«ҰСТАЗДЫҚ ҚЫЛҒАН ЖАЛЫҚПАС, ҮЙРЕТУДЕН БАЛАҒА»

0
34

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – қоғамның үнін жеткізіп, шынайы ақпараттың таралуына үлес қосып жүрген журналистердің еңбегін бағалайтын ерекше мереке. Журналистика саласының дамуына тек ақпарат құралдарында қызмет ететін мамандар ғана емес, болашақ журналистерді тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар беретін ұстаздар да зор үлес қосады.

Осы орайда Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті Гуманитарлық факультетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі Бибигүл Жұмашқызы Каримовамен сұхбаттасып, оның мамандыққа келу жолы мен ұстаздық қызметі туралы әңгімелескен едік.
– Журналистикаға қалай келдіңіз? Жоғары оқу орнына түскен кезде не себепті осы мамандықты таңдадыңыз?
– Бала кезімнен бұл мамандықты армандадым деп айта алмаймын. Бірақ мектеп кезінен кітап оқуға құмар болдым, мамандыққа қызығушылық артқаны соның әсері болуы да мүмкін. Кейін жоғары оқу орнына оқуға түсерде ойланбастан журналист мамандығын таңдадым, себебі мен алдында арнаулы орта білім алып, мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүргенмін. Мектепте оқып жүргенде мүлде басқа мамандықты таңдадым. Мен мектепте математика пәнінен өте жақсы оқыдым, пәндік олимпиадаларға қатысып, математика пәнінің мұғалімі болуды армандаған едім. Бір күні мектепте орыс тілінен сабақ берген ұстазым Нұрғайын апай «ақын жанды болмайынша математик бола алмайсың» демесі бар ма? Үйге келіп шимақтап өлең жазуға кірістім, біреуі біреуіне ұқсамайтын өлең жаза бастадым, өзімді дайындадым десем де болады. Кейін мектеп бітіріп, «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын бітіріп, өзім туып-өскен ауылда мұғалім болып жұмыс істедім. Жоғары білім алуды жоспарладым, ҚазМУ-да оқысам деген арман жетелеп, журналистика мамандығына оқуға түстім.
– Білуімізше, журналист ретінде де қызмет атқардыңыз. Кейін не себепті ұстаздық жолды таңдадыңыз?
– Иә, журналист ретінде белгілі бір уақыт қызмет атқардым. Бұл сала маған үлкен тәжірибе мен кәсіби дағды берді. Алайда уақыт өте келе жинақтаған білімім мен тәжірибемді жас буынға жеткізуге деген қызығушылығым артты. Сондықтан ұстаздық жолды таңдадым. Мұғалім болу – тек білім беру ғана емес, болашақ мамандардың қалыптасуына үлес қосу деп есептеймін.
– Студенттерге дәріс беріп, болашақ журналистерді тәрбиелеу өзіңізге қаншалықты ұнайды?
– Әрине, студенттермен жұмыс істеу өзіме өте ұнайды. Олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне көмектесу, журналистиканың қыр-сырын үйрету, шығармашылық қабілеттерін дамыту – үлкен жауапкершілік әрі зор қуаныш. Әр студенттің жетістігін көру маған үлкен мотивация береді. Журналистика мамандығын таңдаған жастарға ең алдымен көп оқуға, үздіксіз ізденуге және ақпаратты сыни тұрғыдан талдай білуге кеңес берер едім. Журналист үшін сауатты жазу, жауапкершілік, адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – өте маңызды қасиеттер.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Кәсіби мереке құтты болсын!
Бибигүл Жұмашқызының еңбек жолына көз жүгірткенде, оның журналистикаға деген сүйіспеншілігі мен мамандыққа адалдығы анық байқалады. Ол журналист ретінде тәжірибе жинақтап қана қоймай, сол білімін болашақ мамандарға үйретуді өмірлік миссиясына айналдырған. Бүгінде журналистикадан қол үзбей, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында Бибигүл Жұмашқызына шығармашылық табыс, мықты денсаулық және шәкірттерінің биік жетістіктеріне куә бола беруіне тілектестік білдіреміз.