Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

0
23

 5- тамыз күні жолсапармен Ақсу ауданына барып қайттық. Барудағы негізгі мақсатымыз — жаңа оқу жылына білім беру мекемелерінің дайындығын көру әрі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының қалай іске асу барысымен танысу еді. Білім бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Тұрсынмамедұлы бізді жылы қарсы алып, аудан орталығындағы үш орта мектептің екеуіне, яғни есімі елге танымал Қаныш Сәтбаев атындағы және Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Жүрімбек Сыдықұлы Сыдықов (1922–2018) атындағы қос мектептің барлық материалдық базасын көруге мүмкіндік берді.

 

«Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы орта мектеп – гимназиясы»

Бұл мектеп қазақ-орыс тілінде оқытылатын мемлекеттік мекеме болып табылады. Мектеп директоры Ақмолдаев Данияр Тұрғанбекұлы мектеп ғимаратын аралатып көрсете отырып, төмендегідей мағлұматтар берді: Мектеп ғимараты 1967 жылы 1200 орынға арналып тұрғызылған. Мектепке жақын жылдары заманауи тұрғыда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгендігі көрініп тұр. «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде «НҰР-ШАПАҒАТ-ҚҰРЫЛЫС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылдың қаңтар айында күрделі жөндеуді бастап, 2025 жылдың қыркүйек айында қолданысқа беріпті. Оқу орны аумағына кіріп-шығуды бақылау, оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мектептегі қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, заманауи турникеттер, 82 бақылау камералары орнатылыпты.
Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 52 сынып комплектісіне арналған 33 оқу кабинеттері, заманға сай білім берудің озық үлгісі ретінде «жаратылыстану бағытындағы физика, химия, биология, робототехника» кабинеттері беріліп, білім алушы мен ұстазға қолайлы орта, жайлы жағдай жасалыныпты.
Мектеп ауласына бүлдіршіндерге жайлы орта ретінде ойын алаңдары да қолданысқа берілген. 120 орынға арналған мектеп асханасы, 80 орындық актзалы толықтай жаңартылды.
Білім алушыларды еңбекке баулу, қолөнер және шығармашылықпен жұмыс жасауға тың серпін ретінде технология кабинеті жабдықталып, оқушы игілігіне табысталды. Мектеп ішіндегі барлық жиһаздар түгелдей талапқа сай жаңартылған. Оқу кабинеттеріндегі қабырғаға ілінген көрнекіліктер көңіл толтырады.
Спорт залында толық (шешініп-киінетін бөлмелер, жуынатын орындар, дәретхана — ұлдарға, қыздарға бөлек) жағдай жасалыныпты. Одан кейін мектеп директорының тәрбие саласы бойынша орынбасары Абдреева Қаншайым Сейдуллақызы бізді қызықтырған сұрақтарға төмендегідей мәліметтер берді: Мектепте барлығы 121 мұғалім жұмыс жасайды. Олардың ішінде:
Модератор — 28, Сарапшы мұғалім – 38, зерттеуші мұғалім – 36, шебер мұғалім — 1. Жалпы мұғалімдер сапасы – 85%-ды құрайды. Биылғы оқу жылында мектептен білім алатын 1167 оқушы жоспарлануда, оның ішінде 98 бала мектепке дейінгі дайындықта. Төменгі буын, 1-4 сыныптарда – 414 оқушы, орта буында, 5-9 сыныптарда 508 оқушы, жоғарғы буында, 10-11 сыныптарда – 147 оқушы. Барлығы 52 сынып комплектісін құрады.
Қаншайым Сейдуалиқызы, биылғы жылы қанша оқушы мектеп бітірді және олардың қаншауы мемлекеттік грантпен оқуға түседі деп ойлайсыз?
Биылғы жылы 11 сыныпты 55 оқушы бітірді, олардың ішінде жоғарғы тест нәтижесін көрсете алған 22 оқушы мемлекеттік грант иегері болады деп үміттенеміз.
Үміттеріңіз ақталсын! «Мектепке жол» қайрымдылық акциясына қанша бала қамтылады?
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясына биылғы жылы 150 бала қамтылады, олардың ішінде көп балалы отбасы балалары — 97, толық емес отбасы балалары – 38, сенімхатпен есепте тұратын оқушы – 3, аз қамтылған — 12 оқушы. Бүгінгі күні мемлекеттік бюджет тарапынан арнайы бөлінген қаржыға 78 балаға көмек жасалынды. Енді демеушілер тарапынан да көмек болады. Жылда көмек беріп жүрген демеушілеріміз бар.
Биылғы 2026-2027 оқу жылын жоғары нәтижемен аяқтауларыңызға тілектеспіз. Іске сәт!

 

Жүрімбек Сыдықов  атындағы мектеп

Біз Ақсу ауданы орталығында Жылқыбаев Нұржан Кәкімұлы басқарып отырған Жүрімбек Сыдықов атындағы аралас мектепке бет бұрдық.
Бізге белгілі болғаны мектеп ғимараты 1976 жылы 844 орынға арналып салынған екен. 2023 жылы мектепке толық күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. Барлық мұғалімдер саны – 82.
Биылғы 2026-2027 оқу жылында мектептен 715 бала білім алады деп жоспарлануда.
Мектептегі мұғалімдер ішінде сурет, сызу пәнінің мұғалімі Жұмағали Тасқын Сержанұлы нағыз қылқалам шебері екендігі жасаған жұмыстарынан көрініп тұр. Мектеп ішіндегі кең дәліз қабырғасына бейнеленген І.Жансүгіровтің, Бауыржан Момышұлының портреті және де басқа туындылары еріксіз көңіл аударады. Спорт зал, акт залы, асхана, оқу кабинеттері, бәрі талапқа сай жасалып қойылыпты. Жаңа оқу жылын алаңсыз бастай беруге болатыны көрініп тұр. Тек, мектеп ауласында орналасқан стадиондағы жұмыстарды толық аяқтау қажеттілігі бар.
Нұржан Кәкімұлы өткен оқу жылының қорытындысы бойынша қанша оқушы 11 сыныпты бітірді?
— 2026 жылы 11 сыныпты 51 оқушы бітірді. Олардың қаншасы мемлекеттік грантқа ие болатыны әзірше бізге белгісіз.
«Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қанша бала қамтылмақ?
— Жалпы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына 95 бала қамтылмақ. Оның ішінде аз қамтылған отбасы балалары – 4, жалғыз басты ана балалары – 11, қалғандары көпбалалы отбасы балалары. Әр балаға шамамен 30-50 мың теңге шамасында көмек беріледі. Демеушілер табылады.
Мектеп формасына қатысты қойылатын қандай талап бар?
— Мектеп формасына қойылатын талаптар 2016 жылдан бастап енгізілді.
Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді, яғни оқушылар мектепке бұрын сатып алған немесе биылғы оқу жылында дайындаған формамен келе алады. Ал, мектеп формасы жоқтар таза, ұқыпты классикалық киім үлгісімен мектепке бара алады.
Ата-аналар мектеп формасының өндірушісін таңдауда және оны бөлшек сауда желісі арқылы тиімді бағамен өз еркімен сатып ала алады

Түйін: Ақсу ауданының мектептерінің жаңа оқу жылына дайындық барысын байқамақ болған сапарымызда әзірше аудан орталығының екі мектебінің тындырымды дайындықтарына куә болып қайттық. Сапарымыздың жалғасын газетіміздің келесі санынан оқисыздар.

Сембек Абдрахманов

«Алатау»