ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕУГЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ
Талдықорғанда қоғамдық көлікте жолақы төлеу тәртібін сақтау бойынша бақылау күшейтіледі. Бұл мәселе қала әкімдігінде өткен жиында талқыланды.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов, полиция және білім бөлімдерінің өкілдері, сондай-ақ тасымалдаушы ұйымдардың басшылары қатысты.
Қалада электрондық билеттеу жүйесі бес жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Алайда соңғы жылдары жолақы төлемейтін жолаушылар санының өсуі байқалады. Бұл жолаушылар ағынын есепке алу мен тасымалдаушылардың кірісін бағалауға әсер етуде.
Осыған байланысты 1 қыркүйектен бастап 14 адамнан тұратын бақылау қызметі жұмысын бастайды. 1–14 қыркүйек аралығында жолаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалады.
15 қыркүйектен бастап жолақы төлемеген азаматтарға 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Кәмелетке толмаған оқушылар үшін жауапкершілік ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Бақылау жұмыстары полициямен бірлесіп жүргізіледі.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»
