Тараптар өкілдерінің қатысуы

0
37

 

 Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 136-бабына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап, он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

        Егерде талап қоюшы заңда белгіленген мерзімді өткізіп алса, сотқа өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге құқылы. Алайда, борышкерлер бұл заң талабын біле бермейді. Сондықтан, орайы келгенде, құқықтық сауаты таяз азаматтардың өкілдің көмегіне жүгіне алатыны жайлы мағлұмат бере кетсек артық болмас.
Мәселен, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының 18-бабында Атқарушылық iс жүргiзуге тараптар өкiлдерiнiң қатысуы тәртібі айқындалған.
Осыған сәйкес, жеке тұлғалар атқарушылық iс жүргiзуге дербес немесе өкiлдерi арқылы қатыса алады. Атқарушылық iс жүргiзуге жеке тұлғаның өзiнiң қатысуы оны өз өкiлi болуы құқығынан айырмайды. Егер атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер жүктелсе, онда борышкер оларды орындау кезiнде өкiлі арқылы әрекет етуге құқылы емес.
Ұйымдардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуы олардың өздерiне заңдармен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және құрылтай құжаттарымен берiлген өкiлеттiктер шегiнде әрекет ететiн органдары не аталған органдардың өкілдерi арқылы жүзеге асырылады. Ұйым атынан өкiлдiк ететiн адамдардың өздерінің лауазымдық жағдайлары мен өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары болуға міндетті. Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген және ресiмделген сенiмхатпен куәландырылады.
Осы Заңның 19-бабында өкiлдiң өкiлеттiктерi белгіленген. Соған сәйкес атқарушылық іс жүргізудегі өкіл өкілдік берушінің атынан сенімхат бойынша берілген өкілеттіктері шегінде атқарушылық іс жүргізумен байланысты барлық іс-әрекеттерді жасайды.
Өкiлдiк берушiнің беретiн сенiмхатында өкiлдiң мынадай iс-әрекеттер жасауға: 1) атқарушылық құжатты ұсынуға және керi қайтарып алуға; 2) өкiлеттiктерін басқа тұлғаға беруге (қайта сенiм бiлдiруге); 3)сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағым жасауға; 4) берілген мүлiктi (соның iшiнде ақшаны) алуға; 5) бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуға өкiлеттiктерi арнайы ескертiлуге тиiс.
Жадра ИСАБЕКОВА

 

Жетісу облысы атқарушылық

округінің жеке сот орындаушысы