БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАЙ БАҒЫТҚА ҚЫЗЫҒАДЫ?

0
34

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Журналистика» мамандығының 3-курс студенттерінен «Болашақта журналистиканың қай саласында жұмыс істегің келеді?» деген сауалға жауап алдық.

Журналист – қоғамның тамырын басып, халық пен биліктің арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан бұл мамандық иелеріне артылар жауапкершілік те зор. Ал ертеңгі ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүретін болашақ журналистер өздерін қай саладан көреді екен?
«Оқуыңды тәмамдап, диплом алғаннан кейін журналистиканың қай саласында жұмыс істегің келеді? Телевизия, радио, әлде газетте ме? Мүмкін онлайн басылымдарда?» деген сұрағымызға студенттер түрлі жауап айтты.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Журналистика» мамандығының 3-курс студенті Карина:
– Бала кезде бәрінде белгілі бір мамандық иесіне қызығушылық, арман болады. Мен өз басым журналист боламын деп армандаған емеспін. Бірақ қазір бұл мамандықтың орны ерекше екенін түсіндім. Уақыт өте келе таңдаған мамандығым өзіме ұнай бастады. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетінгін тап та бар қалан!» демекші, әр адам өмірде өз орнын табу керек, мен өз орнымды журналистикадан таптым деп ойлаймын. Болашақта радиожурналист болғым келеді. Себебі радио «жоғалып бара жатқан сала» болса да, оны тыңдайтын адамдар әлі де аз емес. Радио болмаса өмірдегі басты дыбыстан айырылғандай боламыз. Ол жерде жаңалықтарды хабарлап, шағын сұхбаттармен қатар хит әуендер ойнатылады. Радио болмаса өміріміз тып-тыныш, сұп-сұр болатын еді. Оның маңызы төтенше жағдайларда да бар, халықты хабардар етіп, сабырлыққа шақырады. Сол үшін маған радио ұнайды.
3-курс студенті Нұржан:
– Мен журналистика маманды-ғындағы радио саласына жақынмын деп ойлаймын. Себебі өз дауысымның бұл салаға келетінін байқадым. Адамдар да дауысымның жақсы екенін айтып жатады. Өзім сөйлегенді, ойымды еркін жеткізгенді ұнатамын. Радиода ең бастысы – тыңдарманға ақпаратты анық әрі түсінікті жеткізу. Менің ойымша, бұл маған жақын. Сонымен қатар радио жүргізушілердің жұмысын қызығушылықпен тыңдаймын. Олар-дың сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы және аудиториямен байланыс орнату тәсілі ұнайды. Болашақта осы бағытта тәжірибе жинап, кәсіби радио жүргізушісі болғым келеді. Сондықтан журналистиканың ішінде маған ең жақын сала – радио саласы, — деген сөзбен жеткізді.
Дильназ да өз жоспарларымен бөлісіп:
– Болашақта журналис-тиканың телевизия саласында қызмет етуді жоспарлап жатырмын. Себебі жаңалықтарды халыққа тікелей жеткізіп, түрлі бағдарламалар жүргізу қызықты деп ойлаймын. Тележурналист болу арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, адамдарға пайдалы ақпарат ұсынғым келеді, — дегенді айтты.
Болашақ журналистердің пікірінен олардың әрқайсысы өз қабілеті мен қызығушылығына қарай журналистиканың түрлі саласын таңдағанын байқауға болады. Бірі радионың құдіретін жоғары бағаласа, енді бірі телевизия арқылы қоғамға қызмет етуді мақсат етеді. Ал газетте жұмыс істеуді қалаймын деген болашақ журналисті көрмегеніміз өкінішті.
Қай саланы таңдаса да, олардың басты мақсаты – халыққа сапалы әрі шынайы ақпарат жеткізу. Журналистер күні қарсаңында БАҚ мамандарына шығармашылық табыс пен кәсіби жетістік тілейміз.