АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН ДӘРІГЕРДЕН ТАРЫҚПАСА…
Жетісу өңірінің ауылдарында кейінгі жылдары жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, жедел жәрдемнің мүмкіндігі кеңейіп келеді. Алайда, ғимарат салу – медицинадағы мәселенің бір бөлігі ғана екені анық. Облыс халқының 68 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, оларды білікті маманмен қамтамасыз ету, шалғай елді мекенге келген дәрігерді тұрақтандыру, тұрғынға қажет көмекті дер кезінде жеткізу – ауыл медицинасының бүгінгі негізгі міндеті. Сондықтан өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің жағдайын ауыл медицинасының ахуалынан бөліп қарау қиын.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте кеңінен айтылды. Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сымбат Қанатқызы ауылдық жерлердегі кадр мәселесі, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, жедел жәрдем қызметі мен медициналық инфрақұрылымды жаңарту барысына тоқталып, баяндама жасады.
Оның айтуынша, бүгінде облыста 354 медициналық нысан жұмыс істейді. Оның 305-і мемлекеттік болса, 49-ы – жекеменшік. Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жақындатуда инфрақұрылымды жаңартумен бірге кадр мәселесі де алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі таңда облыс бойынша 120 дәрігер маманы жетіспейді. Әсіресе акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелі дәрігер, инфекционист, хирург және өзге де бейінді мамандарға қажеттілік бар екен.
Сымбат Қанатқызы өз сөзінде дәрігер тапшылығын азайту үшін мамандарды даярлауға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта 2026 жылы резидентурада дәрігерлер даярлауға 488 млн теңге бөлінген. Бүгінде 151 маман резидентурада білім алып жатыр.
Басқарма өкілінің сөзінше, маман даярлау мәселенің бір қыры болса, оларды ауылдық жерлерге тарту және тұрақтандырудың да маңызы зор.
– Бұл ретте әлеуметтік қолдау тетіктері қатар қолданылып келеді. Мәселен, Көксу ауданында 15 медицина қызметкеріне жаңа пәтердің кілті табысталған. Сонымен қатар биыл ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан 20 медицина маманына біржолғы көтерме жәрдемақы берілді.
Ауылдық денсаулық сақтауды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және оларды ауылдық жерлерде тұрақтандыру. Қабылданып жатқан шаралар кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді, – деген Сымбат Қанатқызы аталған бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Брифинг барысында шалғай елді мекендердегі жедел медициналық көмектің жайы да сөз болды. Ауыл мен аудан орталығының арасы алшақ өңірлерде жедел жәрдемнің дер кезінде жетуі аса маңызды екені белгілі.
Баяндамашының айтуынша:
– Облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің құрамында 1 дербес станция, 9 қосалқы станция, 12 орналасу орны және 2 базалық пункт жұмыс істейді. Жалпы саны 69 көшпелі жедел медициналық жәрдем бригадасының 47-сі аудандық бөлімшелерге тиесілі. Олар ауылдық елді мекендердегі тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Жедел жәрдемнің көлікпен қамтылуына тоқталсақ, қызмет балансында 98 санитариялық автокөлік бар. Соның 67-сі, яғни 68,4 пайызы ауылдық жерлерде пайдаланылып отыр. Бұл шалғайдағы шақыртуларға уақытылы жетіп, тұрғындарға шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — дейді
Ауыл медицинасының мүмкіндігін кеңейтуде соңғы жылдары салынған жаңа нысандардың орны бөлек. Осы ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының облыстағы нәтижелері де ортаға салынды.
Аталған жоба аясында 2024-2025 жылдары Жетісу облысында 59 медициналық нысан бой көтерген. Оның ішінде 39 фельдшерлік-акушерлік пункт, 15 дәрігерлік амбулатория және 5 медициналық пункт бар. Бүгінде олардың барлығы пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп отыр.
Жаңа нысандардың ашылуы әсіресе шалғай ауылдар үшін маңызды. Өйткені бұрын алғашқы медициналық көмек немесе дәрігер кеңесі үшін көрші елді мекенге, кей жағдайда аудан орталығына баруға тура келсе, енді қажетті қызметтің бір бөлігін тұрғылықты жерде алу мүмкіндігі кеңейіп келеді.
Брифингте Панфилов ауданындағы Жаркент қаласы ауруханасын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Басқарма басшысының орынбасары бұл нысанның өңірдегі маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.
Оның мәліметінше, 2025 жылғы қарашада аурухананы жаңғырту бойынша мердігер ұйыммен 8,8 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 151 адам еңбек етіп, 3 бірлік техника жұмылдырылған. Нысанның бүгінгі дайындық деңгейі шамамен 34 пайызды құрайды.
Келісімшартқа сәйкес, аурухананы пайдалануға беру мерзімі 2027 жылғы ақпанға белгіленген. Дегенмен жауапты мамандар құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауды межелеп отыр. Жоспар бойынша нысанды биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру көзделуде.
Брифингті қорытындылаған Сымбат Қанатқызы атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ білікті кадрларды ауылға тарту, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ
«Алатау»



