БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ҰЯСЫ – КІТАПХАНА

0
30

Оқысам кітап қаламын қуаттана,
Ой-санам көкке өрлейді қанаттана…

  Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітапхана – сол рухани қазынаны сақтап қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа жеткізетін, адамды ізденуге, ойлануға, білім алуға жетелейтін қасиетті орын. Сондықтан ел ішінде кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, заманауи кітапханалардың жұмысын жандандырудың маңызы зор. 

 

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде заманауи, жаңа талапқа сай үлгідегі кітапхана ғимараты салынып, қолданысқа берілген екен. Көріп, тамашалап қайттық. Жаңа ғимараттың сыртқы сәулеті де, ішкі жабдықталуы да бүгінгі оқырманның талабына сай ойластырылғаны бірден байқалады. Мұнда кітап оқып, қажетті ақпарат іздеп қана қоймай, білім алуға, компьютерлік технологияларды меңгеруге, түрлі мәдени іс-шараларға қатысуға барлық жағдай жасалған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру, адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы бастама – жақсы-ақ. Сарыөзек кентіндегі жаңа кітапхана осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесінің бірі деуге болады.
Кітапхана ғимараты екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта кіреберіс дәліздің сол жағында киім ілгіш бөлмесі, қызметкерлерге арналған асхана, әдістемелік бөлме, кітапхана директорының орынбасарының кабинеті, кітап қоры, мультимедия залы, өлкетану залы, кітап қорын толықтыру залы, сканерлеу және цифрландыру залы, 56 орынды ересектерге арналған оқу залы орналасқан.
Кітап қоры – 28 300 дана, ал оқырмандар саны 3 200 адамды құрайды. Мультимедия залы 20 компьютермен жабдықталған. Мұнда оқырман заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланып, қажетті мәліметтерді іздеп, білімдерін толықтыра алады.
Өлкетану залында Кербұлақ ауданынан шыққан танымал тұлғалар, өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы кең көлемді ақпарат беретін кітап көрмелерінен басқа да материалдар ұсынылған. Залдың сыйымдылығы – 30 адам. Бұл залдың аудан тарихын зерделеп, туған жердің өткенін білуге ерекше мүмкіндік беретіні сөзсіз.
«Сканерлеу және цифрландыру» кабинетінде мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар мен кітаптардың электрондық нұсқалары дайындалып, цифрландыру және өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған бағыт кітапхана қорын заманауи талаптарға сай сақтап, оқырмандарға электрондық форматта ұсынуға мүмкіндік береді.
Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеделсаты (лифт) қарастырылған екен.
Екінші қабатта да қызмет көрсетуге қолайлы бөлмелер бар. Мұнда кітапхана директорының кабинеті, 56 орындық жасөспірімдерге арналған оқу залы бар. Залдың кітап қоры – 24 817 дана және мұнда 2 446 оқырман оқушы балаларға қызмет көрсетіледі.
Интернет жүйесіне қосылған 24 орынды IT-сынып та бар. Одан бөлек, жеке бөлмелер қарастырылып, әр орын компьютермен және принтермен толық жабдықталған екен.
Осы жаңа ғимаратты толық аралатып, таныстырған кітапхана директоры Өтегенова Гүлмира Аханқызынан тағы да біраз мәлімет білгіміз келді.
– Гүлмира Аханқызы, Кербұлақ аудандық кітапханасы қай жылдан бері халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді? Аудан бойынша қанша кітап қоры бар?
– Кербұлақ аудандық кітапханасының тарихы жарты ғасырды қамтиды. 1973 жылы аудандық кітапхана ретінде құрылған кітапхана бүгінде өңір тұрғындарына ақпараттық, мәдени және рухани азық қоры ретінде оқырмандардың білімге, кітапқа және рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Қазіргі таңда кітапхана құрылымында 1 аудандық балалар кітапханасы және 14 ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Жалпы кітап қоры – 53 099 дана, ал оқырмандар саны 5 564 адамды құрайды.
– Осы жаңадан ашылып, қолданысқа беріліп тұрған кітапхана ғимаратында қанша қызметкер жұмыс жасайды?
– Жаңа аудандық кітапханада 16 кітапханашы, 1 бухгалтер, 1 бағдарлама қоятын маман, 1 заңгер, 1 автожүргізуші, 1 кіші қызметкер жұмыс атқаруда.
– Ішкі ауданы 1600 шаршы метрден асатын мынау ғимаратты таза ұстау үшін кемінде 4 кіші қызметкер жұмыс жасаса болар еді. Бір адамға үлкен салмақ түсіп тұр ғой.
– Иә, дұрыс айтасыз. Біз қосымша жұмысшы штаттарын сұрап жатырмыз. Бірақ биылғы бюджетте қаралмағандықтан, болмай тұр. Келесі жылғы бюджетке жоспарлануда.
– Гүлмира Аханқызы, осындай заманауи кітапхана ашып, ішін кітапқа толтырып, электрондық қондырғылар қойып, толық жабдықтаудағы негізгі мақсат не?
– Кітапханамыздың басты мақсаты – оқырманға сапалы ақпарат ұсыну, кітап пен білімді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең жас ұрпақтың ой-санасы жан-жақты дамыған, салт-дәстүрімізді құрметтейтін, рухани-мәдениетті азамат болып қалыптасуына үлес қосу.
– Гүлмира Аханқызы, жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын! Оқырмандарыңыз көбейе берсін. Халыққа қызмет көрсету жолында күш-жігерлеріңіз сарқылмасын. Әңгімеңізге рақмет!

АВТОРДАН:
Жаңа кітапхананың талай оқырманға рухани азық беріп, білім мен ғылымға бастайтын алтын көпірге айналуына тілектеспіз. Кітапхана есігі әрдайым ашық, кітапқа құштар оқырманы көп болғай!

Сембек Абдрахманов

«Алатау»

Фототілші: Дмитрий Ерофеев