым.
Спортта жеңістің оңай келмейтінін түсіндім. Жарыста жүлде алғаныңды бәрі көреді, бірақ оған дейін қанша дайындалғаныңды ешкім көре бермейді. Күнде жаттығасың, бір әдісті қайта-қайта жасайсың, қателессең түзетесің. Кейде шаршайсың, бірақ бәрібір жалғастыру керек. Меніңше, жүлденің артында ең алдымен еңбек тұр, — деді ол.
Досжанның спорттық жолындағы ерекше нәтижелі кезеңдердің бірі – 2023 жыл. Сол жылы Қазақстан Кубогында жеңіске жетіп, Азия және Әлем чемпионаттарында бірінші орын иеленді. Кейінгі жылдары да жарыс қарқынын бәсеңдетпей, 2025 және 2026 жылдары Қазақстан чемпионатында топ жарып, Азия, Әлем және Орталық Азия чемпионаттарында бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Спорт менің бойымда тәртіп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті қалыптастырды. Спортпен айналыса бастағаннан бері өзімнің көп өзгергенімді байқадым. Қандай мақсат болса да, оған жету үшін үнемі еңбектену керектігін түсіндім, – дейді Досжан.
Тоғыз жылға жуық жарыс көріп, талай қарсыласпен белдескен спортшы татамиге шығарда мүлдем қобалжымайтын шығар деген ойда болғанмын. Алайда Досжан жауапты жарыстың алдында толқу мен қорқыныштың болатынын жасырмады. Оның айтуынша: «Бұрын жарыс алдында қатты қобалжитынмын. Қазір ондай сезім әлі де болады, бірақ өзімді қалай тыныштандыру керегін білемін. Жарыс алдында ән тыңдаймын, көп адаммен сөйлеспей, өз ойыммен болғанды ұнатамын. Белдесуге шығар алдында дұға оқып аламын. Содан кейін көңілім орнығып, бар назарымды жарысқа бөлуге тырысамын».
Аталған спортты сырттай бақылаған адамға қарсыластардың күші мен шапшаңдығы бірінші кезекте екені байқалуы мүмкін. Алайда татамидің үстінде мәселені тек қара күш шешпейді дегенді түсіндіріп берді кейіпкеріміз:
– Джиу-джитсуда күшті болу ғана жеткіліксіз. Қарсыласыңның қимылын бақылап, не істегелі тұрғанын аңғарып, соған қарай әрекет ету керек. Кейде бір сәтті дұрыс пайдалана алсаң, белдесудің нәтижесі де өзгеріп кетеді. Сондықтан жарыс кезінде асықпай, сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдау маңызды, – дейді Досжан.
Жарыс алаңында бар назарын қарсыласына аударып, әр қимылын есеппен жасайтын Досжан спорттан тыс уақытта өз қатарластары секілді қарапайым тіршіліктің ортасында жүреді. Бос уақытын достарымен өткізіп, үй шаруасына көмектескенді ұнатады, қолына домбыра алып, күй шертуге де ықыласы бар екен. Әңгіме барысында ол өзін еңбекқор, адал әрі мақсатшыл адам ретінде сипаттады.
Отбасы туралы сөз болғанда, оның әңгімесінен жақындарына деген ықыласы бірден сезіледі.
– Отбасымда ата-анам, аға-інім және екі қарындасым бар. Жақындарым менің спортпен айналысқанымды жақсы қабылдайды. Үнемі қолдап, жаттығуға ынталандырып отырады. Қиын сәттерде олардың қолдауы күш береді, ал жарыс алдында жақындарымның сенімі өзіме деген сенімімді арттырады, – дейді ол.
Кейін алдағы мақсаты жайлы сұрасақ: «Өмірдегі үлкен мақсаттарымның бірі – туған-туыстарымның үмітін ақтап, жақсы, мықты әрі бақытты азамат болу. Болашақта өзімді бапкерлік саладан көргім келеді. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибем мен білімімді кейінгі спортшыларға үйретіп, олардың дамуына өз үлесімді қоссам деймін», – деген жауап естідік.
Әңгімеміздің соңында ол қатарластарына: «Барша спорттағы қатарластарымды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Барлығына мықты денсаулық, мол бақыт, отбасыларына амандық және спортта үлкен жетістіктер тілеймін. Әрқашан алға ұмтылып, өз мақсаттарыңызға жетіңіздер! Жеңістеріңіз көп болсын!» — деген тілегін жеткізді
Автордан: Ел намысын татамиде қорғап, жеңістің де, жеңілістің де салмағын ерте сезінген Досжан Жұмажановқа алдағы жарыстарында сәттілік тілейміз. Еңбегі еселеніп, жеңісі көбейе берсін. Бүгінгі табандылығы ертеңгі үлкен жетістіктеріне жол ашып, армандарының орындалуына себеп болғай!

Гүлнұр БАЙМҰХАН

«Алатау»