БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН 800-ГЕ ЖУЫҚ ПӘТЕР ТЕКСЕРІЛДІ

0
31

Жетісу облысында жазғы маусымның басталуымен балалардың терезеден құлау қаупі тағы да күн тәртібіне шықты. Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті билікпен бірлесіп, қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық шараларды қолға алды.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан облыс аумағында баланың терезеден құлауының 1 жағдайы тіркелген. Ал өткен жылы мұндай 3 оқиға орын алған болатын. Мамандардың айтуынша, бұл қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – балалардың қараусыз қалуы, терезелерде қорғаныс құрылғыларының болмауы немесе баланы қарау міндетінің қарт туыстар мен кәмелетке толмаған өзге балаларға сеніп тапсырылуы.
Республикалық «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында облыстағы 92 көпқабатты тұрғын үйде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға 800-ге жуық ақпараттық брошюра таратылды. Көксу ауданындағы 11 орта мектепте жөндеу жұмыстары кезінде 700 терезе құлпы орнатылды.
ТЖД бастамасымен Текелі қаласында жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің 60 пәтеріне 120 терезе блокираторы бірден орнатылды. Дәл осындай жұмыстар қазір Көксу ауданындағы жаңа тұрғын құрылыс нысандарында жалғасып жатыр.

Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі