Жаңа оқу жылында жаңа бастама

0
38

Жазғы демалысты оқушылар негізінен күш жинауға, жаңа әсерлер алуға және тұлғалық дамуға арнайды, ал ұстаздардың жазғы демалысы ұзақ болғанымен (56 жұмыс күні), нақты демалатын күндері аз. Олар демалыс күндерінде біліктілігін арттырып, жоспарлау жұмыстарымен айналысып, түрлі құжат толтырып, тіпті болмағанда шығармашылықпен айналысады, денсаулығын қалпына келтіру үшін шипажайларға барады… Жаз да өтіп барады. Алдағы оқу жылына Талдықорған білім басқармасының қандай дайындықтары бар екенін білу мақсатында мекемеге ат басын бұрдық. Қала бойынша білім бөлімінің басшысы Шарипбаева Шынар Жүсіпқызы бізді жылы шыраймен қарсы алды.

Сұрағымызды төтесінен қойдық:
— Жаңа оқу жылына дайындықта-рыңыз қалай? Қала мектептері толығымен жаңа оқу жылына дайын ба? Қандай жаңалық, өзгеріс бар?
— Талдықорған қаласында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде, — деп бастады әңгімесін Шынар Жүсіпқызы.
— Қала мектептерінде оқу кабинеттерін, спорт залдарын, асханалар мен басқа да қажетті нысандарды оқу процесіне дайындау бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы тексеріліп, қажетті құрал-жабдықтарды ретке келтіру және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тұрақты бақылау қамтамасыз етілген. Мектептерге кіреберіс жолдардың жай-күйі, жол белгілерін орнату мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының іргелес аумақтарын абаттандыру және тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық белгіленген мерзімде аяқталатын болады.
Биылғы оқу жылында басты назар — білім беру сапасын арттыруға және оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға аударылады. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, заманауи оқу құралдарымен қамтамасыз ету және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау жұмыстары жалғасады. Біздің мақсатымыз – әр бала мектепке келген кезде өзін қауіпсіз әрі қорғалған ортада сезінуі.
— Бала тұрмақ, үлкендердің арасында өз құқықтарын білмей жататындар бар. Ал құқықтық сауат туралы соңғы кезде әңгіме көп. Сол бойынша биылғы жұмыс жоспарларыңыз қалай?
— Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру – білім беру саласындағы негізгі басымдықтардың бірі.
Биылғы оқу жылындағы негізгі міндеттердің бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу, баланың құқықтарын қорғау және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру. Осы бағытта мектептерде «Қауіпсіздік сабағы» тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік инфрақұрылымы күшейтілді. Қала мектептері бейнебақылау камераларымен және турникеттермен жабдықталған, ғимаратқа кіріп-шығу жүйесі бақылауға алынған.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған жағдайда көмекке жүгіну мүмкіндігін арттыру мақсатында оқу кабинеттеріне, дәліздерге, спорт залдарына, асханаларға, баспалдақ алаңдарына және санитарлық тораптарға бірыңғай сенім телефоны – «111» қызметінің QR-кодтары орналастырылды. Аталған қызмет туралы ата-аналар мен оқушылар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
— «Мектепке жол» акциясы биыл қалай ұйымдастырылып жатыр?
— Талдықорған қаласының білім бөлімі мемлекет басшысының мектеп жасындағы балаларды толық біліммен қамту, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде қолдау көрсету, сондай-ақ балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бармауының алдын алу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Акция аясында Талдықорған қаласы бойынша «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясын өткізу жөніндегі қалалық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, кәсіпкерлік субъектілеріне және үкіметтік емес ұйымдарға акцияға қатысу жөнінде ұсыныс хаттар жолданып, демеушілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.
Барлық білім беру ұйымдарында «Мектепке жол» акциясына арналған ақпараттық стендтер мен плакаттар орналастырылып, акцияның мақсаты мен барысы туралы ақпараттар әлеуметтік желілерде тұрақты жариялануда. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-насихат жұмыстары ұйымдастырылып, акцияның өткізілу барысы тұрақты түрде халыққа жеткізілуде.
Талдықорған қаласында ағымдағы жылдың 1 тамыз – 31 қыркүйек аралығында орталық көше деп аталатын Арбатта, яғни, жаяу жүргіншілер көшесінде, «Мектепке жол» акциясы аясында, «Мектеп жәрмеңкесі» өткізілуде. Аталған жәрмеңкеде 18 шатырда 9 кәсіпкер қала тұрғындарына қолжетімді бағамен мектеп формалары, аяқ киімдер, сөмкелер және мектепке қажетті кеңсе тауарларын ұсынып отыр. Сонымен қатар, Талдықорған қаласы бойынша «Жалпыға міндетті білім беру қорынан» мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға бөлінген қаражатты ата-аналардың банк карталарына аудару жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, Талдықорған қаласында жаңа оқу жылын сапалы әрі ұйымдасқан түрде бастау үшін барлық қажетті шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда – деп айта аламын. Білім беру ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету, оқушылардың қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсету бағытындағы жұмыстар оқу жылы барысында да жалғасатын болады.
— 2026-2027 оқу жылынан бастап орта білім беру ұйымдарындағы оқу процесіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған тоқталсаңыз?..
— Менің айтарым, бұл өзгерістерді білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі ретінде қарастыруға болады. Әсіресе, ЖИ-ді орта білім беру жүйесіне енгізу – мұғалімді алмастыру емес, мұғалімнің кәсіби мүмкіндігін кеңейтуге және оқушының жеке білім алуына жағдай жасауға бағытталуы тиіс.
Біріншіден, Конституциялық құндылықтар мен білім берудің мақсаты өзара сабақтас болуы керек. Жаңа Конституция нормаларын іске асыру барысында білім беру ұйымдары оқушының құқықтары мен жауапкершілігін, адам қадір-қасиетін, әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын нығайтуға бағытталуы қажет.
Екіншіден, ЖИ-ді енгізу – уақыт талабы. Жасанды интеллектіні сабақта, бағалауда, оқу материалдарын әзірлеуде, оқушының жеке қажеттіліктерін анықтауда тиімді қолдану педагогтің уақытын үнемдеп, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ ЖИ берген ақпаратты мұғалімнің кәсіби сараптауы – міндетті.
Үшіншіден, мұғалімнің рөлі төмендемейді, керісінше өзгереді. Мұғалім енді тек ақпарат беруші емес, оқушының ойлау қабілетін дамытатын, ақпаратты талдауға үйрететін, ЖИ мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануға бағыттайтын ментор және навигатор болуы тиіс.
Төртіншіден, оқушының дербестігі мен академиялық адалдығына ерекше мән беру қажет. ЖИ-ді дайын жауапты көшіру үшін емес, идея іздеу, ақпаратты талдау, салыстыру, зерттеу және шығармашылық тапсырмаларды орындау құралы ретінде пайдалануға үйрету маңызды.
Бесіншіден, өзгерістерді енгізуде педагогтерді дайындау бірінші орында тұруы керек. Әр мектепте мұғалімдерге практикалық әдістемелік қолдау, ЖИ құралдарын қауіпсіз пайдалану, цифрлық сауаттылық және академиялық адалдық бойынша жүйелі оқыту ұйымдастырылуы қажет.
Негізгі ұстаным: «ЖИ – мұғалімнің орнын басатын құрал емес, мұғалімнің мүмкіндігін арттыратын технология». Сондықтан, 2026–2027 оқу жылындағы өзгерістердің басты нәтижесі технологияны енгізудің өзі емес, оның оқушының білім сапасына, функционалдық сауаттылығына, шығармашылық қабілетіне және мұғалімнің кәсіби дамуына нақты әсер етуі болуы керек. Меніңше, басты мақсат – «ЖИ қолданатын мектеп» емес, «ЖИ-ді саналы, қауіпсіз және нәтижелі қолданатын білім беру ортасын» қалыптастыру.
USTAZ365.kz сайтында мұғалімге қажет барлық материалдар (ҚМЖ, слайд, бұйрықтар, құжаттар, бухгалтерия көмегі, көрнекіліктер т.б.) дайын және тегін. Қосымша айта кетейін: 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарының білім алушыларын оқулықтармен толық қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды.
Тағы да айта кетерім, «Жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры» есебінен қала бойынша әлеуметтік осал санаттағы 5656 оқушыны тегін ыстық тамақпен, мектеп формасымен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 2145 оқушыға материалдық қолдау ретінде қажетті жұмыстар жүргізілуде.

Автордан: Әңгімеңізге рахмет! Жаңа оқу жылында жақсы жаңалықтар көп болсын! Еңбектеріңіз жандана берсін, «ұстаздан озар» шәкірттеріңіз көп болсын! Балаға жасалған азғантай болса да көрсетілген көмек – олар үшін үлкен қуаныш! Мына «Мектепке жол» акциясына байланысты кейбір ата-аналардың наразылықтары болып жатады. Оны біз редакцияға өткен жылдары келген ата-ана шағымдарынан білеміз. Сондықтан, мектептер ата-ана наразылығына нақты түсініктеме бергені абзал. Қанша өтініш түсті,қаншасы мақұлданды, қаншасы мақұлданбады, себебі не? — деген сұрақтарға жауап берілсе қоғамдағы түсініспеушілік азаяды. Тіпті ата-аналар алдында есеп берілсе де артық болмас еді. Ашық қоғамда ашықтық болғаны дұрыс қой.

Құралай МУСАНОВА